Әкімнің берген шапанын алмай қойған табиғин Тауыс ибн Кәйсәнның оқиғасы
Әкімнің берген шапанын алмай қойған табиғин Тауыс ибн Кәйсәнның оқиғасы
4 жыл бұрын 5269
Абдусамат Қасым

Миләди VII-VIII ғасырларда Тауыс ибн Кәйсән есімді табиғин ғұлама өмір кешкен. Оның шын аты-жөні: Әбу Абдуррахман Зәкуән ибн Кәйсән. Өз заманындағы ғалымдардың алды болғандықтан оған жұрт «Тауыс» деген лақап ат тағады.

Тауыс ибн Кәйсан елуге жуық сахабалардың көзін көрген табиғин. Ол Әзіреті Айша анамыздан, Абдулла ибн Омардан, Әбу Һурайрадан, Зәйд ибн Арқамнан т.б. сахабалардан (р.а.) хадис үйреніп, үйренген хадистерін өзінен кейінгі ұрпаққа жеткізді. Құранның қыр-сырын сахаба Абдулла ибн Аббастан үйренген. Фиқһ ғылымының білгірі болған.

Тауыс ибн Кәйсан Йемен жерінде тұратын. Ол кезде Йеменнің билігі залым Хажжаж ибн Юсуфтың інісі Мұхаммед ибн Юсуф әс-Сақафидің қолында-тын.

Мұхаммед ибн Юсуф әс-Сақафи өзінің ағасынан бойына жиған біраз жаман қасиеттері бар болса да, жақсы жақтары да жоқ емес еді.

Қыс мезгіліндегі суық күндердің бірінде Тауыс және табиғин Уәһб ибн Мүнәббиһ екеуі таң-азанымен әкім Мұхаммед әс-Сәқафиге кіреді. Әкімнің алдында отырғандарында Тауыс уағыз-насихаттар айтып, сонда отырған жұрттың көзінше оған ақыл-кеңестерін білдіреді. Сол кезде әкім өзінің қызметшілерінің біріне:

-Жігітім! Тайласан шапанын алып келіп, Әбу Абдуррахманның (Тауыстың) иығына жапшы! – дейді. (Тайласан шапаны - зиялылар ғана киетін жасыл түсті қымбат шапанның түрі).

Қызметшісі қымбат шапанды алып келіп, Тауыстың иығына жабады. Тауыс уағыз-насихатын тоқтатпай жалғастыра берді. Уағыз айту барысында екі иығын ақырын қимылдатып, ақыры иығындағы шапанды түсіреді. Сосын тұрады да шапанды алмастан кетіп қалады.

Тауыстың сыйлықты қабыл алмағанына қатты ашуланған әкім Мұхаммед ибн Юсуф әс-Сақафидің екі көзі қанталап, екі беті ду-ду қайнайды. Бірақ ләм-мим деп тіл қата алмайды.

Тауыс пен досы Уәһб мәжілістен айырылып, сыртқа шыққан кездерінде досы Уәһб оған:

- Аллаға ант етейін, бізге оның қаһары қажет емес! Тайласан (шапанын) ала салсаң нең кететін еді? Шапанды алып, сатып жіберер едің. Кейін оның ақшасын кедей-кепшікке таратып берер едің, - дейді досы.

- Айтқаның дұрыс. Бірақ, егер, ол шапанды алғанымда менен кейінгі дін ғалымдары: «Тауыс та алған тұғын» деп, әкімдерден сыйлық алып, бірақ сен айтқандай істемей қояма деп қорықтым, - деген екен.

***

Тауыстың әрекетіне кектеніп қалған әкім Мұхаммед ибн Юсуф оны масқара еткісі келіп, қармағына түсірудің орайын іздеп жүреді.

Бір күні жеті жүз алтын динар салынған әмиян дайындайды. Сөйтіп өзінің айналасындағы әккі біреуге:

- Мына әмиянды алып, Тауыс ибн Кәйсәнға алып бар. Не істесең, о істе! Бірақ ол осы әмиянды алатын болсын. Егер, осы әмиянды қабыл еткізер болсаң, саған мұның екі есесін беремін. Және сені киіндіріп, өзімнің қасыма аламын, - деп жібереді.

Жаңағы адам әмиянды алып Тауыстың тұратын елді-мекенге қарай жол тартады. Тауыс «Санъа» қаласына жақын «Жәнәд» деп аталатын ауылда тұратын. Әлгі адам Тауысқа келіп, аман-саулық сұрасып, майдалап сөйлеп көңілін аулауға тырысты. Кейін оған:

- Уа, Әбу Абдуррахман! Мына нәпақаны саған әмір жіберген еді, - деп алтынға толы әмиянды созды.

- Мен ақшаға мұқтаж емеспін, - деп Тауыс алтынды қабыл етпей қояды.

Жаңағы адам қанша көндіруге тырысса да Тауыс ол әмиянды алмайды. Ақыры көнбейтініне көзі жеткен ол, қапыда Тауыс байқамай тұрған кезде әмиянды үйдің қабырғасында орналасқан кішкене терезеге қояды. Сөйтеді де, қош айтысып, ол жерден кетеді де, әмірге барып: «Тақсыр! Тауыс алтынды қабыл етті» деп айтады. 

Оның бұл сөзі Мұхаммед ибн Юсуфқа сүйінші хабар тәрізді сезілді. Іштей қуанса да сыртқа көрсетпеуге тырысты.

Біраз күн өткеннен соң әкім өзінің жендеттерінен бір-екеуін Тауысқа жолдайды. Қастарына өткендегі әмиянды жасырын тастаған адамды да қосып жібереді.

Олар Тауысқа келіп:

- Әмір тақсырдың жолдаған адамы өткенде қателесіп, әмиянды сізге әкеп беріпті. Негізінде ол басқа адамға арналған еді. Соны қайтарып алуға келдік. Сізден алып, шын иесіне апармақшымыз, - деп өтірік мүләйімсиді.

- Мен әкім тақсырдан еш нәрсе алған жоқпын, қайтарар еш нәрсем жоқ, - дейді Тауыс түкке түсінбей.

- Алдыңыз! Оны мына кісінің өзі сізге келіп тапсырған, - дейді олар қоймай.

Сонда Тауыс өткендегі келген адамға бұрылып:

- Мен сенең бір нәрсе алдым ба? – деп сұрайды.

Адамның денесі су тер болып, бойын үрей билеп:

- Жо-оқ. Сіз байқамай тұрғанда мен, оны мына терезеге қойдым, - деп шындығын айтып қояды.

Тауыс әлгі екі жендетке: «Барып, қараңдар! Барма екен, көріңдер!» дейді. Олар терезеге қараса, шыннан да әмиян тұр екен. Бірақ, әмиянға өрмекші ауын салып, ешкім қол тигізбеген күйде жатыр екен. Олар әмиянды алып, кері қайтады. Осылайша әмірдің арам ойы жүзеге аспай қалыпты[1]. 


[1] Доктор Абдуррахман Рафат әл-Бәшә: «Суару мин хаятит Тәбиъин» атты кітаптан. (Араб тілінде).

 

0 пікір