Жас балалардың ақыреттегі жағдайы
Жас балалардың ақыреттегі жағдайы
4 ай бұрын 11624
Имам Әбу Йуср әл-Бәздәуі, "Усулуддин".

Әһли сүннә уәл жамағат өкілдерінің бәрідерлігі "ақыретте, яғни, о дүниеде мұсылмандардың балалары пейіште болады" деген. Өйткені мұсылмандардың балалары жайында көптеген хадистер риуаят етіледі. Ол хадистер өздерінің көптігі себепті «мағына» жағынан «мүтәуәтір хадис» дәрежесінде. (Яғни, мәтіндері әртүрлі болғанымен мазмұны бір болғаны себепті «мағына жағынан мүтәуәтір хадис» ретінде саналады).

Мысалы, Оның (ғалейһиссәләм) мынадай бір сөзі бар:

«Дүниеге келмей жатып шетінеген (түсік) сәби пейіштің есігінде ашуланып: «Ата-анам пейішке кірмейінше, мен пейішке кірмеймін...» деп кірмей тұрып алады...»[1]. (Хадистің жалғасында: «Сен де, ата-анаң да кіріңдер делінеді» делінген).

Осы орайда, Әбу Ханифадан жеткен бір мәліметте Имам Ағзам Әбу Ханифаның мұсылмандар мен мүшріктердің балаларының ақыреттегі жағдайларына байланысты әлдебір үкім айтпастан, бұл мәселеде тұрақтаған делінеді. Десе де, бұл Оның (Әбу Ханифаның) жас кезіне қатысты. Ол кезде Оған бұл хадистер жетпеген тұғын. Кейін хадистер жеткеннен кейін (ол жайындағы риуаяттарды білгеннен кейін) ол өз райынан (пікірінен) қайтқан, (яғни, кейін мұсылмандардың балаларының пейіштік боларына тоқтам жасаған). Бұл тақырыпқа қатысты ахбарлар (ақбарлар, яғни, риуаяттар) көп... 

Ал енді мүшріктердің (немесе кәпірлердің) балаларының ақыреттегі жағдайларына келер болсақ, ол жайында әртүрлі көзқарас бар. Кейбіреулер олардың пейіш иелерінің қызметшілері болатындығын айтады. Кейбіреулер: «Ағраф» иелері деген солар» дейді. Тіпті кейбіреулердің айтысына қарағанда: "Қиямет күні тозақтан мойын шығады (мойынға ұқсас оттың жалыны шығады). Ол оларға (мүшріктердің балаларына) тозаққа кіруін әмір етеді. Кім оның әміріне мойнсұнып тозаққа кірсе, ол пейішке кірген болады. Ал кім бас тартса тозаққа кіреді (яғни, қиямет күні оларды сынайды)..." дейді олар. Бұлар Пайғамбарымыздан хадисті осылай риуаят етеді.

(Әйтсе де) Имам Мұхаммедтің (Әбу Ханифаның шәкірті) бұған байланысты былай дегендігі айтылады:

«Менің білетінім – Алла Тағала ешкімді күнәсіз жазаламайды».

Имам Мұхаммед әлгіндей деу арқылы мүшріктердің (жастайынан қайтыс болып кеткен) балаларының тозаққа кірмейтіндігін меңзеп тұр.

Ал «қиямет күні тозақтан мойын шығып, ол оларға тозаққа кірулерін әмір етеді, кім әмірге мойынсұса пейіштік, кім қарсы келсе тозақтық...» деген сөз (және осы хадисті мүшріктердің балаларына жатқызу) - Әһли сүннәнің жолына қайшы. Өйткені о дүние – сынақ орны емес. Ал аталмыш хадис болса, о дүниенің сынақ орны екендігін білдіруде. Сондай-ақ ол хадисте үлкен күнә жасаушының тозақта мәңгі қалатыны жайында да сөз бар. (Бұл да Әһли суннаның сеніміне қайшы, өйткені өзге сахих әрі мәшһур хадистерде үлкен күнә жасаушының мәңгі тозақта қалмайтыны айтылады, ол жүрегіндегі иманы себепті соңында тозақтан шығарылатындығы айтылған, осы жөнінен қарағанда «қайшы» деп тұр)...

(Қорыта айтқанда: мұсылмандардың кішкене күнінде шетінеген сәбилері о дүниеде пейіштік болмақ. Мұнда дау жоқ. Тіпті кейбір риуаяттарға қарасақ мұсылман ата-анасына олар араша түсетіндігі білдірілген. Ал, мұсылман емес, кәпір немесе мүшріктердің жастайынан қайтыс болған балаларының пейішке кіретіндіктері жайында талас бар. Бірақ жалпы Ислам қағидатына қарасақ және жалқы сахих риуаяттарға қарасақ, олардың да пейіштік болатындығын айтуға болады, Аллаһу аъләм - ауд.).

Ықшамдап аударған: А. Қасым.


[1] Хадис Әбу Ханифаның «Мүснәд» атты хадистер жинағында, «Түсіктің шапағат етуі» тарауында риуаят етілген; Ибн Хаббан: «әл-Мәжрухун»; Абдурраззақ: «әл_Мусаннаф”; Имам Табарани: «Әусат» және «Кебир» т.б.. хадис жинақтарында бар. Хадистің жеке өзін алғанда дәрежесі әлсіз делінеді, жалған хадис дейтіндер де бар.

0 пікір