|
Жапония мұсылман туристер үшін құлшылық ету аймақтарын көбейтіп жатыр
|
KAZINFORM — Жапония мұсылман туристер санының көбеюіне байланысты әуежай, вокзал және туристік орталықтарда намазханаларға қолжетімділікті арттырып жатыр, деп хабарлайды Kyodo.
Жапония ұлттық туристік ұйымының мәліметінше, өткен жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында ел Индонезиядан шамамен 560 мың, Малайзиядан 540 мың және Таяу Шығыстан шамамен 240 мың саяхатшыны қабылдады. Туристер көбіне елдің асханасы, поп-мәдениеті және маусымдық ландшафттарына қызығушылық танытады.
Алайда, кейбір саяхатшылар үшін намаз оқитын орындардың болмауы қиындық туғызған. Осыған байланысты Жапонияның туристік агенттігі қонақүйлерге, көлік тораптарына және коммерциялық нысандарға, мүмкіндігінше тыныш және таза орындарда намазхана ашуды ұсынды.
Қазірдің өзінде ірі әуежайлар мен қалаларда намаз оқуға арналған бөлмелер бар. Атап айтқанда, осындай бір бөлме Ханэда әуежайының халықаралық терминалында 2014 жылы ашылып, айына орта есеппен 2000 адам келеді. Мұндай орындар Токио мен Осакадағы JR станцияларында, сондай-ақ Киото мен Нараның туристік аймақтарында ашылды.
Дегенмен, кейбір аймақтарда, соның ішінде Сикоку мен Кюсюде мұндай нысандардың саны әлі де аз, өйткені мұнда туристер аз.
Сарапшылар қарапайым шаралар мұсылман туристердің жайлылығын айтарлықтай жақсартып, Жапонияның тартымды туристік бағыт ретінде имиджін қалыптастыруға көмектесетінін атап өтті.
Былтыр қазан айында соңғы екі жылдан кейін жүздеген Газа тұрғыны қираған мешітте жұма намаз оқыды.
Динара Маханова