Жаңа шыққан жүз теңгелік темір ақшаны қымбатқа сатуға бола ма?
Жаңа шыққан жүз теңгелік темір ақшаны қымбатқа сатуға бола ма?
8 күн бұрын 3057

Әссәләмуғалейкум! Жеті қазына дейтін жаңадан «Жүз теңге» шыққан. Соның жетеуін жинап жеті (общий 700теңге болады), оны одан да көп ақшаға сатса бола ма? Бек.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Күнделікті қолданып жүрген ақшалар ертеректегі «алтын» ақша мен «күміс» ақшаның үкімін алатындықтан, әр валюта өзі тектес валютамен айырбас жасалғанда:

  1. Теңдей мөлшерде жасалу керек
  2. Араға уақыт салмай, қолма-қол берілу керек (ақиқи не хүкми қолма-қолдылық).

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) алтынды алтынға немесе күмісті күміске айырбас жасайтын кезде теңдей мөлшерде айырбас жасалу керектігін баса айтқан. Ол (с.а.у.) өзінің хадистерінде былай деген:

لا تَبِيعُوا الدِّينارَ بالدِّينارَيْنِ، ولا الدِّرْهَمَ بالدِّرْهَمَيْنِ.

«Бір динар ақшаны екі динарға сатпаңдар. Және бір дирхам ақшаны екі дирхам ақшаға сатпаңдар»[1].

  لا تبيعوا الذهب بالذهب إلا مثلًا بمثل، ولا تشفوا بعضها على بعض، ولا تبيعوا الورق بالورق إلا مثلًا بمثل، ولا تشفوا بعضها على بعض، ولا تبيعوا منها غائبًا بناجز.

«Алтынды алтынға сатарда тек теңдей мөлшерде сатыңдар. Бірінің мөлшерін екіншісінен артық қылмаңдар. Күмісті күміспен сатарда теңдей мөлшерде сатыңдар. Бірінің мөлшерін екіншісінен артық қылмаңдар. Сондай-ақ, олардың қолда жоғын, қолда барына (бересіге) сатпаңдар (яғни, араға уақыт салмай, қолма-қол сатыңдар)»[2].   

Осы хадиске мазмұндас басқа бір риуаятта қосымша былай делінеді:

   فإذا اختلفت هذه الأصناف فبيعوا كيف شئتم إذا كان يداً بيد

«Егер түрлері (жыныстары) бір-бірінен бөлек болса, қолма-қол болу шартымен, қалай (қаншаға) қаласаңдар, (соншаға) сатыңдар»[3].

Демек, теңгені теңгеге сатар кезде, яғни, теңгені теңгеге айырбас жасайтын болса, теңдей мөлшерде айырбас жасалу керек. Артығы өсім болады. Өйткені екеуі бір түрдегі валюта. Сондай-ақ, айырбас араға уақыт салмай - «мә саған, мә маған» принципіне сай жүзеге асуы тиіс.

Алайда, мысалы, теңгені басқа елдің валютасына сататын болсаңыз, қымбатқа сатуыңызға болады, және де басқа елдің валютасын алатын кезде қымбатқа сатып алуыңызға болады. Өйткені, екеуі екі түрлі валюта. Ал, хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Егер екеуі екі түрлі болса, қолма-қол болу шартымен, қалай (қаншаға) қаласаңдар, (соншаға) сатыңдар» - деген. Яғни, екі бөлек валютаны бірін екіншісіне қымбатырек сатуына болады. Мысалы, долларды теңгеге сатқан сияқты.

Қорыта айтқанда, жаңа шыққан темір жүз теңгелік ақшаны өзі сияқты теңгеге сататын болса, қымбатқа сатуына болмайды. Қымбатқа сатса, онысы «өсім жегендік» болып, күнә іс жасаған болады. Оны өзге теңгеге тек сол мөлшерде айырбас жасай алады. Мысалы, бір жүз теңгелік темір ақшаны, екі елу теңгелік темір ақшаға айырбас жасауы қате емес. Немесе бір жүз теңгені он дана "он теңгелік" темір ақшаға айырбас жасауына болады (10х10=100). Алайда, мысалы, бір жүз теңгелік ақшаны екі жүз теңгеге айырбас жасай алмайды, яғни, сата алмайды, олай істеген жағдайда «жүз» теңге өсім жеген болады. Ал, басқа валютаға қымбатқа сатса, оған рұқсат.

Бұл айтқандарымыз алушыға да қатысты.

Ендігі жерде, қосымша мынаны да айта кетелік: егер, ол "ақша" ретінде емес, жәдігер (сувенир) ретінде шығарылған болса, немесе ақша ретінде шығарылғанымен, әдеттегі ақшадан ерекше, өз алдына бөлек құнды валюта ретінде шығарылған болса, мысалы, "жүз алтын теңге" деген сияқты, онда соған қарай үкімі де өзгерері анық.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». Сахаба Осман ибн Аффаннан жеткен (Радияллаһу анһ).
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». Сахаба Әбу Саъид әл-Худриден жеткен (Радияллаһу анһ).
[3] Әбу Дәуід: «Сүнән». Сахаба Ъибада ибн Сомит риуаят еткен (Радияллаһу анһ).

Абдусамат Қасым