Шошқаның еті қосылған шұжықты ит пен мысыққа берсе бола ма, әлде қоқысқа тастау керек пе?
Шошқаның еті қосылған шұжықты ит пен мысыққа берсе бола ма, әлде қоқысқа тастау керек пе?
4 жыл бұрын 6777 koteiki.com

Ассаламу алейкум! Итке және мысыққа шошқаның етінен жасалған шұжықты беруге бола ма? Әлде қоқысқа тастау керек пе еді? Арман Бектас.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, адал аспен қоректену керек деген бұйрық көбіне адамдарға қатысты айтылған. Хайуандарға қатысы жоқ. Сол себепті, шошқа еті қосылған шұжықты ит пен мысыққа немесе басқа да еті желінбейтін хайуандарға берудің ағаттығы жоқ. «Еті желінбейтін» деуімнің себебі: еті адал малдарға, мысалы, төрт түлік малға жем-шөп сияқты таза қорек берілу керек. Оларға өлексенің етін, шарап т.б. харам-нәжіс нәрселерді беруге болмайды[1]. Неге десеңіз, Алла елшісі (с.а.у.) қорегінің көбі нәжістен тұратын хайуанды «жәлләлә» деп атап[2], оның етін жеуден және сүтін ішуден тыйған еді. Сахаба Абдулла ибн Аббастан жеткен сахих хадистің бірінде былай делінеді:

 نهَى رسولُ الله صلَّى اللهُ عليه وسلَّم عن لَبَنِ شاةِ الجلَّالةِ

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) жәлләлә боп табылатын қойдың сүтін ішуден тыйды»[3].

Осы және соған ұқсас хадистерден Исламда еті желінетін хайуандарды табиғаттарына сай таза қорекпен қоректендіру керек екендігін ұғынуға болады.

Одан бөлек, ит, мысық секілді еті желінбейтін үй хайуандарына әлгіндей арам етті берудің ағаттығы жоқ.


[1] Дәруль Ифта - №740. 2004 ж. Доктор Али Жұма.
[2] Жәлләлә деп, қорегінің көбі нәжістен тұратын, яғни, көп уақыт бойы нәжіспен қоректеніп жүрген еті адал хайуанды айтады. Мысалы, қой, сиыр, тауық, үйрек т.б. Жәлләлә үкіміндегі малға бірнеше күн бойы таза жем-шөп беріліп, одан кейін етін жеуге рұқсат етіледі.
[3] Имам Әбу Дәуід: «Сүнән». №3786 хадис; Имам Тирмизи: «Сүнән». №1825 хадис. Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен басқа бір хадисте былай делінген: «Пайғамбарымыз с.а.у. жәлләләның етін жеуден және сүтін ішуден тыйды».

 

Абдусамат Қасым