27.01.2016 7662 Ойтамшы
Соғым

Өткен жексенбі Мәди есімді досымыз соғым соямын, сендер де бірге жүріңдер, қуырдақ жейміз деген соң бірнеше жігіт болып Астана маңындағы бір ауылға тартып кеттік. Үй иесі аса жарқын жүзбен қарсы алды. Есік алдында қара домалақ балалар "шауып кел, барып келді" орындап, ары бері зыр жүгіріп жүр. Біз барғанша соғымды сойып бітуге жақындап қалыпты. Екі жігіт қабырғаларын сатырлатып сөгіп жатыр екен. "Соғым шүйгін болсын" - деп қал-жағдай сұрасқаннан кейін үй иесі іргелес тұрған қораға ертіп апарып, бірнеше  қызыл құжатты бәйге аттарын көрсетіп, әрқайсысын жеке таныстырды.  Қораның "жұпар иісі" бәрімізге жағып бара жатыр. Сыртта таза ауада аз-кем тұрғаннан кейін үйге кірдік. Тап-таза, артық бықи-шықиы жоқ, қарапайым шағын үй. Үй іші кірген кісіге ерекше көңіл сыйлады. Қаладағы әлем-жәлем дүниелермен безенген сарайдан гөрі мына қарапайым ауыл шаңырағы жанымызға жағып барады. Бәлкім жан сарайымыздағы ауылға деген сары сағынышымызды басты. Жердегі шағын ғана аласа дөңгелек стөлге айнала жайғасып едік, ғажап, он адам емін-еркін сыйып кеттік. "Қаладағы төрт бұрышты үстелге сыймас едік, мынау бір берекелі үстел екен" - деп жатырмыз. Дастарханға қолдың сары майы мен үйдің ыстық наны қойылыпты. Қалада да бар дүкеннің заттарына көз қиығын да салғанымыз жоқ. Қуырдақ келгенше нанға май жағып, қымыз іштік. Буы бұрқырап қуырдақ келді. Дастархан басында әдемі әзіл әңгімелер айтылды.

Тамақтан соң ерттеліп тұрған атқа мініп, үйдегі қара домалақ баламен бірге ауыл сыртына серуендеуге шығып кеттім. Жазық дала. Айғайлап тұрып шаба жөнелгің келеді. Астымдағы ат та ішкі қалауымды білгендей ме, жоқ әлде өзі де қорадан шыққан соң, еркін жазылып шапқысы келді ме, желіп барып, бас бермей шаба жөнелді. Жанымдағы он жасар қара домалақтың астында көк айғыр. Ертоқымсыз жайдақ мініп алған. Ол да жарысайық дегендей тебініп қалды. Жүйткіп келеміз. Екеуі де бәйге аты. Бірінен бірі қалысар емес. Аттардың жылдамдығы үдеген сайын үдеп барады. Кенет алдымыздан жылтыраған көк тайғақ үлкен жол шықты. "Тағасыз ат жығылатын болды" - дедім ішімнен. Мұндай кезде сонша екпінмен шауып келе жатқан аттың басын тартқан дұрыс па, жоқ әлде жіберген жөн бе, ойланып үлгергем жоқ. Ат сүрініп барады. Жер жақын. Аяғымды үзеңгіден шығарып үлгердім де, аттың қисайған жағынан аунап түстім. Аттың астында қалып қалмағаныма шүкір еттім. Ал ана қара домалақ аттың басын тартып, сырғанап барып өтіп кетті. Маған қарап аға аттың басын тарту керек еді деп ескерту жасады. 

Кешке таяу қалаға қайтуға жиналдық. Үй иесі үйлеріңе ала кетіңдер деп бір-бір торсық қымыз берді. Мәди сойдырып алған соғымын төртке бөліпті. Қаладағы бауырларыма таратып берем дейді. Нағыз қазақы мінез.  Мұндай мінезге ие халықты ешқандай дағдарыс та, жоқшылық та қыспақ емес.

