Адам саудасымен көш бастаған елдер
Адам саудасымен көш бастаған елдер
6 жыл бұрын 3842 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Қазіргі уақытта адам саудасы (құлдыққа сату, ағзасын заңсыз пайдалану, т.б.) өршіп тұрған елдер қатарында Ресей Федерациясы, Қытай, Солтүстік Корея, Иран, соғыс жүріп жатқан Йемен, Ливия және Сомали бар. Әлі күнге шешімін таппаған, ескіліктің көлеңкесіне айналса да ежелгі жат құбылыстың осы заманғы көрінісі белең алған елдердің дені авторитарлы режимдегі елдер екенін ескерсек, осының өзі көп нәрсені аңғартады... Әлбетте, Саудия секілді монархиялық елдерде мұндай қылмысқа өлім жазасы қарастырылған. Walk Free Foundation құқық қорғау ұйымы келтірген дерекке қарағанда, (қолда бар 2016 жылғы мәлімет бойынша) әлемде 45,8 млн адам құлдықта жүр. Бұл тек белгілісі ғана. Бұл көрсеткіш оның алдындағы жылдағысымен салыстырғанда 10 млн адамға артқан. Құлдық бүгінгі таңда әлемнің 146 елінде кездеседі. Олардың арасында дамығаны бар, дамушысы бар, қысқасы, адам саудасы қару-жарақ және есірткі саудасы секілді негізгі табыс көзіне айналып отырған жайы бар. Десе де дамыған елдерге қарағанда, дамушы елдерде адам саудасы өршіп тұр. Мәселен, бір ғана Үндістанда 18,4 млн адам құл санатында. Адам ұрлау, оның еңбегін пайдаланып, қанау, бас еркінен айырып, малай ету оқиғалары елімізде де кездеседі. Құлдықтың әлемдік индексінде Қазақстан 2016 жылы 167 елдің ішінде 64-ші орында тұрған болатын. Еліміздегі адам саудасы көбінесе олардың еңбегін қанау, пайдалану, былайша айтқанда, құлдықта ұстау сипатында көрініс тапқан. Олардың дені көрші елдерден заңсыз келген мигранттар есебінен көрініс тапқан. Яғни, ақша табу үшін шекараны заңсыз қиып өткен көрші елдердің азаматтарын құлдықта ұстау оқиғалары жиілеген. Жыл сайын жүздеген адам құлдықтан босатылып жатса да бұл жат әлеуметтік құбылысқа нақты тоқсауыл қойылмай тұр. 

 

0 пікір
Мұрағат