«Алланың өзі де, есімдері мен сипаттары да әзәли болып табылады...». Алланың сипаттары
«Алланың өзі де, есімдері мен сипаттары да әзәли болып табылады...». Алланың сипаттары
3 жыл бұрын 9378
Абдусамат Қасым

 

لا يُشبِهُ شيئًا مِنَ الأشياءِ مِنْ خَلقِهِ، ولا يشبِهُهُ شىءٌ مِن خلقِهِ

«Ол (Алла Тағала) жаратқан нәрселерінің ешбіріне ұқсамайды. Сондай-ақ, жаратқан нәрселерінің ешбірі оған ұқсамайды».

Алла Тағала жаратылыстардың ешбіріне ұқсамайды. Мейлі есімдерінде болсын, мейлі сипаттарында болсын, мейлі істеген істерінде болсын, ешкімге ұқсамайды.Ол дара. Оған тең келер ешкім жоқ.

 لم يزلْ ولا يزالُ بأسمائِهِ وصفاتِهِ الذاتيةِ والفِعليّةِ

«Ол (Алла) есімдерімен және фиъли, әрі зати сипаттарымен әзәлдан бар еді, бұдан кейін де бар бола береді».

Алла Тағаланың өзі де, есімдері мен сипаттары да әзәли болып табылады. Яғни, Алланың өзі секілді Оның есімдері де, сипаттары да кейіннен жаратылмаған. Әзәлден бар. Мысалы, Алланың «жарату» сипаты, кейіннен пайда болды деп айтпаймыз. Алла Тағаланың есім, сипаттарының да бастауы жоқ, соңы жоқ. Мәңгі.

Зәти сипат пен Фиъли сипаттың айырмашылығы

Құдай Тағаланың Зәти сипаттары мен Фиъли сипаттарының айырмашылығы – Фиъли сипаттарда Алла Тағала ол сипаттың қарама-қайшысымен сипаттала алады. Сондай ерекшелігі бар сипатты «Фиъли сипат» дейміз. Мысалы, Алла Тағаланың «рахма», яғни, рахымдылық, мейрімділік деген сипаты бар. Бірақ, бұған қарама-қайшы «ғадаб», яғни, «ашулану» сипаты да жоқ емес. Демек, «рахма» сипаты – Алла Тағаланың «фиъли сипаттарына» жатады екен.

Ал, зәти сипаттары деп – Алла Тағала қарама-қайшысымен сипатталуы мүмкін емес сипаттарын айтамыз. Мысалы, Алланың «ъилм» сипаты бар. Білу. Бұның қарама-қайшысы болып келетін «білмес» немесе «білмеу» сипаттарымен Алла Тағала сипатталмайды. Сондықтан «ъилм» сипаты – зәти сипатқа жатады. Және де «құдрет» сипаты бар. Бұның қарама-қайшысы болып келетін «әлсіздік» сипатымен Алланың сипатталуы мүмкін емес. Сондықтан, Алла Тағаланың «құдрет» сипатын – зәти сипатқа жатқызамыз т.б.   

Демек, Алла Тағала қарама-қайшысымен сипатталуы мүмкін болған сипаттарын – Фиъли сипат дейді екенбіз. Ал, Алла Тағала қарама-қайшысымен сипатталуы мүмкін емес сипаттарын – Зәти сипат деп атайды екенбіз. 

أما الذاتيةُ: فالحياةُ والقدرةُ والعلمُ والكلامُ والسمعُ والبصرُ والإرادةُ

«Зәти сипаттары мыналар: «әл-Хәйәт» - тірілік, «әл-Құдрет» - құдірет (құдіреттілік), «әл-Ъилм» - білу (білгіштік), «әл-Кәләм» - сөйлеу, «әс-Сәмъ» - есту, «әл-Басар» - көру сипаты, «әл-Ирада» - қалау (ерік, таңдау еркі)».