Машинада кетіп бара жатып, ойға шомдым. Ауылым көз алдымнан өтіп жатыр. Біз ауылды көріп өстік. Атқа міндік. Шөп шаптық. Бүлдірген тердік. Қой бақтық.   Қораның астын тазаладық. Мал төлдеттік. Топырақ басып, жер иіскедік. Асық ойнадық. Көк шалғында асыр салып,  аунадық. Бұлақтың мөлдір суын жұттық. Химикат қосылмаған сүт пен айран ішіп, кілегей жаладық. Ыстық таба нан жедік. Құрт сордық. Қымыз сімірдік. Төрдің сәні болып отырған ақсақалдар мен әжелерімізді көрдік. Ағайындай араласатын көршілерді білдік. Соғым басы деп бір-бірін қыс бойы аралаған ауыл өміріне куə болдық. Тағысын тағы...

Ал біздің балаларымыз ше? Олар не көрді? Әнеу жылы ес біле бастаған кіші қызымды ауылға апарып, келе жатқанымда "мәә мен шын сиыр көрдім" демесі бар ма? Жүрегім зірк ете қалды. Шын сиыры несі, Құдай-ау?! Бейнебір зоопарктен маймыл көргендей...

Бүгінде көп ауылдың сәні кеткені де рас. Дүкеннен бөлке нан мен сары май сатып жеп отырған отбасылар да бар. Ауыл деген аты болмаса, қала өмірінен еш айырмашылығы жоқ. Ал жаңағы үй нағыз ауыл үйі. Сүйсінесің. Ешкімге мұқтаж да, қарыз да емес. Малын сатса пұл, сойса ет, сауса сүт пен қымыз. Қазақтың "доп ойнаған тозады, асық ойнаған азады, бәрінен де қой бағып, көтен жеген озады" - дегені қандай рас сөз. Бүгінде қазақ жастары ауылдан жұмыс іздеп қалаға жосылып жатыр. Тапқандары жалдаған баспанасы мен жол күресінен артылмайды. Не үшін? Қалада не бар?!

Біздің тамырымыз ауылда. Ата кəсібіміз мал бағу. Ұлан ғайыр мынау жер осыған ыңғайлы. Ауылда  қазақы мінез бар. Ауылда бар құндылығымыз қалды. Ендеше ауылымызды жоғалтып алмайықшы ағайын!

16 пікір
  • Менде бүгін ауылды сағыну күні сияқты)) Таңертеңмен Мейрамбектің "Туған елге" атты жаңа әнін тыңдап, сөзін жазған ақын Ибрагим Исаның өмірінің соңғы сәттеріндегі көңіл-күйін түйсінгендей бір жылап алдым. Сосын сонау Америкада "түбі туған жерге қайтам" деп елін сағынып жүрген хореогроф Жанат Байдаралиннің сұхбатын оқып, бір тебірендім. Енді міне, сіздің ауыл туралы жазбаңызды оқып, жүрегімдегі сағыныш одан сайын артып отыр. Ауыл өмірін әдемі суреттепсіз, аға. Рахмет!
    6 жыл бұрын
  • Шынымен де тұла бойымды сағыныш кернеп барады. Ауылдағы балалық шақ есіме түсіп елжіреп отырмын. Ойымды тура жеткізе біліпсіз. Қосыламын балаларымыз сиыр көрсе маймыл көргендей қуанады. Балаларымыздын ауыл тұрмысын көре алмай жатсынып өсіп жатқанына өкінемін. Рақмет.
    6 жыл бұрын
  • Кеше ғана осы қалада неге жүрмін, қаланың 4 қабырғасында қамалып, ауылыма көшіп кетсем ба деген ойлар маза бермеген еді. Далада өскен адамға, қалаға көндігу қиын екен ғой. Көңіл шіркін 4 қабырғаға сыймай кетеді екен. Балаларыма жаным ашиды. Қызым мен балам да, қазақ емес па, жыл бойы жаздық демалыстарын сағынып жүреді. Атқа мініп едік, есек қуып едік деп.
    Былтыр Наурызда жұмыста киіз үй тіккенбіз, сол жерге қызымды апардым. Жұмыстастар қызыма тауық еті мен кола беріп жатса,8 жасар қызым болса, мен қазы жеп мен қымыз ішем дегенде ду етіп күлген. Қызың қалалық па десек, ауылдық екен ғой деп.
    Ауылымды одан сайын сағындым...

