29.03.2016 6576 Ойтамшы
Дипломатия

2010 жыл. Діни басқармада аппарат басшысы қызметінде жүрген кезім. Елімізде теріс ағым өкілдерінің қисық уағыздарының нәтижесінде кейбір дінге бет бұрған өнер адамдарының көкірегінде күдік жүр. Музыка арам ба, адал ма? "Дін мен діл" атты кітабымда музыканың дұрысы мен бұрысын ажыратып, хадистермен дәйектеп жазған болатынмын. Алайда фәтуаны әркім іздеп тауып, оқымасы тағы бар. Ендеше, музыканың да естісінің бар екендігін іс жүзінде көрсетудің қажеттілігі сезіліп тұр. Не істемек керек? Діни өлеңдердің мүшәйрасын ұйымдастыратын болып ұйғардық. Ондағы үздік өлеңдерге арнайы әуен жаздыртып, марапаттау кешінде оларды өнер жұлдыздарына орындататын болдық. Жүлде қоры да қомақты. Әрине оның бәрі әркездегідей дін жанашыры - кәсіпкерлердің демеушілігімен болып жатты. Мүшәйра да, марапаттау кеші де ойдағыдан да жақсы деңгейде өтті. Қоржынға түскен үздік өлеңдерді жинақтап "Аллаға мадақ" деген атпен арнайы жинақ етіп шығардық. Елімізде тұңғыш рет өткізілген осынау мүшәйрадан есімде екі жағдай қалып қойды. Мүшәйра аяқталуға таяп қалған уақыт. Бірде бөлмемнің есігін жұлқып ашып, елге танымал ақын ағамыз ішке енді де: - Қайрат деген сенсің бе? - дейді.

 - Иә, - деймін ешнәрсеге түсінбеген мен.

- Менің өлеңімде әкеңнің құны бар ма?! Неге өлеңімді қазылар алқасына өткізбей тастадың?!

- Аға, мүшәйраны ұйымдастырып отырған Діни басқарма болғандықтан, өлең мазмұны шариғатқа томпақ келмеуі керек. Жұрт түсінбей қалады. Аяғы бізге ренжиді.

- Қане, шариғатқа теріс келетіндей мен не жазыппын?! Қай жері?!

- Аға мына жолдарыңызға қараңызшы: "Құдайдан басқа тәңір жоқ. Болса, енесін ұрайын!"

- Айналайын-ау, мұның қай жері шариғатқа қайшы, а? Бұл деген тұнып тұрған поэзия ғой. Маған дереу Әбсаттар қажының телефонын бер" - дейді реніші әлі басыла қоймаған ақын ағамыз күркіреп. Не керек әлгі кісі маған деген ренішін айтып, емханада емделіп жатқан Әбсаттар қажының палатасынан бір-ақ шығады. Іле-шала Әбсаттар қажы маған телефон шалып істің мән-жайын білгеннен кейін: "Мұны ым-дымсыз, айқай-шусыз басқаша шешу керек, басқаша" - дейді. "Бұл кісі қалай шешер екен" - дедім де қойдым. Сөйтсем, Әбсаттар қажы әлгі ақын кісіні арнайы шақырып алып: "Пәленшеке, сіз елге танымал мүйізіңіз қарағайдай, атағыңыздан ат үркетін ұлы ақынсыз. Ал мына мүшәйра енді-енді қалыптасып келе жатқан жас ақындарға арналған екен. Сіз сонда бала-шағаның ортасына шығып, бас бәйгені жеңіп алдым десеңіз, жұрт күлмей ме? Сізге мүшәйраның марапаттау кешінде төрде сыйлы қонақ болып отырғаныңыз жарасады емес пе? - депті. Әлгі ақын ағамыз да бірден уәжге тоқтап, ертесі өзінің том-том өлең жинағын Әбсаттар қажыға тарту етеді. Міне, Әбсаттар қажы ренішті осылай сыйластыққа айналдырып жібереді. Менің тәжірибесіздігім мен тіке шабатын мінезімнен туындаған қателігімді қамырдан қылды суырғандай осылай әп-әдемі дипломатиялық тапқыр жолмен шешіп жіберді. Бұл маған өмірлік үлкен сабақ болды. Екіншісі, мүшәйраның марапаттау кешінде театрға 45 минуттай кешігіп келген кейбір жұрт сыртта қалған болатын. Еліміздегі үнемі көлеңкеден сенсация іздеп жүретін телеарналардың бірі әп-әдемі өткен кешті, оның мазмұнын емес, "Діни басқарма өткізген діни кеште бір орынға бірнеше билет сатылып, жұрт сыртта қалды" - дегізіп беріп жіберді. Әрине, ренжідік. Діннен сенсация іздеудің күнә екенін білсе ғой, кейбір журналист бауырларымыз!

