Қиямет қайымның негізгі белгілері
Қиямет қайымның негізгі белгілері
24 күн бұрын 4868

Заманның ақырында туындайтын кейбір ғажайып жағдайлар бар, оларды «қиямет белгілері» деп атайды. Бұлардың туындауы – ақырет өмірінің жақын қалғандығын көрсетпек. «Қиямет қайымның» басты белгілері мыналар:

1) Бір түтіннің (духан) пайда болуы. Бұл түтіннің тұруы қырық күн бойы жалғасады. Түтін мүміндерге тиген кезде, мүміндер тұмау тигендей халде болады. Кәпірлер болса, мас адамша күй кешеді.

2) Даджал деген атпен бір адам шығып, өзін Құдай деп әйгілейді және әртүрлі таңғажайып кереметтер көрсетеді, оны дінде «истидраж» дейді. Истидраж – пасықтығы мен күпірлігі анық білінетін бір адамның әлдебір жағдайға қатысты көрсеткен кереметі. Бұған оның дұға-тілектерінің қабыл болуын да жатқызсақ болады. Истидраж жолымен керемет көрсетуі – оның Құдай Тағаланың азабына ұшырауына алып келеді.

3) «Дәббәтуль ард» деп аталатын, бейнебір хайуан түрі жер астынан шығып адамдармен адамша сөйлеседі.

4) Күн уақытша батыстан шығады.

5) Иса пайғамбар (ғалейһиссәләм) көктен түсіп, белгілі бір мерзім бойы Мұхаммед пайғамбардың шариғатымен (діни заң) жүретін болады.

6) «Яжуж» және «Мәжуж» деген екі тайпа жер бетіне жайылып, фитна-фәсәд (бұзғыншылық, қырып жою) тудырады.

7) Үш «хәсәф» (Жердің опырылуы). Үш жерде жердің опырылу жағдайы орын алады. Бірі – шығыста, екіншісі – батыста, ал үшіншісі - Араб жазирасында (түбегінде) орын алады.

8) Йемен жақта жан түршігерлік от пайда болады.  

Аталмыш «белгілердің» бәрі дерлігі уақыты келгенде орын алатындықтары шүбәсіз. Бұлар Дін Исламның екінші дәлелі саналатын сүннет-хадистермен нақтыланған дүниелер. Бұл жағдайлар Алла Тағаланың құдіретімен әрі бізге белгісіз бір хикмет үшін туындайды. Сондықтан да, бұл мәліметтерді бұрмалауға немесе тәуіл жасап, оларға басқа мән-мағына беруге себеп жоқ.

islam.kz 

0 пікір