    6 жыл бұрын
  • Шаруаның жөнін білген адам ауылда да тоқ отырады . Жұмыс жоқ деп қалаға келгеннің артында баламыз жақсы білім алса, жеңіл өмір сүрсек деген пиғылымызда бар. Мал да егін де өспейтін біздікі сияқты өңірлер де бар. Екі-үш жыл бұрын сиырлар өріске кешке кетіп , түсте келеді дегенді естіп таңғалдым. Байқоңыры ма, басқасы ма жылдан-жылға жер қуырылып бара жатыр. Үш-төрт жыл бұрын барғанда сағынған күбінің айраны мен майы да жоқ, табаға ешкім нан көмбейді, самауырмен тойда да шай қайнатпайды. Есесіне трансгенді "сарымай " жеп, американың тауығын жеп əйелдер біраз семірген. Басқа саланы қатырмайтын сияқтымыз, сол мал бағатындарға қолдау көбейтсе экологиялық таза өнімдермен жоғарылауға болар еді.
    6 жыл бұрын
  • Тағасыз атпен тайғақ жолда жарысып жүрген Сізде жүрек жұтқан екенсіз. Қойлы ауыл еске түсіп кетті. Оқушы кезімде жазғы демалыста атама қой бағуға көметесетінмін. Атамның "Балам, Пайғамбарлардың көбі қой баққан. Бұл берекелі тірлік. Мына кәпір бол деген заманда осы қой бағып, тауға кеткенен тынышы жоқ" дейтіні әлі есімде. Сүнет тірілтемін десең қой баққан дұрыс ау.
    6 жыл бұрын
  • Соңғы кезде ауылды сағынбайтындай болып кеткен сияқтымын. Бірақ мына жазбадағы үндеуді оқып, ауылдың жақсы жақтарын есіме алып, сағынышым оянғандай. Рахмет аға!
    6 жыл бұрын
  • Шіркін, ауылды есіме түсіріп жібердіңіз.... Өкпек желі теріні қарыған, топырағы суырып тұратын, даласында адыраспан мен сексеуілден басқа шөп өспейтін, малы шөпті тұяғымен теуіп жейтін, адамдары ақкөңіл, кең пейіл, аузын ашса, көмекейін көрінетін қайран менің туған ауылым! Әрбір тасың, әрбір көшең, қолдан қазылып, кейін сусыз сусап қалған әрбір арығың мен үшін қымбат. Туған жердің қадірін жасым қырқадан асқанда, барлық абзал жандарым /әке-шеше, бауырларым/ дүние салып, сенің қойнауыңа арулап жерленген соң, өзім сенен ұзап, қаланың құйтырқы тіршілігіне сіңіп кетіп барып білдім. Сағындым ауылымды...
    6 жыл бұрын
  • Қайрат аға, Аллаһ разы болсын! Осындай қарапайым тілмен, үлкен өзекті мәселені қысқа да нұсқа көрсете білетініңізге рахмет. Қазақтың қайнар көзі ауыл, ауылдан ажырасаң қазақы болмыс, дін, діл, тіл, рух, салт-дәстүр мен мәдениет, тарихыңнан ажырағаның.
    Бұрынға жазбаларыңызды да, мүмкіндігінше оқып отырамын. Менің айтқым келгені, мүмкін болса, Қайрат аға, келесі өзекті мәселе болып тұрған тақырыпта қалам тербесеңіз деп едім.
