Алданған сопылар (1)
Алданған сопылар (1)
11 ай бұрын 4554
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

"Алла сақтағандарын айтпағанда, бұ заманда тәкәппарлық - сопы тұлғаларға үстемдік құрып алған.

1. Сыртқы пішінге алданғандар.

Кейбір сопылар сөздерімен, сопылық киім үлгілерімен және сыртқы пішінімен паңданады. Олар киім үлгілерінде, сыртқы пішінінде, сөздерінде, әдебінде, әдеттерінде, астарлы сөздерінде, сондай-ақ сәмә, рақс, дәрет, намаз, жайнамазда отыруда, бастарын төмен салбыратып, ойшыл ұқсап ыңырануында, жәй сөйлеу немесе қатты айқайлау сияқты сыртқы күйлерінде шыншыл сопыларға еліктейді, соларға ұқсауға тырысады. Осылай істеу оларды құтқаратындықтарын ойлайды. Бірақ нәпсімен күресу (мүжәһәдә), нәпсіні тәрбиелеу (риязат), жүректі бақылауда ұстау (мұрақаба), іші мен сыртын жасырын және ашық күнәлардан тазалау деген сияқты нәрселермен өздерін еш шаршатпайды. Әйтпесе, бұл айтылған терминдердің бәрі сопылықта бар деңгейлер болып есептеледі.

Және олар харам, күмәнді немесе басшылардың берген мал-дүниелеріне аш қасқырдай ұмтылады. Күлше үшін, ақша үшін, жеміс-жидек үшін бір-бірлерімен жарысады. Болмайтын нәрсе үшін бір-бірлерін көреалмай, бір-бірлеріне іштарлық жасап жатады. Мақсат-мүдделеріне қарсы келген болса, бір-бірлерінің ар-намыстарын төгеді. Мұндай сопылардың алданғандары анық, айқын. Ондай сопылардың мысалы - қаһарман батырлар мен жауынгерлердің есімдері тізімге алынғанын естіп, ол да солар сияқты киініп, сосын патшаға өзін әскерге алуды ұсынып, бірақ оның кім екендігін біліп қойған әскербасшылар оған қатысты: «Сұлтанды мазақ қылғаныңа ұялмайсың ба? Оны пілдің қасына апарыңдар» деп, оны піл тұрған жерге апарып тастап, сөйтіп піл оны таптап өлтірген бейшара кейуана секілді.

2. Мал-дәулетке алданған сопылар.

Жоғарыда айтылған сопылардан да өтіп кеткен сопылар бар. Ондай сопыларға ішім-жемде және үй-күйде азға қанағат қылу немесе пидақор болу қиынға соғады. Ондайлар сопылық жолында жүргендігін ашық көрсеткісі келеді, бірақ сопылардың киім үлгісінде киініп жүруді керек қылмайды. Жібек матадан тігілген киім кимейді, бірақ жібектен де қымбат киімдер, сапалы жапқыштар, қымбат орамалдар және керемет жайнамаздар қолданады. Бұлар көрінер сыртқы күнәлардан сақтанбай жүргенде, ішкі рухани күнәлардан сақтанады дейсіз бе! Мұндай сопылардың мақсаты - рақат өмір сүру, сұлтандардың берген мал-дүниелерін жеу. Солай бола тұра олар оның өздері үшін бір жақсылық деп ойлайды. Бұндай сопылардың мұсылманға залалы - ұрлықшылардың залалынан қатты. Өйткені бұлар сыртқы пішіндерімен, сыртқы келбеттерімен жүректерді ұрлайды. Сөйтіп, өзгелерді өздерінің соңдарынан ілестіріп қояды. Осылайша, олардың қасыретке ұшырауларына себепші болады. Мұндайлардың бұл масқаралығын көрген адамдар «барлық сопылар осындай екен» деп ойлайды да, кейін барлық сопыларға топырақ шашып, оларды жамандаумен болады.

3. Сөздерге алданғандар.

Сопылардың тағы бір үшінші тобы бар, бұлар өздерін кәшф ілімін меңгергендігін, сөйтіп Хақты көргендігін және рухани деңгейлерден өтіп, құрбият деңгейіне жеткендігін айтып сендіретіндер. Алайда, шын мәнісінде, құрбият не, оған жету деген не, білмейді. Құр ғана сөз және атауларын біліп алған, соларды қайталай береді. Сөйте тұра, ондағы ілімнің - өткен-кеткен барлық әулие-әнбиелердің ілімдерінің ең ұлығы деп ойлайды. Сондықтан да, олар қарапайым мұсылман былай тұрсын, фиқһ (шариғат) мамандарын, қариларды, хадисшілерді т.б. дін ғалымдарын менсінбей қор көреді.

