14.03.2016 12014 Ойтамшы
МӘДИНАҒА БАРЫП ЕРЕКШЕ ТУЫСҚАНЫМДЫ ТАУЫП ҚАЙТТЫМ

Өткен жылы бір топ туысқандарыммен бірге Қасиетті мекенге умраға барып қайттық. Өте әсерлі де, жүрек қуанышына толы ерекше сапар болды. Марқұм әкемді көзі тірісінде апара алмағанымнан туындаған көңіл түкпірінде өкінішім бар еді. Анашым мен әкемнің 80 жастағы Жамалхан әпкесінің табанын осынау қасиетті жерге тигенін көргенде, көңілімді ерекше қуаныш билеп, іштегі әттегенайым аз да болса жеңілдегендей күй кештім.

Қажылық пен умра жайлы көп айтылып жүр ғой. Мен сіздерге Мәдина қаласындағы құрма бағында айтылған қызық мәліметті бөліскім келді. Құрма бақшасының бағбаны бізді ерекше ықыласпен күтіп алып, дастарханға шақырды. Дастарханға көз салдым. Тек өз басқашасында өсіп-жетілген сан-алуан құрма түрлері қойылған екен. Әртүрлі құрманың дәмін татып отырып, сораптап ыстық шай іштік. Дастархан басында Бағбан құрма жайлы бұрын естімеген қызық әңгімесін айтып берді.

Бағбан: "Құрма ағашы ең көне ағаштардың біріне жатады" деп бастады әңгімесін. Араб тілінде құрма ағашына "Нахла" делінеді. Алла Тағала атамыз Адамды жаратқанда, ең әуелі топырақты елекке салып елеген. Еленген топырақтан Адамды жаратып, електің үстінде қалған топырақтан осы құрманы жаратқандығы айтылады. Електің үстінде қалған қоқымға "нахла" делінеді.  Електің өзіне минхал, яғни елеуші құрал дегенді білдіреді. Байқағанымыздай қазір де арабтар құрма ағашына "нахла" дейді. Демек адам мен құрма ағашының арасында тығыз қарым-қатынас пен ұқсастық бар. Мен құрма ағаштарының бағбаны ретінде осы ұқсастықтарды айтып шығайын. Мысалы, адам секілді құрма ағаштарының да орташа жасы 60-70 жыл. Ал ең ұзақ ғұмырлысы 100-110 жыл. Адам секілді құрма ағашының ең жемісті кезі 15-45 жас аралығында болады. 60 жастан кейін жеміс бермейді. Сондай-ақ, құрма ағаштары да адам секілді еркек-ұрғашы болып бөлінеді. Адам шашы тәрізді еркектерінің жапырағы тік және қысқа болса, ұрғашыларынікі ұзын және төмен қарай жайлып өседі. Олар өзге өсімдіктер секілді тозаңдау жолы арқылы емес, ұрықтандыру арқылы көбейеді. Еркегінің ұрығын алып, ұрғашысына салып, қолдан ұрықтандырамыз. Жас өскін ананың құрсағы секілді бүйірінен томпайым өсіп шығады. Белгілі бір уақыттан кейін ұрғашы құрма ағашының бүйірінен бөліп алынады да, жақын жерге отырғызылады. Егер анасынан алыс жерге отырғызылса, өліп қалады. Бір қызығы еркегінің ұрығының исі адам шәуетінікімен бірдей.

Тағы бір ұқсастығы адам басы секілді құрма ағашының да жоғарғы жағында "жумра" атты домалақ басқару жүйесі орналасқан. Басқа ағаштардың жоғарғы жағын кесіп алып тастасаңыз, жанынан бұтағын жайып, өсіп кете береді. Ал құрма ағашы олай емес. Жұмрасын кесіп тастасыңыз яки, қатты соққы жесе, ағаш қурап кетеді. Яғни, өліп қалады. Адам сусыз өмір сүре алмайды. Құрма ағашы да басқа ағаштарға қарағанда суды көбірек қажет ететін өсімдік. Күнде суғаруға тура келеді", - деп әңгімесін аяқтады.