    Бұдан бірнеше жыл бұрын Muslim.kz сайтында бір оқырманның араб, мұсылман елдерін қоныс аудару (хижрет жасау) сұрағына өз пікіріңізді білдіргенсіз. Соңғы кезде, жат ағымды ұстанып жүрген кейбір жандардың арасында өзекті мәселе болып отырған, жоғарыда айтып кеткендей, мұсылман елдеріне қоныс аудару, соларға еліктеу, өмір сүру, арабтар сияқты тұрып жүру, аты жоқ, жөні жоқ қақтығыстарға қатысу т.б. Бір сөзбен айтқанда «Сүннет» деген қасиетті сөздің қадірін кетіріп жүргендері өкінішке орай баршылық.
    Ендігі сұрағым, әрі өтінішім келесідей. Өзіңіз алғашқы болып және Сізден кейінгі інілеріңіз сол араб елдерінде (Мысыр, Ливан, Иемен т.б.) араб мемлекеттерінде білім алып, олардың өмірі мен салт-дәстүрін, ой-санасына бізге қарағанда бір табан жақын үңіліп, былайша айтқанда, арапты іштей көргенсіздер ғой.
    Қазір дін жолында қызмет істеп жүрген өзіңізде, Абдусаттар, Абдуғаппар, Ерсін, Арман, Қабылбек сынды бауырларыңыз уағыздарында да, сол арабтың Пайғамбарымыздың с.а.у. кезіндегі «сахаба» араб емес, өзіміз сияқты «Айфон» мен «Феррари» қуалап жүрген арап екенін ұғынықты және еліктемеу керек екенін айтып жатсада, кейбір өздерін діннің «сәләф-пионері» болып жүрген бауырларға солар бүгінгі таңда бір «идеальный» болып жүр.
    90 жылдары Батыс, Америка бір арман, идеальный болып, оның сөздерін «Окей, Hello т.б. » айту, қолдану бір арман болса, бүгінде жағдай керісінше, бұл тренд Таяу Шығыс елдеріне қарай ауысқан.
    Бір сөзбен айтқанда, араб, түрік т.б. болу кейбір қазақтарға, қазақ болудан «модный» болып бара жатырда!
    Аллаға шүкір, жеріміз, еліміз, Елбасымыз, тіліміз, салт-дәстүріміз бар. Өзіңіз осы тақырыпта көрсетіп кеткен, «ауыл» деген үлкен қара шаңырақ, ұлт бесігі, тәрбие мектебі бар. Қазақ қанша орыстанса да, еуропаланса да, қалалық болып кетсе, бір сәт болсада, қаланың күйбең тіршілігінен бір сәтке болсада жаны қысылып, Ұлы Жаратушы о баста рухымызға салып қойған, дархан даланы, тауды, ауыл түтінін, дала шөбін аңсау сияқты қасиетімізден бір жаңылмаймыз.
    Ендігі жерде, қайран қалдырып, не жыларыңды, не күлеріңді білмейтін күйге түсіретін жоғарыда айтып кеткен кейбір жандардың айдаладағыны аңсауы, солай боламын деп тырысу, ұмтылу сияқты әрекеттер, бұл Ұлы Раббымыз салып берген жүйеге, ережеге қарсы келу шығар деген ой келеді. Қасетті Құранда «Сендерді ел-елге, жерге-жерге бөліп, ұлттар етіп жараттық деген» мағынадағы аяттарда Раббымыз қалай, кім етіп жаратты, сол берген несібесіне, рызығына шүкірлік ету керек шығар?.
    Қайрат аға, өзіңіз жоғарыда айтып кеткендей, араб қоғамында біраз тұрдыңыз, сұхбаттас болдыңыз, қызмет бабында да, сан алуан түрлі Таяу Шығыс елдерінің арабтарын көріп жүрсіз.
