Француз қажысы ұмра үшін 7000 шақырымды артқа тастады
Француз қажысы ұмра үшін 7000 шақырымды артқа тастады
10 жыл бұрын 3339

Жуырда ислам дінін қабылдап, тура жолға түскен француз қажысы әйелімен бірге автокөлікпен 7000 шақырымды артқа тастап, қасиетті Мекке шаһарына кіші қажылыққа келді. Ол киелі екі мешіттің қамқоршысы Абдалланың құрметті мейманы болды. Біздің кейіпкеріміз Александр тілін кәлимаға келтірген соң Хамза есімін иеленді. Ол ақиқатты алты жыл іздеген екен. Іздегенін исламнан тапқанын жасырмады. Ақиқатты іздеуіне алғаш рет Африкада естіген азанның себеп болғанын да жайып салды. Азан үні оған шабыт сыйлап, жігерін жаныған. Осыдан бастап, оның өмірі түбегейлі әрі күрт өзгерді. Алғаш азан үнін естігенде тұла бойының шымырлап, өзгеше сезімді бастан кешкенін әрі сілейіп біраз уақыт қаққан қазықтай тұрып қалғанын да тілге тиек етті. Исламды қабылдағаннан кейін ол ұмраға аттануды мақсат етеді, тіпті, жатса-тұрса да соны ойлайды. Қасиетті сапарға ол Нигерияда визаға қалай қол жеткізгенін былай еске алды: «Мен Сауд Арабиясының елшілігінде болдым ұмраға виза аштыру үшін. Олар маған визаның агент арқылы алдын ала берілетінін хабарлады. Десе де, елшілік қызметкерлері маған көмектесетіндерін айтып, уәде берді».  Хамза мен оның әйелі Нигерияда визаны шыдамсыздана күтті. Мұның өзі көп уақыттарын алғандықтан олар Францияға қайтпақ болады. «Біз жолға жиналып, әуежайға дейін такси ұстадық. Жолда кетіп бара жатқанымызда бізге Нигериядағы Сауд Арабиясының елшілігінен телефон шалып, осы жылы қажылықты өтейтіндер арасында корол Абдалланың мейманы ретінде 1000 адамның бірі ретінде бізге де таңдау түскенін хабарлады. Өз құлағыма өзім сенбедім», - деді ағынан ақтарылған ол сөзінің соңында. 

0 пікір
Мұрағат