Сүннетке сай баланың бір күні
Сүннетке сай баланың бір күні
8 жыл бұрын 4508
Алдаберген Үсен

Балалардың күнделікті уақытын жүйелеу әр ата-ана үшін әр түрлі. Дегенмен осыларға қосымша сүннеттегі кеңестерге де құлақ түріп көрейік. Ардақты елші хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) пікірінше, бала күнді таң намазының азанымен бастауы тиіс.

Пайғамбарымыздың өзі әр күнін жоспармен өткізетін. Бұл жеке өмірінің бізге ерекше назар аудартатын тұстарының бірі. Күн сайын белгілі бір жоспар жасап, сол жоспарға сай жұмыстарын реттеген. Таңертеңгі тұру уақытынан бастап түнгі ұйқыға жату уақытына дейін барлығы анық белгілі болатын. Асын қай кезде ішетіні, жарлары мен достарының қай кезде қалын сұрайтыны бұлжымайтын. Маңайы да оның сол реттілігімен үйлесім құраған. Айталық, таңғы азанды естігенде төсегінен тұрып, Күн шыққанға дейінгі уақытын мешітте өткізетін. Көбіне сахабаларымен осы кезде әңгіме-дүкен құратын. Хазірет Әбу Бәкір мен хазірет Алиды бірі күндіз, бірі түнде екі рет зиярат ететін. Күнделікті өміріндегі бұндай мұқияттылықты үмбетіне де өсиеттеген. Бұл тұрғыда балаларға қатысты кеңестері де арнайы тоқталуға тұрарлық. Яғни, бала тәрбиесінде маңызы бар мәселелердің бірі – күнделікті бағдарлама белгілеу. Өзі де немерелері Хасан мен Хұсейін үшін қызы Фатимаға көп кеңес берген. Ал енді сүннеттегі өлшемдер бойынша баланың күндік уақыты қалай өтуі тиіс соған тоқталып көрейік.  

 

Бала таң намазының азанымен оянуы тиіс

Зерттеушілер өз еңбектерінде мәселеге жауапты хадистерден тапқан. Сол еңбектерде баланың күнделікті бағдарламасының да тура ересектер тәрізді бес уақыт намазға қарай құрылуы керектігі білдірілген. Өйткені, ақ-қараны ажырататын тәмииз жасынан бастап баланы осы ретке дағдыландырылу керек. Осы себепті кішкене кезден бастап ата-аналар оларды діннің бізге ұсынған уақыт жүйесін негізге ала отырып, ояндырып, жатқызуы, керек десеңіз, ойнатуы керек. Бұл турасында берілген алғашқы кеңес – кішкене балаларды таңғы айтылған азанның ізін ала ояту. Жастарына қарай намаз міндеттелмеген болуы кәдік. Бірақ Расулалланың бұйрығынша, сәбилердің өзін азанмен оятуға болады. Алайда бұны мұсылман әйелдер орындап жүрген жоқ. Өйткені ол уақытта балаларын оятуға қимайды. Ал анығында сахабалар уақытында балалар да ата-аналарымен еріп мешітке баратын, ол уақытта ояу болатын. Тіпті кейбір риуаяттарда хазірет Пайғамбардың таңғы намаздың алғашқы рәкатында ұзақ, екінші рәкатында еріп келген кішкене балалар  жалықпасын деп қысқа сүре оқығаны риуаят етілген.

Таңғы намаздан кейін карахат уақыты біткенге дейін жатқызбау аталған күнделікті бағдарламаның назар аударарлық тұстарының бірі. Таң сәрі – ризық-несібелер таратылатын уақыт. Пайғамбарымыз (алайхиссалату уә сәлләм) балалардың күн шыққанға дейін ояу болып, ризықтан нәсіп алуын қалауда. Осы уақытта балалардың ұйықтауына жол бермеу үшін ата-аналарды олармен ойын ойнауға ынталандырған.

 

Алдымен ойын, содан кейін түскі ұйқы

Күннің тууымен қалаған балаларды төсегіне жатқызып, ұйықтатып алған дұрыс. Өйткені балалар үшін ұйқының маңызы астан кем емес. Егер ұйықтағылары келмесе, төсекке қинап жатқызбаған жөн. Күнделікті әдеттерінше уақыт өткізулеріне болады.

