Антропоморфтық аяттар (грекше anthropos – адам және morphe – форма, пішін) – бұл Құран Кәрімдегі Алла Тағалаға байланысты, сырттай қарағанда адамға немесе жаратылысқа ұқсатар сөздер мен ұғымдарды қамтитын аяттар. Оны кәләм ғылымында: «мүтәшәбиһәт аяттар» дейді. (Мүтәшәбиһәт аяттар бірнеше түрге бөлінуі мүмкін).
Ислами ілімдердің алтын ғасырында өмір сүрген «кәлам» және «тәпсір» ғалымы Әбу Мансур әл-Мәтуридидің (853-944) "Тәуиләту әл-Құран" атты еңбегі – мұсылман әлемі үшін баға жетпес рухани мұра. Бұл тәпсір тек Құран аяттарының мағынасын ашып қана қоймай, сол кезеңдегі күрделі теологиялық мәселелерге, соның ішінде әсіресе Алланың сипаттарына қатысты пікірталастарға жауап іздейді. Осы орайда, Имам Мәтуридидің антропоморфтық, яғни «мүтәшәбиһәт» аяттарды (Алланы адамға ұқсас қылып сипаттайтындай көрінетін аяттарды) түсіндірудегі әдістемесі ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл мақалада біз Имам Мәтуридидің мүтәшәбиһәт аяттардың бірі саналатын «антропоморфтық аяттарды» түсіндіру әдісінде ақыл мен нақылды (Құран мен Сүннет) қалай үйлестіргенін, әрі, «тәпсірлеу» мен «тәуилдеу» (астарлы мағынада жору) тәсілдерін қалай қолданғанын және бұл ұстанымының «кәламдық пікірталастарға» тигізген әсерін қысқаша әңгімелейтін боламыз.
Антропоморфтық аяттар (мүтәшәбиһәт аяттар)
Құран Кәрімде Алла Тағалаға қатысты "йәд" (қол), "уәжһ" (жүз), "айн" (көз) сияқты сөздер және "истиуа" (көтерілу, орнығу) етістігі кездеседі. Бұл аяттарды тікелей, сөзбе-сөз түсіну Алланы жаратылысқа ұқсатуға (тәшбих, антропоморфизм) алып келуі мүмкін еді. Екінші жағынан, бұл сипаттарды толығымен жоққа шығару (таътил) немесе шектен тыс рационалды түсіндіру (Құранда келген сипаттарды жоққа шығаруға дейін бару) - Құранның негізгі рухына қайшы. Осы күрделі жағдайда Имам Мәтуриди орта жолды ұстанып, Әһлі Сүннет уәл-жамағаттың негізгі қағидаларын қорғады.
Имам Мәтуридидің аяттарды түсіндіру әдістемесі: Тәфсир мен Тәуилдің теңдігі
Имам Мәтуриди антропоморфтық (мүтәшәбиһәт) аяттарды түсіндіруде екі негізгі әдісті – тәфсир мен тәуилді – шеберлікпен қолдана білген.
Имам Мәтуриди бойынша, тәфсир – бұл аяттың тікелей, айқын мағынасын анықтау, ол сахабаларға тән әдіс, сол үшін көбіне сахабалар мен табиғиндерден жеткен риуаяттарға сүйеніледі. Сахабалар - сол кездегі уақиғаларды өз көздерімен көріп куә болған жандар. Олар (р.а.) Құран аяттарының түсуіне түрткі болған жағдайларды жақсы білді. Сондықтан, сахабалардың (р.а.) аяттарға жасаған тәпсірлері - маңызды, себебі олар мәселені көздерімен көріп, аяттың түсуіне түрткі болған жағдаяттарға куә болған. Алайда, егер тікелей мағынасы Алланың ұлылығына, Оның жаратылысқа ұқсамайтын болмысына (мухалафатун лил-хауадис) қайшы келетін болса, Имам Мәтуриди тәуилге жүгінген.
Тәуил – бұл аяттың астарлы, тереңірек мағынасын ашу деген сөз. Бұл – фәқиһ ғұламаларға тән әдіс дейді1. Бірақ Мәтуридидің тәуилі – шектен шыққан негізсіз жорамал емес. Имам Мәтуриди бойынша, тәуил – аяттың астарындағы қамтылған әртүрлі мағыналарды ашып көрсету, олармен таныстыру, алайда, дәл қайсысы мақсат етіліп тұрғаны бір Аллаға аян дейді. Басқаша айтқанда, тәуилші аяттың астарындағы мағыналардың бірін "мағынасы осылай" деп кесіп айтпайды, нақты мағынасын Аллаға қалдырады2.
Ол тәуил жасау әдісінде бірнеше маңызды шарттарды ұстанған. Олар төмендегінше:
- Араб тілінің заңдылықтары: Таңдалған мағына араб тілінің грамматикалық және лексикалық ережелеріне сәйкес болуы керек.
- Құранның жалпы контексі: Аяттың мағынасы Құранның басқа «мухкәм» аяттарына және жалпы іліміне қайшы келмеуі тиіс. (Мухкәм – ашық анық, екі ұдай мағына білдірмейтін аяттар).
- Ақли дәлелдер: Түсіндірме ақылға қонымды, логикалық тұрғыдан негізделген болуы қажет.
- Алланың ұлылығына лайықтылық: Ең бастысы, тәуил жасалған мағына - Алла Тағаланың кемел сипаттарына, Оның ешбір жаратылысқа ұқсамайтындығына лайықты болуы керек.