Зәти сипаттары:

  1. Әл-Хәйәт – Алла Тағала тірі. Ол - өзінің әзәли сипаты болып табылатын «әл-Хәйәт» сипатымен тірі.
  2.  «әл-Құдрет» - Алла Тағала өзінің әзәли сипаты болып табылатын «құдіреттілік» сипатымен құдіретті. Әрнәрсеге күші жетуші. Алла Тағала әзәлден құдірет иесі болғандықтан құдіретті. Адамдар сияқты күш-қуаты кейіннен пайда болған жоқ.
  3.  «әл-Ъилм» - Алла Тағаланың өзінің әзәли сипаты болып табылатын «білу» сипатымен біледі. Адамдар секілді білу сипаты кейіннен пайда болған жоқ. Алла Тағаланың білгіш сипаты ежелден бар еді. Ол барлық нәрсені - болғанды да, болатысыны да бүге-шүгесіне дейін анық біледі. Білгіштігінде шек жоқ. Және де оның білгіштігі заманға тәуелді емес, дамуға тәуелді емес. Яғни, адамдар сияқты заман өте келе білімдар, әрі дами келе білгір болған жоқ. Ол (Алла) әзәлден шексіз білім иесі.
  4. «әл-Кәләм» - Алла Тағала өзінің әзәли сипаты болып табылатын сөйлеу сипатымен сөйлеуші. Оның сөйлеуі жаратылыстардың сөйлеуіне ұқсамайды. Адамдардың сөйлеуі белгілі ағзалармен, белгілі дыбыс, әріптерге мұқтаж. Алла Тағаланың сөйлеуі аталмыш нәрселерден құлан-таза. Ол – есім және сипаттарында дара, ешкімге ұқсамайды.
  5. «әс-Сәмъ» - Алла Тағала өзінің есту сипатымен естиді. Оның есту сипаты әзәлден бар. Ол жарияны да, жасырынды да естиді.
  6. «әл-Басар» - Алла Тағала көруші. Өзінің әзәли сипаты болып табылатын көру сипатымен көреді.
  7. «әл-Ирада» - Алла Тағала ерік иесі. Ол қаласа болады, қаламаса болмайды. Ол қаласа жаратады, қаламаса жаратпайды. Дүние және ақыреттегі ешнәрсе оның ерік, қалауынсыз пайда болмайды. Алла нені қалаған болса, сол нәрсе болады. Ал нені қаламаған болса, ол нәрсе болмайды. «Ол – қалаған нәрсесін істеуші». (Аят).

    

وأما الفعليةُ: فالتخليقُ والتـرزيقُ والإنشاءُ والإبداعُ والصنعُ، وغيرُ ذلكَ من صفاتِ الفعلِ.

«Фиъли сипаттары болса, мыналар: «Әт-Тәхлиқ» – жарату, «әт-Тәрзиқ» - ризиқ беру, «әл-Иншә» - (безендіріп жасау), «әл-Ибдәъ» (бұрын болмаған нәрсені жарату), «әс-Сунъ» (шебер түрде жасау) және тағы да басқа фиъли сипаттары».

Бұлардың «фиъли» деп аталуының себебі, бұл сипаттардың көрініс табуы – жаратылыстардың бар болуына байланысты.  

Әт-Тәхлиқ, әл-Иншә, әл-Ибдәъ, әс-Сунъ сипаттарының ортақ мағынасы – жарату, яғни, жоқтан бар ету. Бірақ, әрқайсысының тілдік тұрғыда өзіндік ерекше мән-мағынасы да жоқ емес.

Мысалы, кейбір тіл мамандары «әл-Хәлқ», яғни, «жарату» сөзіне қатысты: «Жоқ нәрсені бар нәрседен жарату» - деп түсіндіреді. Мысалы, Құранда: «Хәләқокум мин тыйн», - деген аят бар. Мағынасы: «Сендерді балшықтан жаратты». Яғни, Адам атаны одан бұрын жаратылған балшықтан жаратқан. Осы жерде «хәлқ» сөзі қолданылып отыр.   

Әл-Иншә – сөзіне қатысты: бір нәрсені безендіріп, толықтырып, жоғарғы деңгейде жасау деп түсінік береді.    

Әл-Ибдәъ – жоқ нәрседен, жоқ нәрсе жасау. Басқаша айтқанда, бұрын-соңды болмаған, әрі ұқсасы жоқ дүниені ойлап табу, жасау.

