Мәйітті жуындырмай тұрып соңғы рет көру әдеті бар. Оған не дейсіз?
Мәйітті жуындырмай тұрып соңғы рет көру әдеті бар. Оған не дейсіз?
3 жыл бұрын 22293

Әссаламуғалейкум! Кейбір өңірлерде адам қайтыс болғанда жуындырудан алдын, туған-туыс, дос-жараңдары мәйітті соңғы рет көріп шығады. Осы шариғатымызда бар нәрсе ме? Мұхит. 

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Мәйіт жуылып, кебінделгеннен соң жақын туыстары мен дос-жарандарының кіріп, жүзін ашып оны соңғы рет көріп шығулары күнә емес. Риуаяттарға қарағанда, ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бақилыққа аттанғанда, Әзіреті Әбу Бәкір Оның мақтадан жасалған матамен жабулы денесіне жақындап келіп, жүзін ашады да еңкейіп екі көзінің ортасынан сүйеді[1].

Әйел кісі қайтыс болғанда, оны соңғы рет көруге, тек ер адамдардан махрам саналатын туыстары мен әйел кісілердің көрулеріне болады. Ал, махрам саналмайтын, яғни, жақын туыстығы жоқ ер адамдардың көрулері мәкруһ болып есептелінеді.


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №1241 хадис. Айша анамыздан риуаят етілген.

Абдусамат Қасым