11.01.2016 15733 Ойтамшы
Нығмет пен ниқмет!

Қысқы демалыс болған соң отбасымызбен Алматыға тартып кеттік. Туған-туыстың бәрі осында ғой. Балаларым әйтеурі мәз. Ағайынның  өздерімен қатарлас балаларымен мәре-сәре болып ойнап жүр. Әкем марқұм қайтарында "балалар жат болып кетпесін, қай жерде жүрсеңдер де бір-бірлеріңмен жиі араласыңдар"- деп шегелеп тұрып, аманат қылып айтып кеткен болатын. Аллаға шүкір он бауыр бүгінде ынтымағы жарасқан үлкен әулетпіз. Бір-бірімізді іздеп, қолдан келгенше жәрдемдесіп тұрамыз. Шешеміз бәрін түгендеп отырады. "Абысын тату болса, ас көп" демекші әулеттің келіндері де бір үйдің әпкелі-сіңілі қыздарындай тату-тәтті.

Бауырларымызбен өткен-кеткенді еске алып, арқа-жарқа болып, дастархан басында әңгімелесіп отырмыз. Мұрат есімді ағам ескі күндерден есінде қалған мына бір естелігін айтып берді: "Кеңес кезеңі. Қалада оқуда жүрген кезім. Әкем қалаға кетерімде азғантай ғана ақша беретін еді. Ол ақша не тойып емін-еркін тамақ ішкенге жетпейді, не жұрт құсап мода қуып киінгенге жетпейді. Қысқасы студент кезімде өлместің күнін кештім. Оқуды аяқтап, қолыма бір жапырақ қағазымды ұстап, ауылға да келдім-ау әйтеуір. Әкеме оқуды аяқтаған құжатымды көрсетіп едім, дереу мені ертіп ақша сақтайтын қобдишасының жанына алып келді. Қобдишасын ашып еді, кілең бума-бума 25 сомдық ақшалар екен. Әкем: "Мына ақшадан қалағаныңша ал. Қалаған нәрсеңе жұмса" - деді. Мен әкеме ренжіңкіреп: "Әке, мен қалада жұрттың балалары секілді кең жүріп оқи алмадым. Қиналған кездерім де аз болмады. Осы ақшаны сол кезде бермедің бе?" - дедім. Әкем: "Балам, сен қаладасың. Мен сені жанымда жүргендей қадағалай алмаймын. Қала да, заман да жылтыр мұз секілді. Тайып жығылуың әбден мүмкін. Қалтаңда артық ақшаң болса, қыдырғың келеді, оны бір жерлерге барып жұмсауың керек. Балаларға қосылып, темекі тартып, ішімдік ішіп теріс жолға түсіп кетуіңнен қорықтым. Оның үстіне өмірдің қиыншылығын көрсең, кейінгі өміріңе сабақ болады. Молшылықтың қадірін білесің" - деді. Мен басымды шұлғып, үнсіз келістім".

Ағам осы естелігін айтқанда, әкемнің оқуға кетерде маған да азғантай ғана ақша ұстататыны, ал шешемнің әкемнен тығып тағы бір нәрселер беретіні есіме түсті. Қазір қарап отырсам екеуінікі де шынайы мейірімнен туған әрекет. Әкемдікі артық ақша баланы бұзады деген қауіп болса, шешемдікі қиналып қалмасын деген ана мейірімі.

Жоқтықтың салдарынан балаға қысып беру оңай ғой. Ал бар бола тұра үнемдеп беру қиын. Бүгінде бала тәрбиесінде көп ата-ананың қателесетін тұсы да осы. Балам ешкімнен кем болмасын деп небір қымбат дүниелерді алып беріп, қалтасын ақшаға толтырып тастау қаншалық дұрыс?!  Бар асылға ерте жаста еңбексіз жеткен баланың психологиясы бұзылады. Ол армандайтын, қызығатын ешнәрсе қалмайды. Қатарынан ерекшеленгендіктен, өзгеге жоғарыдан қарайтын көкірек бітеді. Малдың қадірі кетеді. Ысырапқа үйір болады. Айта берсе көп қой.

Құранның: "Мал-мүліктерің де, балаларың да сендер үшін тек қана сынақ" - деген бәріміз білетін аяты бар. Қазіргі таңдағы кейбір бай-манап, биік мансап иелерінің ұл-қыздарының есебі жоқ, қадірі кеткен бейпіл байлықтың кесірінен жасап жатқан сорақы әс-әрекеттерін көргенде, бала тәрбиесіндегі осынау олқылықтың нәтижесі екеніне көзің нақ жетеді. Байлықтың бұзбағаны кемде-кем. Оның бүлігінен аман қалғаны да некен-саяқ. Осы тұста Абайдың "Қарны тоқтық, ісі жоқтық аздырар адам баласын" дегені ойға оралады.  Алла Тағала кейде жазалағысы келген адамға үйіп-төгіп есепсіз байлықты да, атақ пен мансапты де бере салады. Нығмет пен ниқметті ажырату қиын. "Нығмет" түсінікті. Ал "ниқмет" жаза дегенді білдіреді. Ендеше бүгінде "нығмет" деп жүргеніміз, Жаратқанның нығмет кейпіндегі ниқметі болып жүрмесін! Байлық Алладан алшақтатпаса ғана нығмет! Адамдығыңнан адастырмаса ғана нығмет! Әйтпесе ниқмет!