Әс-Сунъ – бір нәрсені мінсіз, шебер түрде, ұсталықпен жасау. Әлдебір нәрсені керемет істеу. Мысалы, «ұсталық» пен «өнерді» арабша - «Сыйнаъа» (صناعة) дейді. Ол да сол «сунъ» сөзімен түбірлес.

Алла Тағала - жоқтан бар етуші, әр нәрсені шебер түрде және жоғарғы деңгейде, керемет қылып жасаушы. Оның әрбір жаратылысында мін жоқ. Атақты ақын Майлықожаның мына сөзі қалай керемет айтылған:

Шеберді шебер дегенше,
Алланы шебер дейсейші.
Қар жаудырып қыс қылған, 
Жұмыртқаны құс қылған...

«Және тағы да басқа фиъли сипаттары» - Мысалы, әл-Ихйә – жан беру, әл-Имәтә – жан алу, әт-Тасуир – бейнелеу, әл-Инбәт – өсіру (мысалы, өсімдіктерді) т.б.  

 لم يزل وَلَا يزَال بصفاته وأسمائه لم يحدث لَهُ صفة وَلَا اسْم 

 «Алла Тағала сипаттарымен және есімдерімен әзәлдән бар еді, одан әріде бар бола бермек. Оның ешбір сипаты және ешбір есімі кейіннен пайда болған емес (егер, кейіннен пайда болды десек, одан бұрын оның сол жөні кем еді деген боламыз, бұл Алланың кәмілдігіне қайшы, Алла кемшіліктерден пәк - ауд.).

لم يزل عَالما بِعِلْمِهِ وَالْعلم صفة فِي الْأَزَل وقادرا بقدرته وَالْقُدْرَة صفة فِي الْأَزَل ومتكلما بِكَلَامِهِ وَالْكَلَام صفة فِي الْأَزَل وخالقا بتخليقه والتخليق صفة فِي الْأَزَل وفاعلا بِفِعْلِهِ وَالْفِعْل صفة فِي الْأَزَل 

Ол өзінің білу сипатымен әрдайым біледі. Білу – оның әзәлдан бар сипаты. Ол – өзінің құдіреттілігімен әрдайым (әрнәрсеге) құдіретті. Құдіретті болу – оның әзәлдан бар сипаты (кейіннен пайда болған емес). Ол – кәләм сипатымен сөйлеуші. Кәләм – оның ежелден бар сипаты. Ол – өзінің жарату сипатымен жаратушы. Жарату – оның әзәлден бар сипаты. Ол – өзінің істеу сипатымен істеуші. Істеу – оның әзәлдан бар сипаты.

وَالْفَاعِل هُوَ الله تَعَالَى وَالْفِعْل صفة فِي الْأَزَل وَالْمَفْعُول مَخْلُوق وَفعل الله تَعَالَى غير مَخْلُوق وَصِفَاته فِي الْأَزَل غير محدثة وَلَا مخلوقة 

Істеуші, ол – Алла Тағала. Істеу – әзәлден бар сипат.  Істелінген нәрсе – жаратылған саналады. Ал, Алла Тағаланың ісі – жаратылмаған. Оның әзәлден бар сипаттары – кейіннен пайда болмаған әрі жаратылған емес.

وَمن قَالَ إِنَّهَا مخلوقة أَو محدثة اَوْ وقف اَوْ شكّ فيهمَا فَهُوَ كَافِر بِاللَّه تَعَالَى

Кімде-кім оларды жаратылған немесе кейіннен пайда болған деп айтар болса, яки, тұрақтаса (яғни, "әзәли де демеймін, кейіннен жаратылған да демеймін, деп бір шешімге келмесе), не болмаса, (сипаттардың солай екендігіне) күмәндәніп, екі ойлы болып тұрса, ол адам – Алланы жоққа шығарушы (кәпір) болмақ.(Өйткені, мүмін адам - Алланың өзімен қоса, есім-сипаттарының да әзәли, бастауы жоқ, соңы жоқ, мәңгі екендігіне сенген адам)». 

Имам Ағзам Әбу Ханифа: "әл-Фиқһуль Әкбәр". 

 

0 пікір