Зейнетақы қорының қаржысына қанша шетелдік валюта сатып алынады?
Зейнетақы қорының қаржысына қанша шетелдік валюта сатып алынады?
8 жыл бұрын 2466

2016 жылдың 10 ақпанындағы ҚР үкіметінің отырысында Н.Назарбаев зейнетақы қорының 1 450 млрд теңгесін бірнеше бағытта инвестициялау туралы тапсырма берген еді.  Соның бір бағыты ретінде 500 млрд теңгеге шетелдік валюта сатып алынып, шетелдік нарыққа инвестицияланады. Ол ақша қалай жұмсалады, кім жауап береді? 

Зейнетақы қорының қаржысын қадағалаушы басты құрылым — Ұлттық банк. Оның басқаруы арқылы 500 млрд теңгеге шетелдік валюта сатып алынып, шетелдік нарыққа салынады. Осыған дейін сарапшылар БЖЗҚ қаржысын пайдалануда Ұлттық банктің инвестициялық саясаты ашық болуы қажет деген сұрақты бірнеше рет көтерген еді. Әсіресе, БЖЗҚ-ның еі ірі инвестор ретінде Қазақстанның валюта нарығына қалай қатысатыны қызық болып отыр деп жазады Ұлттық банкке осы тақырыпта сауалхат жіберген «Къ».

Халық банкінің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова БЖЗҚ-ның валюта нарығына шығаратын қаржы көлемі жарияланып отырса жақсы болар еді деген ескертпе жасады.

«Өткен жылдармен салыстырғанда Ұлттық банктің интервенциясына қатысты мәселе ашық және түсінікті болды. Бірақ реттеуіш ең ірі қатысушы болғанына қарамастан БЖЗҚ-ның биржадағы саудаға қалай қатысатынын айтпай отыр. Зейнетақы қорының қанша қаржысына валюта сатып алып, саудаланатыны туралы ақпарат өте пайдалы болар еді», — деп түсіндірді Халық банк басшысы.

 Өзге де қаржыгерлер осыған ұқсас өтініштері мен мәлімдемелерін айтқан еді. Осы мәселеге байланысты Ұлттық банк өз позициясын білдірді.

Келген жауап бойынша, қазақстандықтардың зейнетақы қаржысы есебінен шетелдік валюта сатып алу  биржадан тыс жүзеге асырылады. Яғни қаржының жұмсалғаны туралы есеп биржаның сыртында жүргізіледі. Бүгінге дейін Ұлттық банк БЖЗҚ-дан алынған қаржы 430 млн долларды (146 млрд теңге) алып үлгерген.

«БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері валюта нарығына тікелей қатыспайды. Келісім-шарт бойынша әріптесі Ұлттық банк болады», — деп түсіндірді ҚР ҰБ-ның баспасөз қызметі.

Хабарламада жазылғандай, 2016 жылдағы инвестициялау бағдарламасының аясында зейнетақы қаржысының 500 млрд теңгесі шетелдік валюта сатып алуға жұмсалады. Бұл салымшылардың қаржысын қорғау үшін жасалып отыр дейді банктен.

Реттеуіштің мәліметінше, зейнетақы қорынан алынған қаржы көлемі — 430 млн долар (146 млрд теңге). «Зейнетақы қорының қаржысы алдағы уақытта да шетелдік валюта сатып алуға жұмсалады. Ішкі және сыртқы жағдайдың тұрақты болуы және валюта нарығына әсер ететін негативті ықпалдың болмауы есепке алынады», — делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ-ның барлық активінің 19,5%-ы шетелдік валютаға салынған, бұл 3,5 млрд долларға тең.

Сондай-ақ реттеуіштің атап өтуінше, БЖЗҚ-ның инвестиция ретінде жұмсалған кез-келген қаржысы нарықтық пайыздық мөлшерлеме бойынша қайтарылады. Сіз бен біздің қаржымыз облигацияларға және экономиканың маңызды секторларына импульс беру үшін жұмсалады.

Ұлттық банк мәліметі бойынша, БЖЗҚ активтерінің табысы 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығында 6,4%-ды құраған. Бұл аралықта инфляция көлемі 5,2% еді. Ал 2015 жылы әлі салымшылардың есебінде жатқан зейнетақы қоры 15,65% табыс көрсетті, инфляция көлемі 13,6% болған еді.

Ал өзге қандай бағыттарға жұмсалады? Зейнетақы қорынан квазимемлекеттік сектордың субъектілері үшін бағалы қағаздар сатып алуға 400 млрд теңге беріледі. Тағы 200 млрд теңге шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерге беріледі. 350 млрд теңгеге ҚР-ның құнды қағаздары сатып алынады. 

0 пікір
Мұрағат