    Осы орайда, өзіңіздің осы тақырыпта ойлап жүргеніңіз бар шығар, қазақтың түрік, арабтардан кем түспейтінімізді, салт-дәстүріміз Аллаһтың асыл дініне, Пайғамбар с.а.у. сүннеті мен хадистеріне теріс келмейтіндігін, керісінше, халқымыздың сол салт-дәстүрінің қалыптасуына осы дін, Құран сүрелері мен аяттары, сүннет пен хадистерге негізделгенін ескере отырып, бір қалам тербеп қойсаңыз деген өтінішім бар.
    Өйткені, сол кейбір бауырлардың Аллаһтың қазақ етіп жаратқан әміріне қырсығып, өзін кемсітіп, ата-бабасы ғасырлар бойы Ислам діні негізінде қалыптастырған үлкен дүниені, айдаладағы халықтың «таңсығын аңсап» айырбастап жүргенін бір рет болсада естеріне салып қойсаңыз деген пендешелікпен жазған ойым ғой.
    Егер артық жазып қойсам, Аллаһтан да, өздеріңізден де ғафу етулеріңізді сұраймын.
    6 жыл бұрын
  • Ауылға барып қайтқандай әсер алдым! Әсіресе, атқа мініп жарысу ауылдағы ғажайып нәрсенің бірi еді ғой. Алла тіл көзден сақтасын аға, тамаша екен!
    6 жыл бұрын
  • Ия Қайрат аға. Өте дұрыс айтасыз. Аллах разы болсын. Кей жандарға ауыл қарапайым бір жер болып көрінуі мүмкін.Алайда ауыл өмірі әрдайым қызық қой. Оның қызықшылығы - күйгелең тіршілігі мен бірқатар қиыншылығында.
    6 жыл бұрын
  • Ассалаумағалейкум Қайреке! Ауылдың иісін аңсатып қарнымызды аштырып жібердіңізғой...Рахмет
    6 жыл бұрын
  • Auildan kewe keldim kalaga. Minani okip tagi kaitkim kelip ketti goi))))
    6 жыл бұрын
    • Иәә, сіздің ауыл сағым болып, ерекше есте қалды ғой...
      6 жыл бұрын
  • күшті....
    6 жыл бұрын
  • Бала күнімде жайлаудағы нағашыма "маған зілдей ауыр сақа керек, анау жүрген қошқарды сой" деп еркелік ететін ем. Сақасын да алам, жайлауға мені алып барған үлкендер де жас ет жеп қарық болатын еді.
    6 жыл бұрын
  • Ауыл деп ауылғада барып келдім,шіркін балалық шақ сағым болып қалдау барі көкіректе сайрап тур көз алдыма баяғы бала кундерім көлбеңдеп келе берді.Көзді ұқалай сап ойынға бас салушы едік, түсте табаның ыстық нанын сармай жағып бір кесе айранды сіміре салып бір нəрседен құр қалғандай қайта кетуші едік,ымырт үйіріліп мал қораға оралғанда бізде келуші едік.Анамыз күлімсіреп қарсыалып беттеріңе қараңдаршы бесит тояды деп ,самайдан аққан термен бірге жабысқан қара топыррақты көріп қол аяқтарыңды жуып тамқтарыңды ішіңдер ,тамақ ішкеніміз ішіп ішпегеніміз талықсып құлаушы едік.....Қайтып келмейтін балғын балалық бақытты кездерай ,осындай абыр сабыр думанды көнегөз қарттары бар ауылды көріп өскен біздер бақыттымыз.тарбиеде бөлек едіау.Балаларыңызды уақыт болса ауылға апарып тұрыңыздар...........рахметКайреке сіздің мақалаңыздан кейін ауылға жақсы саяхат жасадым алған асерімді сөзбен сірə жеткізе алмаспын...............
    6 жыл бұрын