23 пікір
  • Қош келдіңіз, Қайрат аға!
    Отбасыларыңыздағы ауызбіршіліктеріңіз артып, берекелеріңіз еселенсін!
    6 жыл бұрын
  • Иә, өмірден алынған бір мысал. Ой саларлық... Нығметіміз арта берсін!
    6 жыл бұрын
  • Алла разы болсын!
    6 жыл бұрын
  • Ағайды сағынған едік, сағынғанымыз сонша аракідік "ойтамшысына əлденені түртіп жазып қоймады ма екен" деп кіріп қарағанымызда, бағанының біраз уақыт бойы босап қалғанын байқап қынжылып қалатынбыз. Оңашада отырып жазған ойларыңызды оқып, ағалық ақылыңыздан азық алатын іні-қарындастарыңызды сағындырмаңыз Қайрат аға, Алла разы болсын сізден! Жиі жазып тұрсаңыз да жалықпаймыз оқудан.
    6 жыл бұрын
  • Шағын жазбамен үлкен ой салдыңыз, аға! Рахмет! Жиі жазып тұрыңызшы. Расымен жазбаларыңызды сағындық.
    6 жыл бұрын
  • Алла разы болсын. Нығметтен бөлек "ниқмет" сөзінің бар екенін білмеппін...
    6 жыл бұрын
  • Жазарыңыз да, жасарыңыз да көп болсын, Қайрат аға! Рақмет!
    6 жыл бұрын
  • Қоғамдағы үлкен проблемалардың бірі осы ғой. Көптеген ата-аналар балам ішіп-жесін деп аузына тыға береді. Кейде қолдан аштық жасап, қиыншылық көрген жақсы сияқты.
    6 жыл бұрын
  • Қазақ халқы өзі дарақы келеміз ғой. Ешкімнен кем болмасын деп, баланың тәрбиесін бұзып та жібереміз.
    Сол байлықтың да есебі барын білсе еді, байлықтың буына мастанып жүргендер.
    Мына кризис деп шулап жатырмыз, бұл да Алладан келген сынақ шығар. Соңғы жылдары өтірік емес, тоқшылықтан небір сорақы істер орын алып кетті.
    Қайрат аға жазарыңыз таусылмасын, күттіргеніңізге тұрарлық жазба екен. Ойландырды.
    6 жыл бұрын
    • қазақ халқы дарақы емес!) бұны жалған намыс, мен шындықты айттым ғой деп қабылдамаңыз. менің ойым "қазақты құтқаратын тек қана қазақ" деген Бекболат ағамыздың ойына саяр. қарапайым кішкене балаға да сен ақымақсың, түкке шамаң келмейді деп басына құя берсек, әй, қайдам, кішкентай бала тұрмақ өзімізге де біреулер жан-жақтан төпелей берсе, күніге санаға сіңіре берсе, күндердің күні қолымыздан бір іс келмей жатса, расымен мен нашар адаммын деп ойлап қалуымыз бек мүмкін. (әрі бармай-ақ кеңес кезіндегі орекеңдердің қазақтың миына құйғандығын еске алайық) Бар айтарым, сұрарым, әлеуметтің көзінше, өз туғанымызға сөз тигізбейік! біз асылдардың сынығымыз! болдым))
      6 жыл бұрын
      • Думан мырза патриоттығыңызға тәнтімін, сіздей азаматтар көп болсын.
        Әр қазақ менің жалғызым, Қазағымды жақсы көрем, Аллаға шүкір қазақи тәрбие алдым, балаларыма да қазақи тәрбие беруге тырысып жүрмін. Әр халықтың, тіпті әр адамның өзінің плюсы мен минусы бар, оны неге жасыру керекпіз, қайта осы аурулармен күресу керек бізге. Идеал халық немесе адам болмайды. Бетке айтқанның айыбы жоқ, сын түзелмей, мін түзелмейді. Бірақ осы дарақылықты кейде өз бойымнан да, өз замандастарымның бойынан да көріп жатам, сол үшін де қынжылам.
        Ауруын жасырған өледі, жаман айтпай жақсы жоқ деген де сөздер бар, оны мен айтсам онда тұрған не бар, басқа халық осындай баға бермесін деңіз.
        Рас айтасыз асылдың сынығымыз, толыққанды асыл емеспіз-ау.
        Мен де болдым)))
        Сізге өз ойымды жеткізе алдым деп ойлаймын.
        6 жыл бұрын
  • Ассалаумагалейкум, Кака! Алла денинизге саулык, отбасыларынызга ынтымак берсин! Жазар кобейсин!
    6 жыл бұрын
  • Биреу тонып секиред биреу тойып секиред. Тура айткан екенсіз Кайрат ага. Артык акшам жок екен. Соган жаксы "сылтау" болдыгой))
    6 жыл бұрын
  • Керемет жазба екен! Қаламыңыздан оқырманға ой саларлық туындылар шығуына шын жүректен тілектеспін...
    6 жыл бұрын
  • Ағайын тату болса, арқадан арқар ауып әуре болмайды. Ағайынның тату болмағы азаматтың теңдігі мен от анасының кеңдігіне тәуелді. Бір берекелі әулет мемлекеттің қуатты бір тірегі.

