Келін мен ененің оқиғасы (Мәуләнәдан хикая)
Келін мен ененің оқиғасы (Мәуләнәдан хикая)
24 күн бұрын 7869
А. Қасым

Баяғыда бір сұлу бойжеткен жақсы көрген жігітіне тұрмысқа шығып, күйеуі және ата-енесімен бірге бір үйде тұрыпты. Сүйгенімен бас қосқанына қуанышты әрине, бірақ енесімен жұлдызы қарсы болыпты. Екеуінің көзқарасы екі түрлі. Бірі - жас, екіншісі - қарт. Осы және басқа да майда-шүйде себептердің салдарынан күннен күнге ұрыстары өрши бастайды. Жігіт болса, анасы мен әйелінің ортасында қалып, бақытсыз күн кешіп жатты.

Жас келін күндердің бірінде «бұлай болмайды, бір шарасын табу керек» деп іштей енесінен құтылудың жолын ойлайды. Ойлана келе бұрыннан таныстығы бар - шөптен дәрі жасайтын емшіге барады. Оған мән-жайды түсінідіріп, одан жәрдем сұрайды. Содан емші оған әртүрлі шөптерден тұнба жасап береді. Бірақ енесіне у бергенін ешкім сезіктенбес үшін аз-аздан беруді келінге нұсқап жатып :

- Бұл тұнбаны үш ай бойы күніге енеңнің тамағына аз мөлшерде араластырып беріп тұр. Және де ешкім күмәнданбас үшін енеңмен жақсы қарымқатынаста бол. Оның ең жақсы көретін дәмді тамақтарын жасап беріп тұр, - деп қатаң ескертеді.

Жас келін тұнбаны алып, қуанып үйіне оралады. Үйіне келгеннен кейін қария емшінің айтқандарын екі етпей орындайды. Күніге енесінің ең жақсы көрген асын әзірлеп, ішіне аз мөлшерде у қосып беріп отырады. Және де кейіннен күмән болмас үшін енесімен жақсы мәміледе болып жүреді.

Біраз күннен кейін енесінің де көзқарасы өзгереді. Ол келінін өзінің қызындай жақсы көріп кетеді. Бұрынғы келін мен ене арасындағы ұрыс-керіс сап тыйылып, бәрі бақытты болады.

Уақыт өте келе келін өзін кінәлі сезіне бастайды. Содан қайтып емшіге барады. Емшіге барып: бұрынғы ісіне өкінендігін, енді енесінің өлуін қаламайтындығын, сондықтан, осы уақытқа дейін енесіне беріп келген удың әсерін қайтаратын у қайтарғыш дәрі жасап беруін сұрайды.

Қарт емші етегі жасқа толып алдына қайта келіп отырған жас келінге қарап қарқылдап күліп жібереді де, былай дейді:

- Уайымдама, қызым! Саған бергенім, шын мәнінде, у емес тұғын. Ол пайдалы дәрумендерді қамтыған тұнба еді. Оны енеңе беруің арқылы, қайта, оны қуаттандыра түстің. Шынайы у, ол – енең мен сенің араңдағы болған нәрсе. Сен оған жақсы қарай бастағаннан соң, оның да саған деген көзқарасы өзгерді. Араларыңдағы дүшпандық уы кетіп, оның орнына сүйіспеншілік пайда болды. Осылайша, сендер келін мен ене емес, қыз бен анаға айналдыңдар! - деген екен.

«Жақсы көрілетін адам, ол – өзге адамдарды жақсы көрген адам. Бір-бірімізге сүйіспеншілікпен мәміле жасау - ішіміздегі удың у қайтарғышы (антидот) болып табылады»[1].


[1] Fatma Cengiz: «Mevlana’dan Huzur Veren Hikayeler».

 

0 пікір