Әлеуметтік желі қоғам айнасы ма?
Әлеуметтік желі қоғам айнасы ма?
8 жыл бұрын 8957
Нұрқанат Нұрдәулетұлы

Заманауи адамның өмірін ғаламторсыз елестету қиындап бара жатқан секілді. Қазір ғаламторға үңілмейтін адам кемде-кем. Соның ішінде әлеуметтік желімен әуестенгендердің дәурені жүріп-ақ тұр. Ғаламторды пайдаланатын 7 мен 50 жас аралығындағы адамдар кем дегенде бір әлеуметтік желіге тіркелген. Бәріміз үшін деп айтпасақ та, бәз біреулер үшін әлеуметтік желі жарнама, анонс, үндеуін т.б. тез таратудың тиімді жолы. Ал кейбіреулер үшін қызықты лентаны ақтарып, уақыт өткізудің құралы.

Ғаламтордағы адамдар айналысатын танымал дүние ол – әлеуметтік желілер. Әлеуметтік желілердің адам өміріне әсері өте үлкен. Бүгінгі таңда адамдар ең көп бас сұғатын әлемдегі 100 сайттың 20-сы классикалық әлеуметтік желілерге жатады. Тағы 60-ы түрлі мақсатта құрылғандар. Әлем бойынша компаниялардың 80%-ы әлеуметтік желіні жұмыс барысында қолданады. 78%-ға жуық адам әлеуметтік желідегі ақпаратқа сенеді. Осылайша әлеуметтік желілер заманауи ғаламтордың нағыз орталығына айналды.

Әлеуметтік желіге әркім әртүрлі мақсатта тіркеледі. Біреулер бір керегі болып қалар деп тіркеледі, енді біреулері бір қажеттілік болғандықтан, ал көпшілігі өзі үшін тіркеледі. Ол дегенміз сол ашқан аккаунтын тұрақты жүргізіп, көптеген достар тауып, өмірінің жарқын сәттерін жарқыратып бергісі келеді. Енді біреулер бар, тіркелуін тіркеліп алып, танымал адамдардың, жұлдыздардың өміріне үңіліп, солардың парақшаларын ақтарумен әлек болатын.

Жалпы, әлеуметтік желіге әркім өзінің жарқын сәттерін, өзінде бар дүниені немесе жаңадан алған дүниесін көрсету үшін фотоға немесе видеоға түсіріп, салып жатады. Оны көрген кейбір жандар, өзін түрлі кереғар ойларға жеңдіреді. «Ананың өмірі жарқын, менікі құр далбаса» деген секілді. Есіңізде болсын, әлеуметтік желіге қиналып, сәтсіздікке ұшыраған сәтін немесе көңілі жабырқау кезін ешкім салмайды, тек көңілді сәттерімен бөліседі. Бір секунд жымиып суретке түсе салу, әркімнің қолынан келеді. Дұрыс қой, біреудің бақытын қызғанбаймыз. Тек әлгі айтқан кісілер әлеуметтік желідегі белсенділерді әрдайым бақытты, менің ондай сәттерім аз деген секілді болмашы ойлардың жетегінде кетеді. Сондықтан, әлеуметтік желідегілермен өзіңізді салыстыра қараудың еш жөні жоқ.

Әлеуеті жоғары әрі елімізде қолданушылары көп әлеуметтік желілерді бір тізбектеп кетсек. Дәл қазір елімізде Вконтакте, инстаграмм, фейсбук, одноклассники, мой мир, твиттер т.б. әлеуметтік желілері көш бастап тұр.

Қазақстанда әлеуметтік желіде отыратын 3,5 млн белсенді автор (айына кемінде бір рет жазба салған адам), 55 млн хабарлама (кез келген жария жазба, статус, топтардағы жазбалар, пікірлер) бар екен. Солардың ішінде көш бастап тұрған «Вконтакте» әлеуметтік желісінде 2 056 500 белсенді автор болса, оның 46,92%-ы ерлер, 53,08%-ы әйелдер. «Instagram»-да 1 405 778 болса, ондағы ерлер саны 27,06%, ал әйелдер 72,94%. Одан кейін Facebook (153 316, 39,90% ер, 60,10% әйел), «Одноклассники» (69 300, 26,0% ер, 74,0% әйел), «Мой мир» (47 141, 40,78% ер, 59,22% әйел), Twitter (12 491, 52,15% ер, 48,85% әйел). Бұл Brand Analytics сараптама орталығының жасаған соңғы қорытындысы. 

