Харам мешітінің бұрынғы имамы 10 жылға бас бостандығынан айырылды
Харам мешітінің бұрынғы имамы 10 жылға бас бостандығынан айырылды
2 жыл бұрын 1508 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті

Саудияда аса ықпалды тұлғалардың біріне айналған, қасиетті Меккедегі Харам мешітінің бұрынғы имамы 10 жылға сотталды. Бұл жайында islam.kz порталы Middle East Eye ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Саудия астанасының мамандандырылған қылмыстық аппеляциялық соты бұрынғы сот инстанциясының шешімінің күшін жойып, шейх Салық ат-Тәліп ісі бойынша өз үкімін шығарды. Аталған сот үкімі бойынша дін қайраткері он жыл темір тордың арғы жағында өткізетін болды. Харам мешітінің бұрынғы имамының қолына кісен алғаш рет 2018 жылы салынған болатын. Билік оның тұтқындалу себебін ашып айтпады. Дегенмен, құқық қорғаушылар мұның саяси астары барын алға тартып отыр. Дәлірегі, тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның пәрменімен елде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларға наразылық білдіргені үшін жазықты болып қалды деп топшылайды. Нақтырақ әрі тарқатыңқырап айтсақ, шейх ойын-сауық индустриясы жөніндегі бас басқарманы сынға алған. Соңғы жылдары тақ мұрагерінің тікелей пәрменімен елге турист тарту мақсатында сауық-сайран саласы батыс мәдениетіне орайластырыла бастаған болатын. Бұл консервативті ортаның наразылығын тудырған еді.

0 пікір
Мұрағат