Аталмыш мүшəйрада бас жүлде Жəкен Омаров пен Мұхиддин Исаның "Хикметулла" өлеңіне берілді. Мағынасы терең, әуені ерекше əн  дүниеге келді. 

10 пікір
  • BQ
    Иә, шынымен де кейде өзіміз, жастар жағы тік мінезділік көрсетіп, жағдайдың байыбына бара алмайтын кездеріміз болады. Тәжірбиеде осындай жағдайлардан, бір түскен шұңқырға түспеу үшін келесі рет сабақ болып жатады. Ал, ақын ағамызға келетін болсақ....бұл тек қана ақындар ғана емес, жалпы атқа мінері бар, қара жаяуы бар дегендей дінді өз ыңғайымызға қарай шешіп, әйтеуір бір пайдакүнемдік, пендешілікке жол беріп жатамыз. Асарын асап, жасарын жасаған ел ағаларының кейде осындай болмашы тірліктерге араласып, көсемсіп, бір әділеттілік орнатып жүргендей, артық сілтейтіні бар.

    Дүние кезек деген бар, кейде сол кезектен шықпай, өмір бойы сол қатарда тұрса, ел көзіне түссе, назарда болсақ деген ой ғой.

    Жақында өткен сайлауда да, облыс, аудан аймаққа танымал кісілер шама-шарқынша «бақтарын» сынап, зейнет жасына жетсе де, жастардан қалыспай аттарын бәйгеге қосып жатыр. Мейлі ғой, бұл қазаққа Алланың берген бір қасиеті шығар, ол жағын Жаратушы білуші.

    Бір нәрсеге көңіл бөлгенім, осы кандидаттардың үндеу парақшаларына көз жүгіртсеңіз, біссмілләсы халықтың әл-ауқатын жақсартудан бастап, жұмыссыздық, аурухана мен мектеп салу, жолдарды жөндеуге қаржы бөлу, өйтемін-бүйтемін...үйіп төгілген уәделер. Ал уәде Құдайдың сөзі демей ме?
    Таяқтың екі ұшы бар демекші, бұл уәделердің орындалу-орындалмауы Уоллоһи Әләм!
    Сол уәделерге ертең сұралып қалмайды ма, Қайрат аға?
    Аттан түссе де, ертоқымнан түскісі келмейтін қазаққа не дейсің?
    5 жыл бұрын
  • Ассалаумағалейкум, Қақа! Қысқа да-нұсқа жазыпсыз! Жақсы екен!
    5 жыл бұрын
  • МашаАллаһ! "Ұстаздық еткен жалықпас..."
    5 жыл бұрын
  • Небір ағаларымыз бар-ау...Әлгі ақын ағамның образы сатираға сұранып тұр екен))
    5 жыл бұрын
  • Дипломатияның бастауы сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өнегесінде жатыр. Әбсаттар қажы осы сүннетті біздің заманда практика жүзінде көрсеткен екен. Қайрат аға – бізге соны айтып жеткізуші (білім-ғылым адамы). Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары.
    5 жыл бұрын
  • Дипломатиялық қарым-қатынас жас келе қалыптаса ма деп қалдым. Жастау кезімде адамның барлығы жақсы болу керек, барлығын ережеге сай жасау керек деген ой болған өз басымда немесе ата-анам солай тәрбиелеген ба, тіпті отбасында да барлығы ережеге сай болу керек деп ойлайтынмын, сол үшін де көп ренжіп немесе ренжісіп қалатынмын. Сөйтсем өмірде неше түрлі адамдар бар екен ғой. Қазір болса, не нәрсеге де ашулана бермей, әліптің артын бағуды үйрендім. Өмір үйретеді екен.
    Жазбаңызды күтіп жүр едім. Алла разы болсын.
    5 жыл бұрын
  • Шынайы болған оқиға қашанда көңілге қонымды болады.
    5 жыл бұрын
  • Иә, не нәрсенің де дипломатиялық жолмен шешілгені дұрыс-ақ.
    5 жыл бұрын
  • Абсаттар кажы хаким адам ғой,Алла разы болсын ол кісіге
    5 жыл бұрын
  • Кайрат ага сизге коп Рахмет. Ангимелеренизди окимын , you tubтан уагыздарынызды тындаймын. Дегенимен отинем Казахстандагы дин маселесинде оте проблема коп. Жат агымдардан жастарды арашаланыздаршы. Отинем.
    5 жыл бұрын