Әйел үстіне әйел алуды насихаттауға заңмен тыйым салынуы мүмкін
|
Ресей Федерациясының мемлекеттік думасы көп әйел алуды жарнамалауға, дәлірегі, дәріптеуге тыйым салу қарастырылған заң жобасын талқыламақ. Бұл жайында islam.kz порталы Lenta.ru ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Аталмыш заң жобасына қатысты түсініктемеде көп әйел алу салтының отбасы құндылықтарын сақтауға бағытталған елдің жүргізіп отырған саясатына сай келмейтіні айтылған. «Полигамияны (әйел үстіне әйел алу) насихаттауға талпыныс жасау конституциямыз бен елімізге қайшы келеді, екі және одан да көп әйелмен бірге тұру қалыпты жағдай ретінде көрсетуге ұмтылыстың айғағы», - делінген ескертпе мәтінінде. Аталмыш заң жобасын РФ мемдумасының отбасын қорғаумен, әке мен ана және бала мәселелерімен айналысатын комитет жетекшісі Нина Останина әзірледі. Осы орайда Ресей мұсылмандары діни басқармасының ғұламалар кеңесінің сәл бұрынырақта ер-азаматтарға төрт әйел алуға дейін рұқсат беретін пәтуасының күшін жойғанын айта кетпекпіз. Мемлекеттік прокуратураның пәрменімен. Прокуратураның ұйғарымы бойынша мұндай пәтуа заңнамаға және мемлекеттің отбасын құндылықтарын нығайту саясатының негізіне қайша келеді.