Экологтар Беловеж орманын сақтап қалу үшін күресуде (видео)
Экологтар Беловеж орманын сақтап қалу үшін күресуде (видео)
8 жыл бұрын 2986 24.kz Е.Қашқынов, Ә.Хасенқызы

Польша билігі Беловеж орманында құрттар кеміріп жатқан ағаштарды кесуге кірісті. Бірақ, бұл шара қоғам наразылығын тудырып, белсенділер Еурокомиссияға арыз жолдады. Шағымда орман ағаштарын шабу Еуразиялық одақ нұсқауына қайшы келетіні айтылған. Польшадағы жағдайға ЮНЕСКО ұйымы да алаңдаушылық білдіруде. Беловеж орманы – біздің заманымызға дейінгі бейнесі бүгінге дейін сақталған Еуропадағы сирек ормандардың бірі. Көп аумағы ұлттық паркке жатады. Онда адамның шаруашылық қызметін іске асыруға болмайды. Беловеж орманы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне кіреді. Соңғы кездері орман ағаштарын қабық құрттардың кеміріп жатқаны анықталды. Польша билігі талдарды кесу туралы шешім шығарған. Анна Малиновска, Польша Ұлттық орман қызметінің маманы: - Қабық құрттардың белсенді әрекеті бірнеше жыл бұрын басталған. Жағдай уақыт озған сайын ушығып барады. Бұл проблеманы шешу үшін шіріген ағаштарды кесу керек. Бұл шешім экологтардың қарсылығына тап болды. Табиғатты қорғаушылар орман 8 мың жыл ішінде 2 дүниежүзілік соғысты бастан кешіріп, қабық құрттардың шабуылына бірнеше рет ұшырағанын айтады. Ғалымдар билік әрекеті орынсыз деп есептейді. Богдан Ярошевич, ғалым: - Қабық құрттар адам қолымен егілген орман үшін қауіпті. Басшылық зиянкес жәндіктерді экономикалық шығынсыз тоқтатуы тиіс. Бірақ, Беловеж орманы шаруашылық жұмысын жүргізетін орын емес. Бірақ, Польша ғылым академиясының қызметкерлері бұл қауіпке сенбейді. Рафал Ковальчук, Польша ғылым академиясының қызметкері: - Орманның жекелеген аумақтарында ағаштар жойылып жатқанның өзінде, 10-20 жылдан кейін оларды басқа ағаштар алмастырады. Ормандағы жағдай тез өзгереді, мысалы, қабық құрттар климат өзгерісіне сай, бейімделіп алуы мүмкін. Польшаның қоршаған ортаны қорғау министрлігі ағаштарды кесу шарасы тоқтатылмайтынын мәлімдеді. Беловеж орманындағы жағдайды ЮНЕСКО-ның сарапшылар тобы зерттеуге кіріскен. Олардың жұмысы 8 маусымда аяқталады.

0 пікір
Мұрағат