Хадистегі «Алла дүние аспанына түседі...» деген сөзді қалай түсінуге болады?
Хадистегі «Алла дүние аспанына түседі...» деген сөзді қалай түсінуге болады?
12 күн бұрын 2368

«Алла Тағала дүние аспанына түсіп...» дегенді қалай түсінуге болады? Әділ.

Хадис кітаптарында орын алған хадистердің бірінде Алла елшісінің (с.а.у.) былай дегендігі риуаят етіледі:  

يَنْزِلُ رَبُّنا تَبارَكَ وتَعالَى كُلَّ لَيْلةٍ إلى السَّماءِ الدُّنْيا حِينَ يَبْقَى ثُلُثُ اللَّيْلِ الآخِرُ، يقولُ: مَن يَدْعُونِي، فأسْتَجِيبَ له؟ مَن يَسْأَلُنِي فأُعْطِيَهُ؟ مَن يَستَغْفِرُني فأغْفِرَ له؟

«Құдай Тәбәрәкә уә Тағала әр түні, түннің соңғы үшінші бөлігі қалғанда  дүние аспанына түседі де: «Маған дұға жасайтын пенде бар ма, дұғасына жауап берейін? Менен сұрайтын пенде бар ма, сұрағанын берейін? Менен кешірім тілейтін пенде бар ма, оған кешірім жасайын?» - дейді»[1].

Осы келтірілген хадис шәрифтегі «Алланың дүние аспанына түсу» сөзі тіке мағынасында «жоғарыдан төменге түсті» деген ұғымда емес. Оны тіке мағынасында түсінер болсақ: Алла бір орыннан, екінші орынға ауысып тұрады деген мағына тудырады. Бұндай мағына «Алла Тағала өзгермейді» деген қағидаға теріс. Өзгеріп отыру – жаратылыстарға тән нәрсе. Жаратушы Алла ондай кемшіліктерден пәк.

Алланың дүние аспанына түсу сөзіне байланысты Әһли сунна жолында екі ұстаным бар. Бұл екі ұстанымның екеуі де дұрыс:

  1. Тәфуид ұстанымы. Бұл ұстаным бойынша, Алланың дүние аспанына түсуін хақ деп сеніп, бірақ оның «қалай» жүзеге асатындығына бас қатырмай, сол күйінше сену. Яғни, «түсу» сөзін Алланың «сипаты» деп қабыл етіп, оған анықтама жасамай, астарындағы мағынасын Аллаға қалдыру. Бірақ «түсу» сөзін тіке мағынасында да, яғни, бізге белгілі мағынада «жоғарыдан төмен түсті» деген мағынада да қабыл етуден аулақ болу. Оның өзіндік Аллаға лайықты мағынасы бар деп білу.
  2. Тә’уил - орнымен жорамал жасау. Бұл ұстанымдағыларға қарағанда, хадистегі Алланың дүние аспанына түсуі - Оның мейір-шапағатының дүние аспанына түсуі немесе періштелерінің түсуі, яки, астарлы мағынада: «дұға етушінің дұғасын тез қабыл ететіндігін» білдіру үшін айтылған тұспал сөз.

Аталмыш хадистегі «Алланың түсуіне» әлгіндей жорамал жасап, астарлы мағынада түсіндіруге тырысқандардың қатарында Имам Мәлік пен Имам Әузаъи барын Имам Нәуәуи білдірген[2].

Мәлики мәзхабының ғалымы әз-Зурқани, Имам Мәліктің «әл-Муатта» атты хадистер жинағына жазған түсіндірмесінде «Алланың түсуі» сөзіне қатысты Имам Мәліктің былай деп жорамалдағанын келтіреді:

حُكِيَ عَنْ مَالِكٍ أَنَّهُ أَوَّلَهُ بِنُزُولِ رَحْمَتِهِ وَأَمْرِهِ أَوْ مَلَائِكَتِهِ، 

«Имам Мәліктен жеткен бір мәлімет бойынша, Имам Мәлік (хадистегі түсу сөзін) – Алланың рахымының және әмірінің немесе періштелерінің түсуі деп жорамалдаған» - дейді ол (р.а.)[3].