Мысалы, "Рахман Аршқа истиуа етті»3 аятын түсіндіргенде, Имам Мәтуриди "истиуа" сөзінің тікелей мағынасының ("отыру" немесе "орнығу") Аллаға тән емес екенін, өйткені ондай мағынаның отыратын орындықты және орындыққа отыратын денені қажет етеді, Ұлы Аллаға тән емес. Ұлы Алланың денесі жоқ және ол орынға отырмайды. Ол «еш нәрсеге ұқсас емес». Сондықтан, Ол (Имам Мәтуриди) аталмыш аятты «истиуә» сөзіндегі «билік», «басқару», «үстемдік», «иелік ету» деген астарлы мағыналарға тәуил жасаған. Сол сияқты, "Алланың қолы" дегенді де «Алланың қолы бар» дегеннен гөрі, «Алланың құдірет, күшін», «мейірім», «көмегін» білдіреді деп түсіндіреді. Бірақ мағынасы дәл осы деп те кесіп айтпай, мақсат етілген мағына бір Аллаға аян деп, Аллаға қалдырады.
Кәламдық пікірталастар аясындағы ұстаным
Имам Мәтуридидің бұл әдістемесі оны сол кездегі екі шетін көзқарастан айырып тұр, яғни, Алланы жаратылыстарға ұқсатудан тайынбаған «мүшәббиһә» ағымындағылар мен ақылға сыймайтын сипаттарды жоққа шығаруға дайын тұратын «мұғтәзилиттерден» ерекшелендіріп тұр.
-
Мүшәббиһа ағымындағылар - бұл аяттарды тікелей мағынасында түсініп: “Алланың адамға ұқсас дене мүшелері бар» деп сенді. Имам Мәтуриди бұл көзқарасты Құрандағы Құдай Тағаланың: "Оған ұқсас еш нәрсе жоқ"4 деген аятына қайшы келетін қауіпті адасушылық деп санайды.
-
Мұғтәзилиттер болса - Алланы жаратылысқа ұқсатып қоюдан қатты сақтанғаны соншалық, Алланың кейбір сипаттарын жоққа шығаруға дейін барды. Не болмаса, Алланың сипаттарын ақылға сүйеніп шектен тыс тәуилдер жасады. Имам Мәтуриди олардың бұл әдісін де сынап, Құран мен Сүннетте келген сипаттарды негізсіз жоққа шығаруға болмайтынын, бірақ оларды Алланың ұлылығына сай түсіну керектігін алға тартты.
Имам Мәтуридидің негізгі ұстанымы – мүтәшәбиһ аяттардағы сипаттарды Құранда келгендей қабылдау, бірақ олардың кәйфийятын (қалай екенін) талқыламау, әрідесе, оларды жаратылыстың сипаттарына ұқсатпау. Ол адам ақылын - Алланың бар екенін, бір екенін және сипаттарын тануда маңызды құрал деп білді, бірақ ақылдың шегі бар екенін, әсіресе ғайып мәселелерінде нақылға (уахиге) сүйену керектігін ескертті.
Ақыл мен нақылдың үйлесімі
Имам Мәтуридидің антропоморфтық аяттарды түсіндірудегі жетістігі – ақыл мен нақылды үйлестіре білуінде. Ол: «әуелі нақыл, одан соң ақыл» деді:
- Нақылды негіз етеді: Түсіндірудің бастапқы нүктесі әрқашан Құран мен Сүннет болуы тиіс деп есептеді.
- Ақылды құрал ретінде пайдаланады: Ақыл аяттардың мағынасын тереңірек түсінуге, олардың арасындағы байланысты табуға және қарама-қайшылықтарды шешуге көмектеседі. Әсіресе, кейбір мүтәшәбиһат (антропоморфтық екі ұдай мағыналы) аяттардың тікелей мағынасы Алланың ұлылығына сай келмегенде, ақыл дұрыс тәуил жасауға жол сілтейді.
- Шектен шығудан сақтанады: Ол ақылды Құран мен Сүннеттен жоғары қоймайды және нақылды жоққа шығаратын немесе бұрмалайтын ақылға негізделген тұжырымдардан аулақ болады.
Бұл ұстаным Мәтуриди мектебінің негізгі ерекшеліктерінің біріне айналды. Кейіннен Әшғари мектебінің ғалымдары да осы ұстанымды ту етті.
Қорытынды
Имам Әбу Мансур әл-Мәтуридидің "Тауилату әл-Құран" атты ауқымды тәпсіріндегі антропоморфтық аяттарды түсіндіру әдістемесі – Ислам теологиясындағы маңызды белес болып есептеледі. Ол тікелей мағынаға жабысып қалатын антропоморфизмнен де, Алланың сипаттарын жоққа шығаратын шектен тыс рационализмнен де сақтанып, орта жолды ұстанды. Ақыл мен нақылды шебер үйлестіре отырып, тәфсир мен тәуилді орнымен қолдану арқылы Имам Мәтуриди Құран аяттарын Алла Тағаланың ұлылығына және кемелдігіне сай түсінудің үлгісін көрсетті. Оның бұл ұстанымы мен әдістемесі Әһлі Сүннет уәл-жамағат жолының кәламдық негіздерін нығайтуға елеулі үлес қосып, ғасырлар бойы мұсылман ғалымдары үшін маңызды бағдар болып келеді. Бұл мәселені тереңірек зерттеу қазіргі таңдағы діни түсініктерді саралауға да септігін тигізері сөзсіз.
Әлхамдулилләһи Раббил аләмин!
1Имам Мәтуриди рахимаһуллаһ, «Тәуиләту Әһли сунна» атты тәпсір кітабы. 1 том. Алғы сөзі.
2Имам Мәтуриди рахимаһуллаһ, «Тәуиләту Әһли сунна» атты тәпсір кітабы. 1 том. Алғы сөзі.
3«Таха» сүресі, 5 аят.
4«Шура» сүресі, 11 аят.