Диқаншылар мен тігіншілердің өздері шаруаларын ысырып қойып, күні бойы солардың соңынан ілесіп, мәні жоқ сөздеріне құлақ асады. Ал ол сопылар үйренген сөздерін қайталай беретіндігі соншалықты, естіген адам "оған уахи келіп жатқандықтан, солай айтып жатқан болуы керек" деп ойлайды.

Және де ондай сопылар әлдебір сыр әлемінен хабар бергенсіп, осылайша күллі абид (құлшылыққа берілген мұсылман) және ғалымдарды төмен санайды. Олар абидтер жайында: «өздерін құр босқа шаршатушы жалдамалы жұмысшылар» деп кемсітеді. Ал ғалымдарды болса: «олар хадис және риуаттармен айналысып, ақиқаттан ұзақтап кеткендер» деп айыптайды. Керісінше өзін Хаққа жетіп қойған, құдайға жақын пенделерден болғандығын айтады. Шын мәнісінде, мұндай сопылар Алла Тағаланың қасында «күнәһар мұнафиқ», ал шынайы жүрек иелерінің (ақиқи сопылардың) назарында болса - «ақымақ, надандар», одан басқа ешкім емес. Мұндай сопылар не дені-дұрыс ілім меңгермеген, не әдеп-тәрбиесі мен мінезін түзетпеген және нәпсілері мен ЭГОларына берілгеннен басқа жүректерін қадағалап, бақылап дұрыстамаған. Олар өздеріне пайдасы тиер істермен айналысса ғой, олар үшін абзалы сол болар еді...1

(Жалғасы..)


1Имам Ғазали: «әл-Кәшф уәт тәбиин».

Абдусамат Қасым

4 пікір
  • сіз имам ғазали жәйлі түсінбейді екенсіз, ол кісінің өмір баянын көріңіз, имам ғазали жас кезінде 37 жасына дейін сопылыққа сын көзғараста болған, бірақ 37 кейін ол өзгеріп, 10 жыл жоғалып кетіп, сопы болған, дамашықта пірі болған, әулие пірі, өзіе әулиелікке жеткен сол кезде, сол кезде керемет еңбек жазған, сопылық зікір жасайтын дерга ашқан, 37 жастан бастап өлгенге дейін сопы болған, сонда екі түрлі ғазали бар, сіз сопы ғазалидың еңбегін жазыңыз, себебі ол бұрын көп қателігін мойындап, сопы болп кеткен, ол кісі 1097 жылы сопылық жолға түскен, одан бұрынғы еңбегі қажетсіз, 1100 ден кейінгі еңбегін әулилелер илхаммен жазған, соны ізденіп көріңіз,
    11 ай бұрын
    • Имам Ғазали Исламдағы дұрыс сопылықтың өкілі. Ғұлама. Фақиһ. Кәләмшы. Ойшыл. Ол мұнда жалған өтірік сопыларды сынап жазуда. Шынайы сопылықтың шыңына жеткен адам ретінде ол кейбір сопылардың алданып жүргенін жазған. Бұл жерде тәубе ететін еш сөзі жоқ. Сосын Имам Ғазалидің тәубе етті деген өтірік әңгіме. Көп қателігі болған деген де жалған әңгіме. Ол рас, соңғы өмірінде сопылық жолына тереңдейді, сөйтіп ғылымның ішінен Исламдағы сопылық ілімінің артықшылығын айтады, өйткені сопылық алған ілімімен амал етуге көмек береді. Бірақ ол барлық ғылымын және кітаптарын жойды деген сөз емес. Оның жалған сопыларды сынап жазған жазбалары ихиясында да кездеседі. Имам Ғазали біраз жазбасында шынайы сопылық пен жалған сопылықты ажыратып береді. Бір тек ол емес, Имам Раббани де жалған, бидғатшы сопыларды сынап жазған. Бүгінде де шынайы сопылар кемде кем. Көбісі сыртқы формасында сопы, ал ішкі жан дүниесінде сопы емес. Имам Ғазали сырты ғана емес, іші де сопы болуы керек деп айтуда. Сопылық деген не? Соны дұрыс ұғыңдар дейді.
      11 ай бұрын
      • Оның өмірі жәйлі ештеңе білмейді екенсіз, жақсы ізденіңіз , оның қалай сопы болғанын ізденіңіз, уахабй салафилар жазған еңбектен емес, ахлул сүннәлар жазған еңбектері пайдаланыңыз
        11 ай бұрын
        • Имам Ғазалидің жазған еңбектерінен оқимын және түпнұсқасынан оқимын. Имам Ғазали жайында уахабиттер кітап жазбайды, есіңізде болсын. Олар оны бидғатчик дейді. Және де Имам Ғазалиді тану үшін оның өмір баянын ғана оқу жеткіліксіз. Оның еңбектерін оқуыңыз керек. Байқаймын бірде бір еңбегін оқымағансыз. Сосын, жоғарыда мен не айтқанымды дұрыстап ұғыныңыз.
          11 ай бұрын