Мәлики мәзхабының тағы бір ғалымы, Ибн Араби «түсу» сөзіне қатысты былай деген екен:

النُّزُولُ رَاجِعٌ إِلَى أَفْعَالِهِ لَا إِلَى ذَاتِهِ، بَلْ ذَلِكَ عِبَارَةٌ عَنْ مَلَكِهِ الَّذِي يَنْزِلُ بِأَمْرِهِ وَنَهْيِهِ،

«Түсу – Алланың затына қатысты емес, оның істеріне қатысты. Тіпті, ол сөзді – Оның бұйрықтарымен және тыйымдарымен түсетін періштесіне тән деуге болады...»[4].

Ендігі жерде, жоғарыдағы хадиске түсіндірме жасаған хадисші ғұлама Имам Ибн Хажар әл-Асқалани (радиаллаһу анһ):

«Раббымыз дүние аспанына түседі деген сөзді Аллаға тарап берушілер «Алла жоғарғы жақта» деген уәждеріне айғақ ретінде көлденең тартады. Бірақ, көпшілік ғұламалар оны теріске шығарған, өйткені олай деу "Алла (жоғарыда) орналасқан" дегенге алып келеді. Алла Тағала ол нәрседен пәк.
«Тусу» сөзінің өзіне де әртүрлі пікір айтылған. Олардың арасында «түсу» сөзінің беткі мағынасын алып, тіке мағынасында түсінушілер де бар. Олай түсінушілер – мүшәббиһа ағымындағылар. Алла Тағала олардың сөздерінен пәк...»

- дей келе, ғалым «Алла дүние аспанына түседі» сөзінің мәніне қатысты тоқ етерін былай деп айтады:

وَالْحَاصِلُ أَنَّهُ تَأَوَّلَهُ بِوَجْهَيْنِ إِمَّا بِأَنَّ الْمَعْنَى يَنْزِلُ أَمْرُهُ أَوِ الْمَلَكُ بِأَمْرِهِ وَإِمَّا بِأَنَّهُ اسْتِعَارَةٌ بِمَعْنَى التَّلَطُّفِ بِالدَّاعِينَ وَالْإِجَابَةِ لَهُمْ وَنَحْوِهِ

«Қорыта айтқанда, түсу сөзін екі түрлі жорамалдаған: Оның мағынасы, не, Алланың әмірі түседі немесе періштесі Оның әмірін алып түседі, не болмаса, астарлы мағынада: «Дұға етушілерге мейірімін төгеді және олардың тілектерін (тез арада) қабыл етеді т.б.» деген мағынада айтылған (болуы мүмкін)»[5].   

Қорытынды:

Демек, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «түннің үшінші бөлігінде Алла дүние аспанына түседі» деген сөзі – сол сәттерде Алла Тағала дұғаны тез қабыл етеді, әрі, өзгелер терең ұйқыда жатқанда ұйқысын қиып намазға тұрған пендесіне Алла Тағаланың ерекше мейірімі төгіледі, оған Алланың ерекше назары түседі деген мағынада айтылған тұспал сөз.

Немесе ол сөзге ешқандай анықтама берместен, әрі астарынан ешқандай мағына іздеместен, хадисте айтылған бойынша қабыл етіп, мәнін Аллаға қалдырсақ та қате емес.

Ал, сәләфиттер айтқандай, Алла Тағала затымен дүние аспанына түседі деу қате түсінік. Мұндай түсінік Алланы өзге жаратылыстарға ұқсататын мүшәббиһа ағымының түсінігіне көбірек жақын.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №1145 хадис; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім». №758 хадис.
[2] Имам Нәуәуи: Сахих Мүслімге жазған шархы. №1261 хадис түсіндірмесі. 
[3] Мұхаммед АбдульБақи әз-Зурқани: «Шархуль Муатта». 496-499.
[4] Мұхаммед АбдульБақи әз-Зурқани: «Шархуль Муатта». 496-499.
[5] Ибн Хажар әл-Асқалани: «Фәтхулб Бәри  Шарху Сахихиль Бұхари». (№1145).

Абдусамат Қасым