Аяқасты жолға шықсам, оразамды бұзам ба?
Аяқасты жолға шықсам, оразамды бұзам ба?
10 жыл бұрын 18817

Ассалаумағалейкум! Сіздерге сұрағым бар еді. Ораза ұстап жүрген кісі аяқастынан жол жүретін болып қалса, аузын ашуына бола ма? Шариғи үкім айтыңыздаршы! Ақжол Мырзабек

Уағалейкумсалам! Құрметті Ақжол, жолға шыққан кісі оразасын бұзбастан бұрын мына екі шартты қарастырады:

Біріншіден – діттеген жері ең кемі 85-90 шақырым қашықтықта болуы керек.

Екіншіден - таң намазының уақыты кірмей жатып жолға шыққан болуы қажет.

Ал, таң намазы уақыты кіргеннен кейін жолға шыққан адам сол күнгі оразасын бұзбай, соңына дейін ұстауы тиіс. Өйткені, Алла тағала: «Ізгі істеріңді зая кетіріп жүрмеңдер», - деп бұйырған. Бұл Ханафи, Шәфиғи және Мәлики мәзхабы бойынша[1].

Ендеше, ауыз бекіткеннен кейін, таң намазынан соң аяқасты жолға шыққан кісі жолаушы екенмін деп, аузын ашпайды. Күнә. Бұған қарамастан, жолшыбай ауызын ашқан адамға кәффәрат қажет емес, тек қазасын өтейді[2]. Одан кейінгі күндері жолаушы ретінде ұстамаса болады. 

[1] Әл-Жәзири: әл-Фиқһ ъалә мәзәхибил әрбаъа – 5/521 бет. Ханбәли мәзхабы бойынша, таң намазынан кейін де жолға шықса аузын ашуына рұқсат.
[2] Ибн Ғабидин – Фаслун фил Ъауариз – 6/381 бет.

Абдусамат Қасым