Сүйікті елшінің кеңестері бойынша, істелетін істердің басында ертеңгі ас тұр. Ертеңгі астан кейін күнді сәске және түскі уақыт деп екіге бөлген жөн. Пайғамбарымыз балалардың міндетті түрде сәске уақытында ойнауын, далаға шығуы керектігін айтқан. Ойыннан тыс отбасының таңдауы аясында егер жастары мүмкіндік берсе, өзі құралпыластарды, достарын барып зиярет етуге жіберуге болады. Бұларға қоса, ата-анаға көмектесуді де міндеттеуге жол ашық. Түскі ыстық артқанда балаларды үйге шақыру керек. Зерттеуші ғалымдар бұл мәселеде мына әңгімені дәлел етеді.

Хазірет Пайғамбар бір күні қызы Фатимаға келіп «Ұлдарың қайда?» деп сұрайды. Қызы күйеуі Алидың ертіп кеткенін айтады. Осы кезде Расулалла немерелерін іздеп, оларды әкесі хазірет Алимен бірге ойын ойнап отырған жерінен көреді. Хазірет Алиге «Күннің ыстығы қайтқанша балаларды үйге кіргізсеңші?» дейді. Осы оқиғадан балалардың түскі ыстықта үйге кіргені мақұл екенін көреміз.

Түскі ыстықта үйге келген балаларға тамақ беріп, түскі ұйқыға (қайлула) жатқызу да сүннет. Сонда мейлі сәби, мейлі балалардың дамуы үшін маңызды тамақтану және ұйқы қажеттілігі де қамтылады. Реті келгенде айта кету керек: жүргізілген зерттеулер сүннет болып табылатын жарты сағаттық түскі ұйқының түнгі екі сағаттық ұйқыға тең екендігін анықтаған.   

 

Екінді намазы уақытында қайтадан көшеге шықса болады

Кішкене балалар далаға шыққанды қатты жақсы көреді. Ойнау, қыдыру олардың ең үлкен ермегі. Осы себепті түскі ыстық қайтқаннан кейін қайта балалардың көшеге шығуына кеңес берілген. Хазірет Әнас достарымен ойын ойнағанда, Расулалланың келіп бәріне күлімсіреп қарағанын, бастарынан сипап, тіпті ойындарына қатысқанын да айтқан. Бірақ бұның да шегін көрсеткен. Айталық, балаларды апақ-сапақ уақыттарда көшеге жүргізбей, үйге кіргізген:

«Күн батып, қараңғылық орнағаннан кейін балаларды далада жүргізіп қоймаңдар. Неге десеңдер, бұл уақытта шайтандар айналаға жылдам тарайды».

Ғалымдар бұндай тыйым балалар әлденеден шошынып, қорқып қалмауы үшін екендігін айтады. Өйткені қатты қорқудан да кейбір психологиялық аурулар жабысатыны белгілі.

Балаларға тән күнделікті бағдарламаның соңғы жағын кешкі әрі түнгі намаз арасындағы уақыт құрауы керек. Бала кешкі астан кейінгі уақыттарын үйде өткізуі тиіс. Отбасы мүшелерімен байланыс құруы да аса маңызды. Өйткені ата-ана мен балалар бір-бірімен жақын әңгімелескен сайын арадағы сүйіспеншілік пен сыйластық арта түседі. Осылардан кейін баланың түнгі ұйқыға кеш жатпауын да қадағалаған дұрыс. Оң-солын  ажырататын тәмииз жасындағылар намазын оқып жатуы тиіс. Ол жастан кішілер ертерек жатса да болады.

Нәтижеде мынаны көреміз: хадистердегі ескертулерге қарап, баланың тәуліктік уақытын ата-аналар осылай жүйелеуі тиіс әрі оны орындауда кемшілік жібермеуі керек. Мазмұнында ойын, тамақ, ұйқы секілді барлық қажеттіліктер бар бұл жоспар ғалымдардың айтуынша, баланың мұсылманша өмір сүруге әдеттенуіне де көмектеседі.

1 пікір