Арапа күні жайында не білесіз? (Арапа күні төңірегінде сұрақ-жауап)
Арапа күні жайында не білесіз? (Арапа күні төңірегінде сұрақ-жауап)
10 жыл бұрын 130043

Сәлеметсіз бе?Арапа күні туралы толығырақ айтып бересіз бе? Эльвира.

Ассалямуғалейкум! Арапа күні Ықылас сүресін 1000 рет оқыса, мол сауап болады деп оқыдым. Осы жайлы толығырақ айтып берсеңіздер. Табиғат Тасболатов.

Уағалейкумуссалам! Зүл-хиджә айының 10-жұлдызы – қасиетті Құрбан айт мейрамы басталатын ай. Бұл айдың бастапқы он күні – берекелі күн[1].

Осы он күннің ішінде арнайы қасиет тұтылатын «арапа» күні бар. Арапа күнінің уақыты – зүл-хиджа айының тоғызы, яғни құрбан айттан бір күн бұрын. Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер түс ауғаннан кейін ертеңгі (айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтайды.

"Арапа" сөзінің мағынасы... 

«Арапа» араб тіліндегі "білу", "түсіну" деген мағынаға саятын «ъарафа» етістігінен шыққан. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зүл-хиджа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласын Исмайылды шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін «жәй түс пе  әлде аян ба» деп ойлаған Ол ертесіне (айдың тоғызына) тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді «арафа (арапа)» деп атап кеткен деседі.

Арапа күнінде ұсталатын ораза...

Арафа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуі сауапты. Өйткені Сахих Муслимде риуаят етілген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у):

«...Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәлардың кешірілуін Алладан үмітпен тілеймін...» – деп бұл күнгі оразаның маңыздылғын баса айтуда[2]

Басқа сахих хадисте: "Арапа күнгі ораза екі жылдық күнәларға кешірім болады - өткен жылдың және келер жылдың күнәларына. Ал, "ашура" күнгі ораза болса, бір жылдық күнәларға кәффәрат (кешірім)" - делінеді.("Ән-Нәсәи" риуаят еткен).

Тағы бір хадисінде: «Дұғалардың ең қайырлысы – арапа күні жасалған дұға...» – деген[3].

Ендеше, Зүл-хиджа айының алғашқы он күнінде, оның ішінде арапа күні сауапты амалдарды көптеп орындаған дұрыс.

Біздің елде арапа күні ертесі болатын айт күніне шелпек-бауырсақ пісіріп, дастархан әзірлігі жасалып жатады. Сонымен қоса, бір күн ораза ұстағанда дұрыс болады.

Арапа оразасын қай кестеге қарап ұстаймыз?

Арапа оразасын ұстайтын кісі күнделікті намаз кестесін негізге алса болады. Дәлірек айтқанда: таң намазы кірген уақыт - ауыз бекіту уақыты болмақ. Сол уақытқа дейін сәреңізді ішіп-жеуге рұқсат. Ал, ақшам намазының кірген уақыты - ауыз ашар уақытының кіргенін білдіреді. Осы тұрғыда, күннің толықтай батуы маңызды. 

Арапа күнгі оразаға қалай ниет етеміз?

Ниет дегеніміз, іштей бір нәрсені орындамаққа оқталу, соны діттеу дегенді білдіреді. Сондықтан да, көкейде арапа күнгі нәпіл оразаға ниет етілген болса, соның өзі жарамды. Тілмен айту шарт емес. Дегенмен, ауызша айтам деуші кісі ниетін қазақ тілінде жасай берсе болады. Мысалы былай десе болады: «Ниет еттім Алла ризалығы үшін Арапа күнгі нәпіл оразаны ұстамаққа. ХалисалиЛләһи Тағалә».

 Ауыз ашарда қалай дұға жасалады?

Ауыз ашқанда да әдеттегідей сумен немесе құрмамен ашып, қазақшалап тілек-дұғасын жасай бересіз. Арнайы ниет-дұғасы жоқ.

 Арапа күні сәресіге ұйықтап қалса, не істеуге болады?

Арапа күні сәресіге ұйықтап қалған адам, еш нәр татпастан сол күнгі нәпіл оразаға ниет етіп ұстап кете беруіне болады. Оразаңыз саналады. Осы тұрғыда айта кетелік, ниет - түске дейін жасалған болуы тиіс. Түс уақыты кіргеннен кейін оразаға ниет етілмейді, еш нәр татпаса да.

Арапа күнгі оразаны халыққа хабарласа,
80 жылдық ғибадат сауабы беріле ме? 

Арапа күні ораза ұстаудың сауапты екендігі даусыз. Бірақ, әлеуметтік желілерде таралып жатқан Арапа күнгі ораза жайында хабарлаған адамға 80 жылдық құлшылық сауабы беріледі дегенге саятын ақпараттың дінімізде негізі жоқ. Ондай ақпардың бірінде былай делінген: «Кім «зүл хижжә» айының алғашқы он күнінде ораза ұстаса, екі жыл құлшылық еткенмен тең. Ал кім ол жайында адамдарға жеткізсе, 80 жыл құлшылық еткенмен тең». Бұл мәлімет - хадис емес. Сол себептен, хадис ретінде таратудан сақ болған жөн. Аталмыш мәліметтің бірнеше нұсқасын кездестіруге болады.  

Тәкбір-тәшриқ дұғасын айту жайында 

Арапа күні таң намазынан бастап, Құрбан айттың төртінші күні екінтіге дейінгі аралықта әр парыз намазының соңында сәлем бергеннен кейін "тәкбір-тәшриқ" дұғасы айтылады. (Бұл аралыққа 23 парыз намазы енеді екен). Аталмыш дұғаны тек парыз намаздардан кейін айту керек. (Әйел кісілер тәкбір-тәшриқты іштей айтады). Сүннет, үтір және нәпіл намаздардан кейін айтылмайды. Тәкбір-тәшриқты айту – намаз оқу міндет болған әрбір мұсылманға уәжіп.  

Тәкбір-тәшриқ дұғасы әр парыз намаздың соңында бір реттен айтылады. Дұғасы төмендегідей: 

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллалЛаһу уалЛаһу әкбар. Аллаһу әкбару уә лилЛәһил хамд».

 Тәкбір тәшриқ айту жөнінде толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз: "Тәкбір-тәшриқ" дұғасы

 Тұтқан оразаларыңыз бен оқыған намаздарыңыз және шалған құрбандарыңыз қабыл болсын!  

[1] Фәжр сүресі –1-2 аят.
[2] Сахих Муслим, Саум – 1162 хадис. Имам Науауи шархы.
[3] Тирмизи сүнәні.

Абдусамат Қасым