Көш бастап тұрған Вконтакте желісінде отыратындардың 38,08%-ы 18-ге толмағандар. 36,66%-ы 18 бен 24 жас арасындағы қолданушылар. Яғни, дені жастар. Бір өкініштісі, Вконтакте желісінде ашылатын топтарға, салынатын видео, суреттерге сүзгі жоқ. Бастапқы шартында «үлкендерге арналған видео, суреттер сүзгіден өтеді, жарияланбайды» десе де ондай дүниелер көптеп шығып жатады. 18-ге толмағандарға көруге болмайтын фильмдер шаш етектен. Ондай дүниелерді 18 тұрмақ, 40-қа толған адамға да көруге әсте болмайды. Осы жағынан алғанда бұл әлеуметтік желіні халықаралық сотқа да беруге болады. Бірақ, бұған әлі ешкім бел шеше кіріскен жоқ.

 

Әлеуметтік желі уақыттың жауы

Иә, адамның өмірі санаулы уақыттан тұрары анық. Соның ішінде қиямет күні Жаратқанның алдында бұл дүниедегі өткізген уақыттың сұрағы ауыр. Бұл турасында ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) ибн Масғудтан жеткен хадисінде былай деп айтқан:

لا يَزُولُ قَدْمَ ابْنِ آدَمَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مِنْ عِنْدِ رَبِّهِ حَتَّى يُسْأَلَ عَنْ خَمْسٍ: عَنْ عُمْرِهِ فِيمَا أَفْنَاهُ، وَشَبَابِهِ فِيمَا أَبْلاهُ، وَمَالِهِ مِنْ أَيْنَ كَسَبَهُ وَفِيمَا أَنْفَقَهُ، وَمَاذَا عَمِلَ فِيمَا عَلِمَ؟

«Қиямет күні пенденің екі аяғы бес нәрседен сұралмайынша қозғалмайды. 1. Өмірін қалай өткізгені. 2. Жастық шағын қалай пайдаланғаны. 3-4. Мал-мүлкінің қайдан және не нәрсеге жұмсағандығы. 5. Алған білімін қалай іске асырғандығы» (Ат-Табарани. әл-Муғжаму әл-кабир).

Уақыт – Алла Тағала тарапынан берілген шектеулі дүние. Әлеуметтік желілер біздің сол шектеулі уақытымызды білдірмей ұрлайды. Алдымен секундтар, содан соң минуттар, ары қарай сағаттар. Қаншама уақытымыз зая кетеді. Біреуге хабарлама жазып, оның уақытын күту, жаңалықтар лентасын, фото, видеороликтер қарауға да аз уақыт кетпейді. Негізгі мақсатынан ауытқытатын мұндай факторлар өте көп. Ал, бұл секундтар адамға Қиямет күнінде өкінішке ұрындыруы мүмкін. Сол үшін қажет деп тапқанда ғана әлеуметтік желінің пайдаланыңыз. Онсыз да сырғып өтіп жатқан есіл уақыттарды, әлеуметтік желіге сарып қылудың қажеті жоқ.

Ғаламтор – ойын-сауық пен күнәнің тоғысқан жері. Ол жай ғана жақындап кетудің өзі жеткілікті болатын кіші күнәлармен астасып жатыр. Мысалға делік, тыйым салынған дүнелерді көру (көз зинасы), сөз зинасы, ғайбат, бос сөз сөйлеу, өтірік айту, уақыт өткізу, танымайтын адамдармен сөйлесу, т.б.

Сонымен қатар, әлеуметтік желімен, жалпы ғаламтормен жұмыс жасағанда пайдалы дүниелерді де іске асыруға болады. айталық, туыстық, достық қарым-қатынасты жақсарту, оны ұстап тұру, білім алу әрі оны басқаларға үйрету деген секілді. Сондықтан, пайдасыз дүниелері мен жаман жақтары болғанмен, жақсы жақтарын барын да ұмытпауымыз керек. Неміс жазушысы Лион айтқандай: «Дарынды адам барлық жағынан дарынды» дегендей, тақуа адам барлық жағынан тақуа болуы керек. Яғни, әлеуметтік желілер мен виртуалды әлемде болса да.

 

Біреудің айыбын ашпайық!

