«Балалық шағымды қайтарыңдар» деп ән салған сириялық қыз бүкіл әлемді жылатты (ВИДЕО)
«Балалық шағымды қайтарыңдар» деп ән салған сириялық қыз бүкіл әлемді жылатты (ВИДЕО)
9 жыл бұрын 5907

2015 жылдың қазан айында Сириядағы соғыстан қаза тапқандардың саны 250 мың адамға жеткен. Оның 74 426-сы - бейбіт халық. Қаза болған бейбіт тұрғындардың 12 571-і - күнәсіз сәби.

Өкінішке орай, ешбір саяси күш қаншама бейбіт халықтың жасын төгіп, қаншама сәбидің балалық шағын соғыс отына өртеп жатқан қанды оқиғаларды  тоқтата алмай отыр. Есесіне, бар жоғы 9 жастағы Сириядан шыққан  Джина Боу Хамдан есімді қыз бір әнімен ғана бүкіл әлемге «балалық шағымды қайтарыңдар» деп, нәзік болмысымен наразылығын білдірді.

Бір апта бұрын  балаларға арналған әлемдік «Дауыс» шоуының Араб еліндегі нұсқасына қатысқан Джинаның  әнін 7 миллион 200 мың адам көріп, көздеріне жас алған. Бұл тек - арабша «Дауыс» шоуының ресми аккаунты жариялаған видеоның көрсеткіші. Ал, әлеуметтік желі мен жүздеген сайттар арқылы Джинаның жан айқайын тыңдаған адам қаншама...!?

Джина Хамдан «Дауыс» шоуына Ливанда тұратын әнші қыз Реми Бандали орындаған «Балалық шағымызды қайтарыңдар, бейбіт өмірді қайтарыңдар» атты жолдары бар әнді айтып шықты. Алайда, дауысы өте әдемі Джина әннің екінші шумағын айта бастағанда, көз жасына ерік береді... Әннің сөзін ұмытқаннан, болмаса, ән ноталарына дауысы жетпегендіктен емес, өзі қатарлас қаншама сириялық сәбидің тағдыры ойына түсіп, жылады. Осылайша, қазылар алқасы мен залдағы халықты жылатты. Қара түндей тұнық көздерінен аққан жасты екі қолымен кезек-кезек сүрткен кіп-кішкентай қыз бүкіл әлемге «Біздің жазығымыз не?» деп тұрғандай...

Естеріңізге сала кетейік, үкіметке қарсы шаралардан басталған Сириядағы азаматтық соғыс 2011 жылдың наурызынан бері тоқтаған жоқ.

1 пікір
  • Серия десе біз жаман ойға келеміз.Жоқ бұл дұрыс емес.Серия мұсылман елі бұрын да бұл ел қандай байқуатты ел болған десеңші.Қайран сәбилерай жазықсыз қырылған адамдар.Бұл сыртқы арандатушы күштің әсерінен деп ойлаймын.Діннің атын жамылып алып,айрандай ұйыған мемлекетті тастан қылуда.
    9 жыл бұрын
Мұрағат