Қызықты осынау мәліметті естіп отырып Айша (р.а.) анамыздың мына хадисі есіме түсті: "Шаңырағымызда үш ай бойы қазан асылып, ыстық тамақ іше алмайтынбыз. Тек қара су мен құрманы азық ететінбіз".

Кез-келген бір келкі тағамның адам денсаулығына кері әсері болуы ықтимал. Ал құрма жемісі олай емес. Неге? Себебі құрманың құрамы адам бойындағы барлық қажетті витаминдерге бай. Ендеше әу баста айтылған құрма ағашының адам жаратылған топырақтан жаратылғандығының бір қосымша дәлелі ме? Ойланатын дүние!

Бағбан айтқан бұл мәліметтердің діни негізін ақтарып отырып кітаптардан тауып алдым. Əзіреті Əлиден (р.а.) риуаят етілген бір хадисте Алла елшісі (с.а.у.): "Немере әпкелеріңіз саналатын Құрма ағашын қадірлеңдер. Өйткені құрма ағашы Адам пайғамбар жаратылған топырақтан жаратылған. Құрма ағашынан басқа ұрықтанып, көбейетін ағаш жоқ. Жүкті әйелдеріңізге балғын құрманы жегізіңіздер. Ал балғыны жоқ болса, онда кептірілгенін беріңдер. Ағаштардың арасында көлеңкесінде Имранның қызы Мəриям  саялаған құрма ағашынан артық ағаш жоқ".

Әрине аталмыш бұл хадис жету тізбегі тұрғысынан сын көтермесе де, мағына тұрғысынан жоғарыдағы айтылғандарды қуаттай түспек.

Сондай-ақ, ғұлама Ниғматуллаһ әл-Жазайри өзінің "Әнуарун-Нұғмания" атты еңбегінде де құрма ағашының адам пайғамбар жаратылған топырақтың елегіндегі қалдықтан жаратылғандығын, сондықтан оған "нахла" делінетіндігін келтірген.

Айтылған мәліметтермен келісіп-келіспеу әркімнің өз қалауындағы дүние. Сенім мәселесіне жатпайды. Бірақ мазмұны шындыққа жақын қызық дүние. Міне, мен осылайша Мәдинаға барып, немере әпкемді, ерекше жақын туысқанымды тауып қайттым. Алла Тағаланың жаңа босанған Мәрия анамызға: "Қане, мына құрма ағашын өзіңе қарай тартып сілкілеп жібер, алдыңа жаңа піскен таза құрмалар түссін. Ал енді (құрмадан) жеп, (судан) іш һәм көзайым бол!" -деуі құрма жемісінің қасиеті жайлы көп нәрседен сыр шертсе керек. 

Дастархандарыңыздан құрма жемісі үзілмесін!

15 пікір
  • Өте қызық ақпарат! Алла разы болсын!
    6 жыл бұрын
  • Расында қызықты мәлімет екен.
    6 жыл бұрын
  • Oljas
    Керемет!!!
    6 жыл бұрын
  • Ангимениз оте асерли Алла рази болсин...
    6 жыл бұрын
  • Керемет. Қызықты мәлімет екен.
    6 жыл бұрын
  • Жақсы мәлімет екен. Құрманың құнары күшті. Оған әсіресе Ораза ұстаған кезде көз жеткізуге болады.
    6 жыл бұрын
  • Керемет! Мына таңғаларлық мәліметтерден кейін құрма ағашына құрметім арта түсті.
    6 жыл бұрын
  • Ой Алла шынымен де ұқсас жақтары көп екен. Кұрманың пайдалары туралы естіп те жеп те журсек аса мән бермеппіз. Әңгімеңіз өте әсерлі екен.
    6 жыл бұрын
  • Алла разы болсын, Қайрат аға! Расымен де қызықты әрі танымдық дүние екен. Қаламыңыз қарымды болсын!
    6 жыл бұрын
  • Өте қызық дүние екен.Құрманың дәмі оразада тәттірек көрінеді
    6 жыл бұрын
  • BQ
    Пайгамбарымыз с.а.у. бекерге бул жемиспен ауыз ашып, унеми тутыну туралы бекер айтпаса керек. Алла Тагаланын биз билмейтин неше турли ныгметтери бар десенизши...
    6 жыл бұрын
  • Иісі мұсылман қазақтың ас-суы адал, дастарханы берекелі болсын! Алла ұрпағымызға саналы ғұмыр берсін, ата-анамызды біздерге разы қылсын! Парыз етілген қажылық әрқайсымызға нәсіп болсын! (Қайрат аға сияқты қажылыққа барып, құлшылық етіп, қасиетті мекеннің топырағынан өнген құрма ағашының жемісін жегім келіп кетті).
    6 жыл бұрын
  • Алла разы болсын, Қайрат сізге. Құрманы тіпті мен сияқты қант мөлшері көбірек адамдардың да жеуіне рұқсат етедіекен. Яғни, басқа кептірілген тәтті жемістерге тыйым салынғанмен, диабетке шалдыққандарға да күніне 100 грамм құрма жеп тұруға болады дейді.
    6 жыл бұрын
  • керемет! өте әсерлі Аллахым разы болсын! Қайрат аға
    6 жыл бұрын
  • Құрма ағашының ерекше бір қасиеті