Біздің заманымызда өмір қайнап жатыр. Несімен? Дау-жанжалымен, өсектерімен, айыптауларымен. Бұл құбылыстар тек өмірде ғана кездесіп қоймайды, сонымен қатар ғаламтор желілерінде де ұшырасады. 

Әлеуметтік желінің ұнамсыз тұстарының бірі – біреудің айыбын ашуға шебер. Анау үйтіпті, мынау бүйтіпті деген ақпаратты біреу салса, қалғандары оны таратып жібереді. Елден естімегеніңізді әлеуметтік желіден естисіз. Кейде дұрыс айтқан адамның сөзін бас-аяғын қырқып, бұрыс айтты деп бұрмалап жібере салады. Біреудің жасаған күнәсін оп-оңай әшкере қылады. Мейлі ғой, кемшіліксіз адам болмайды. Сонда не, соның барлығын жарияға жар салып тарата беруіміз керек пе?! Кейде бәзбіреулер жасаған кейбір күнәларын мәртебе көріп, суретке түсіп, жариялап жататыны да жасырын емес.

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан: «Дүниеде бір пенде басқа бір пенденің айыбын жасырса, Алла қиямет күні оның айыбын жасырады» (Муслим).

Жасаған күнәсін жария еткендерден басқа үмметімнің барлығының күнәсі кешіріледі. Ондай адамдар түнде күнә жасаса да, Алла Тағала оны кешіріп, ал таңертең өзі: «Мен мынадай күнә жасадым» дейді. Сөйтіп, түнде Раббысының жамылғысын жамылған құл, таңертең жамылғысын шешіп тастайды (Бұхари, Муслим).

Қынжылтатын тағы бір нәрсе, қыз қырқынның ғаламторды жағалауы. Өзіміздің қаракөз қыздарымыздың барын көрсетіп, боянып, еріндерін бүртитіп түскен суреттерінен көз сүрінеді. Әлеуметтік желі парақшалырының тең жартысы қыз-келіншектердің фотосы. Тұрмыс құрған кейбір әйелдердің өзі күнделікті өмірінде не болып жатқанынан хабар беріп, фоторепортаждар жасап тұрады. Жартылай жалаңаш суретін жариялап жатқандар да бар. Оны ақылы барлар даулап жатса, ақымақ жұрт қолдап жатыр. Оған қысылып жатқан әлгі суреттің егесі жоқ. Әйтпесе, алып тастар еді, тіпті жарияламаған болар еді. Көрмегеніңді көрсететін әлеуметтік желінің бір жағы осылай.

Жалпы, қыз дегеннен шығады. Ажарын айнадан басқа ешкім көрмейтін сұлулардың барын жоққа шығара алмаймыз, ал айнаға қарап тұрып өзін суретке түсіретін қылықсыз қарындастардың бар екендігін амалсыз растаймыз. Жалпы, салыстыра келе байқадық, көршілес Ресеймен өзімізді салыстыратын болсақ, көрші елдің қыздарының әлеуметтік желіге жариялаған суреттері тым ашық-шашық, тіпті кейбіріне қараудың өзі тым ұят деп айтуға болады. Енді ол жақтың мәдениеті өзгешелеу ғой деп жұбаттық өзімізді. Біз жақтың жағдайы ондай болмаса да, соған дейін барып қаламыз ба деген қауіп те жоқ емес. Себебі, онда «әй, дейтін әже, қой, дейтін қожа» жоқ. Біз бұл салыстырмалы қорытындыны жастар көп тіркелген Вконтакте әлеуметтік желісінде жасадық.

Әлеуметтік желілер арам пиғылда да қолданылуы ғажап емес. Қолданылып та жүр. Экстремизм мен терроризмді насихаттау, жалған ақпарат тарату, діни кемсітушілік т.б. секілді әрекеттердің орын алып жатқаны шындық. Дегенмен де, бәрі адамның өзіне тікелей байланысты. Ғаламтордың қуысын қаузаса, онда бір бәлеге ұрынары анық.

Ғаламтор мұсылман баласы үшін игі мақсаттарға қолданылуы тиіс. Мысалға, қайырымдылықпен айналысуға күш біріктірген жамағатқа әлеуметтік желінің тигізер көмегі зор. Не болмаса, дінді енді үйреніп келе жатқан кісілер үйінде отырып, жөні түзу дін мамандарына көкейіндегі сұрақтарын қоюы құптарлық жағдай.

