|
Қазіргі ауған билігі АҚШ-тың қолдауы болмаса жарты жылға ұзамай құритынын мойындады
|
Ауғанстан президенті Ашраф Ғани америкалықтардың CBS телеарнасына берген сұхбатында осындай мәлімдеме жасады. Кеше, яғни, жексенбіде. Ауған басшысынан америкалық сарбаздардың кетуіне қалай қарайсыз деген тілші сауалына АҚШ-тың қаржылай әрі әскери қолдауынсыз биліктен айырылатындарын жеткізді. Яғни, ауған бюджеті елдегі әскерді тек жарты жыл ғана ұстауға жететінін жасырмады. Сөз орайы келгенде айта кету керек, Ауғанстанның қорғаныс саласына қаржының 90 пайызын америкалықтар бөліп отыр. Бұған қоса, жыл сайын 4 млрд доллардан аса әскери көмек алады АҚШ-та. Тағы 30 млрд доллар елді қалпына келтіруге жұмсалды. «Бұл елде 21 халықаралық террористік топ әрекет етеді. Жанкештілердің тұтас бір «взводы» бар. Бір найзаның ұшынды отырмыз»,- деді ағынан ақтарылған Ашраф Ғани. Тағы бір дерек келтіре кетуді жөн көріп отырмыз: өткен жылдың тек төрт айында 4 мыңнан аса ауған сарбазы мен полициясы жарақат алған, тағы 2,5 мыңы лаңкестер қолынан опат болған. Пентагонның бас инспекторының міндетін атқарушы Гленн Файн 2001 жылы басталған Ауғанстандағы әскери операцияға АҚШ-тың 679,8 млрд долларға шығынданғанын жеткізді. АҚШ конгресі ел қорғаныс министрлігінің бюджетіне 2018 жылы 64,6 млрд доллар бөлуді мақұлдады. Бұл қаржының қомақты бөлігі, яғни, 45,9 млрд доллары тек Ауғанстандағы әскери операцияларға жұмсалады.