    Қажылыққа барған адамның елге тәбәрік ретінде алып қайтатын екі нәрсесі бар. Оның бірі - қасиетті зәм-зәм суы, екіншісі - құрма.
    Зәм-зәм суының шығу тарихын, оның адам ағзасына қандай пайдасы бар екенін естіп те, оқып та біліп жүрміз. Ал құрма қалай өседі, құрма ағашын қалай баптайды, ол жайында білетініміз аз. Биылғы қажылық сапарымызда жол түсіп Мәдина қаласындағы құрма бағына арнайы бардық. Мақсатымыз - құрма ағашының қалай өсетінін көзбен көру, өсіп тұрған құрманы қолмен үзіп алып, дәмін тату. Бұл біздің әуелден ойымызда жүрген арманымыз болатын.
    «Іздегенге – сұраған», – демей ме атам қазақ. Біз барған шақта құрманың пісіп самсап тұрған кезі екен. Баққа кіре сала ағашты қызықтап ұстап көріп жатырмыз. Қожайыны түрік ағайындар, бұл жерді жалға алып өз кәсіптерін дөңгелентіп жатқан көрінеді. Бауырларымыз шәй қайнатып, құрманың түр-түрін ұсынып, бізді құшақ жая қарсы алды. Дастархан басында әңгіме дүкен құрып, демімізді алған соң құрма бағын қызықтауға қайта шықтық. Бізге жол көрсетуші Әкбар есімді жігіт. Мәдина қаласында оқып жатқан студент, Шымкент қаласының тумасы. Оның құрма ағашының қалай өсетіні туралы әңгімесі бізді таңқалдырды.
    «Бұл құрма ағашы тура бір адам секілді өседі. Бір жерге отырғызсаңыз, 13-16 жылдан кейін жемісін бір-ақ береді. 60-70 жылдан соң жеміс беруін тоқтатады. Бұл ағаштың әкесі мен анасы болады. Анасының жанынан өсіп шыққан құрма ағашын, яғни баласын анасынан алшақ жерге апарып отырғызсаңыз, бір-бірін сағынады. Тіптен баласы өсуін тоқтатып қурап кетуі де мүмкін. Сондықтан баласын жанына отырғызу керек. Сосын бұл жеміс ағашының басында адамның миына ұқсас миы болады. Оны алып жейтіндер де бар. Миы алынған құрма ағашы өсуін тоқтатып, қурап кетеді», - дейді ол.
    Бірде пайғамбарымыз (ﷺ) жанындағы сахабалардан сұрайды: «Кім маған адам өміріне ұқсас өсетін өсімдікті айтып бере алады», – дегенде ешбірі үндемейді. Сонда Алла елшісі (ﷺ): «ол құрма ағашы», – деген екен.
    Құрғақшылық жерде өскендіктен бұл ағаш суды қажет етпейтіндей көрінеді. Керісінше, суды көп қажет етеді екен және айналасын міндетті түрде тазалап отыру керек. Қазір құрманы көрген сайын оның қандай бейнетпен өсетіні ойыма түсіп, бұрынғыдан да қатты қадірлейтін болдым.

    Мұхтар Тұртаев
    6 жыл бұрын