Криптовалюта иелерінің саны бойынша Түркия үшінші орыннан көрінді
|
Түркия Біріккен Араб Әмірліктері мен Сингапурден кейін криптовалюта иелерінің қарасы бойынша үшінші орынға жайғасты. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Triple-A компаниясының есебінде келтірілген дерекке жөн сілтеген turkey.com ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. 2024 жылы Түркияда криптовалютаға иелік ету коэффициенті 19,3%-ды құрады. БАӘ үшін бұл көрсеткіш 25,3%-ға, Сингапурде 24,4%-ға жетті. Аргентина мен Таиланд тиісінше 18,9% және 17,6% деңгейінде төртінші және бесінші орындарды иеленді. Хабарламада айтылғандай, 2024 жылы бүкіл әлемде 562 млн адам криптовалюталарға иелік етті, бұл сан 2023 жылғы көрсеткіштен 420 млн-ға артық. Демек, әлем халқының 6,8%-ы цифрлық валюталарды пайдалануға көшкен. Paribu түрік сауда алаңының жеке есебіне сәйкес Биткоин мен Ethereum Түркиядағы ең танымал криптовалюталар болып қалуда. Елдегі электронды ақшаларды пайдаланушылар санына шаққанда төрттен үші қысқа мерзімді сауда-саттық үшін криптовалюталарды пайдаланған. Он трейдердің жетеуі Bitcoin-ді артық көреді, Ethereum 29% үлесімен екінші орынға табан тіреген. Paribu Cryptocurrency Awareness and Perception Study мәліметі бойынша Түркиядағы әрбір төртінші криптовалютаны пайдаланушы соңғы жарты жыл ішінде өз қызметін бастады. Triple-A дерегіне қарағанда, ккүллі әлемдегі криптовалюта иелерінің 34%-ы 24-35 жас аралығындағылар, яғни, жастар арасында кеңінен сұранысқа ие болғандықтан болашақта электронды ақша нақты төлем құралына айналу ықтималдыолығы жоғары. Криптовалюта пайдаланушылар саны бойынша Азия өңірі көш бастап келеді, бұл ретте олардың саны бір жылда 268,2 млн-нан 326,8 млн-ға дейін өсіп, 21,8%-ға артқан. Солтүстік Америка цифрлы активке меншік құқығының 52,1 млн-нан 72,2 млн-ға дейін өсуімен екінші орын алады. Оңтүстік Америкада криптовалютаға меншік құқығы 25,5 млн-нан 55,2 млн-ға дейін өскен.