    Бала кезімде жастық албырттыққа салып әкемнің кейбір шешімдеріне уәж айтқан кездерімде, әкем кейін үлкейгенде менің әр сөзімнің дұрыс айтылғанына көзің жетіп, құлағың қызаратын кездер болады дейтін. Іштей былай істесе әлдеқайда дұрыс еді ғой деп күйіп тұрсам да әке сөзінен аспай үнсіз істей беретінмін. Есейе келе әкемнің әр шешімінің көз алдын ғана емес бірнеше бұрылыстарды болжап барып, шегініс пен серпілістің арасын шақтап алып айтқаны екеніне көзім жиі жететін болды. Сосын әкем не айтса да асықпай тыңдауға, түсінуге тырыстым. Жүрек түкпірінде ӘКЕМНІҢ ШЕШІМІ ДҰРЫС болады деген ой тұратын болды. Сол сезімге өзім іштей қуанатын болдым. Әкем не айтса да орындап, сол бір асқар тұлғаның ығына, көңіліне қарай құлауға дайын тұратын болдым. Әке қанша қатал болса да дұрыс шешім айтады, ал мейірман ана әке шешімін жұмсартып жеткізуші, көзге көрінетін қолдаушы.

    Ағайынның береке бірлігінің мықты болуына қатысты 10 жылдай бұрын Серік Қирабаев ағамыздан естіген ұлағатты әңгімес әлі есімде. Өзімде бауырларымның арасында сол туралы айтып жүрем. Серік ағамыздың арғы ата бабаларынан жалғасып келе жатқан әулеттік салттары бар екен. Ол салт бойынша бір анадан туған бауырлар өз кіндігінен туған бір-бір балаларын өзара алмастырып өздеріне бала етіп асырайды екен. Ондағы мақсат ағайынды екі адам бір-бірінен алыстап кетпесін, өзара байланып қалсын деген ізгі ой екен. Сонда отбасындағы әйел өз абысынына бәсеке қылып ол үй туралы артық сөз айта алмайды екен. Себебі, ол үйде өз баласы, өз үйінде ол үйдің баласы жүр. Ал ағайындылардың балалары да өзара бауырмал болып келеді екен. Мен де сол салтты қатты бағалаймын.

    Әкем баласын айналып шықпайтын, сол үшін ағайынның арасын ашып жүрген әйел көрсе, "Жаман қатынға бала бітсе, қоярға жер таппайды" деп жақтырмай отырады. Қазіргі жас аналар өз балалары үшін ағайынның арасын ашпақ түгілі, алаштың абыройына нұқсан келтіретін тірліктерге барып жататыны өкінішті әрине.
    6 жыл бұрын
  • Murat
    Jaksy jazilipti
    6 жыл бұрын
  • Аллаһ разы болсын Қайрат аға! Балаға жақсы тәрбие беру үшін оған екі есе ақша аз жұмсап, екі есе уақыт көп жұмсау керек екендігін осы жазбадан көз жеткізуге болады
    6 жыл бұрын
  • Allahim razi bolsin! Kairat aga
    6 жыл бұрын
  • Өте тамаша ой айтылыпты! Қайрат ағаның ойды, насихатты, уағызды осындай ғибратты оқиғалар арқылы жеткізу стилі ұнайды!
    6 жыл бұрын
  • Ассалаумағалейким аға! Аллаh разы болсын сізге! Адамдарға құнды дүниелер жеткізіп тұрасыз. Өткенде сізді жалпы дін саласынан кетіп қалды дегенде қатты қиналған едім, себебі сіз сияқты дін мамандары бізге қатты қажет. Сізді Аллаh разылығы үшін жақсы көремін! Аллаh сізге амандық берсін! Осы портал ашылғанда Ынтымақ-Сенімдегі селкеу-Жүректер неге мазасыз?- т.б. шағын видеолар жиберген едіңіз, сондай уағыздарыңызды мүмкіндігіңіз болса жіберіп тұрасыз ба ??
    6 жыл бұрын
  • Жүректен шыққан сөз, жүрекке жетеді-деген осы.
    6 жыл бұрын
  • .
    6 жыл бұрын