Әлеуметтік желінің пайдалы жақтары күн өткен сайын дәлелденіп келеді. Айтқан жерден аулақ, адам жоғалса, құжаттарыңыз жоғалса, басқалай көмек қажет болса әлеуметтік желіге жүгінсеңіз, бір көмегі тиіп қалады. Көптеген адамдарға тиіп те жатыр.

 

Әлеуметтік желі қоғам айнасы бола ала ма?

Әлеуметтік желіні қоғам айнасы деп айтсақ та болады. Байқасаңыздар, елде қандай жағдай орын алса да, әлеуметтік желілерде сол туралы талқылаулар, пікір-таластар басталады. Ол пікір-таластар елге тарайды, үкіметке қатысы бар болса үкіметке де жетеді. Қоғамда кәдімгідей резонанс тудыратын шамасы бар. Мысалға, көпшілікке жайсыз тиетін бір жағдай орына алса, оған деген адамдардың көзқарасын әлеуметтік желіге жариялаған пікірлерінен аңғару қиын емес. Әрине, ол жерлерде пікірлер екіге жарылады. Осы уақытқа дейін әлеуметтік желінің арқасы деуге келетін шығар, біршама мәселелер оң шешімін тауып келеді.

Халыққа пайда емес зиян тигізетін, қоғамға қажеті жоқ мәселелер көтеріліп жатса, оған әлеуметтік желідегі халық ду көтеріліп шыға келетін болды. Дұрыс нәрсені қолдауға келгенде көпшілік қателеспейді ғой. Халықтың шымбайына бататын мәселелер бас көтере қалса, халық оны әлеуметтік желі арқылы басып отырған жайы бар. Дегенмен, әлеуметтік желі өтірік ақпар беру мен арандатудың да ортасы саналады. Сол үшін ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігіне көз жеткізіп барып саралаған дұрысырақ.

Кез келген елдің үкіметі қажет деп тапса әлеуметтік желілерді бұғаттап тастай алады. Мысалға, Пәкістан Youtube желісін «Мұсылмандар пәктігі» фильмінің трейлері жарияланған күннен бастап-ақ бұғаттап тастады. Бангладеш те осы оқиғаға байланысты Facebook пен Youtube желілерін жауып тастады. Түрік елі де кейбір мемлекеттік құпияларды ашқаны үшін Youtube пен Twitter әлеуметтік желілерін жауып тастаған еді. Кейіннен сот арқылы бұл әрекет заңсыз деп танылып, ол екеуі қайта іске қосылды.

Иә, жалпы әлеуметтік желілер жайдан-жай бұғатталмайды. Мемлекеттік құпия ашылардай болса, халықтың толқуын тудыратын жағдайлар туындап жатса, т.б. белгілі себептермен жабылады.

Қытайда ғаламтор жүйесі «Ұлы қытай ақпараттық қорғаны» деген метафорикалық атауға ие болған. Онда адам құқығына қол сұғатын, оппозициялық саяси толқу тудыратын, Тайван мен Тибеттің тәуелсіздігі туралы мәселе көтеретін контенттер бірден жабылады. Сонымен қатар, американдық Facebook пен Twitter бұғатталған. Бұл екеуінің жабылуы қытайлық бірнеше желілердің қолданушыларын көбейтті. Мысалға, Twitter-дің баламасы саналатын Weibo — 129 млн белсенді қолданушы жинады. Қытайлық мессенджер WeChat-тың 355 млн қолданушысы бар.

Жалпы осылай. Қазір елімізде Whatsapp мессенджерінің дәурені жүріп-ақ тұр. Жүрмей қайтсін, тілегеніміз алдымыздан сұрамай-ақ табылған жоба болды бұл. Әркімге қолжетімді, ыңғайлы. Бастысы үнемі жаныңда жүретін телефонға байланған. Қажетіне жарар бұндай дүниелерден кім қашсын?

Бірақ, қанша жерден пайдалы болғанмен, уақытыңызды текке алып жатса оның пайдалы дей алмаймыз. Маңызды шаруалармен ғана әлеуметтік желіге мойын бұрсаңыз, сол маңызды шаруа біткеннен кейін виртуалды әлемнен шынайы әлемге қайта өтсеңіз, өміріңіздің жарқын сәттері көп болмақ!

1 пікір
  • Жоғарыда берілген статистикалық ақпарат қай ақпарат көздерінен алынған немесе ол статистиканы жасаған адамның еңбегіне сілтеме неліктен берілмеген?
    8 жыл бұрын