Алданған сопылар (2 бөлім)
Алданған сопылар (2 бөлім)
11 ай бұрын 1777
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

(жалғасы)

Бисмилләһир рахманир рахим

4. Алданған сопылардың төртінші тобы - жасырын рухани залалдан арылмағандар.

Кейбір сопылар жоғарыда айтқан (үшінші топ) сопылардан да өтіп кеткен. Иә, олар жақсы сауапты істер істеп, адал ырзық табуға талпынады, жүректерінің рухани күйін есепке алады. Бірақ араларындағы кейбіреулері зүһд (дүние тәркі), тәуәкел, рыза және махаббат деңгейлеріне жеткендіктерін айтып сендіргісі келеді. Алайда, аталмыш рухани деңгейлердің шынайы мәнісін ұқпаған және бұл деңгейлерге жетудің шарт-талаптарын. белгілері мен залалдарын толық түсінбеген, сөйте тұра аталмыш рухани деңгейлерге жеттім деп сендіреді.

Тағы біреулері Алла Тағалаға деген ғашықтығынан «уижд» (транс) сезіміне түсіп, махаббаттан өзін жоғалтып алғандығын айтады. Тіпті ондайлар Құдай Тағалаға қатысты кейбір дінбұзарлық немесе күпірлік, бұзық қиялдар көре бастаулары да мүмкін. Олар «мағрифатқа» (мағриватуллаһ - Алланы тануға) жетпей тұрып, «махаббатуллаға» (Аллаға деген махаббатқа) жеткендігін айтады. Бұл мүмкін емес нәрсе. Сөйте тұра, Аллаға ұнамсыз істерді істеуден және өз нәпсісін Алланың бұйрықтарынан бұрын қоюдан тартынбайды. Кейбір ұнамсыз істерді адамдардан ұялғаннан істемейді, бірақ жалғыз қалғанда Алладан ұялып, істемей қоймайды. Сонда, бұндай қылықтың «Алланы сүю» (махабатулла) деңгейіне теріс екендігін білмей ме?! 

Аллаға тәуекелді қате түсінетіндер

Кейбіреулері қанағаттылық пен тәуекелділікке құштар. Аллаға тәуекел етуді толық орындау үшін, ешқандай азық-түліксіз шөлді кезіп кетеді. Алайда, бұлай істеудің - не сахабалардан, не кейінгі буын сәләф солихиннен жетпеген бидғат (дінбұзар) іс екендігін білмейді. Аллаға тәуекел ету ұғымын ең жақсы білетін солар еді (яғни, сахабалар мен алдынғы буын сәләф ғалымдар). Сахабалар мен сәләф ғалымдар тәуекелді «азықсыз, аш-жалаңаш жүріп, жанын қауіп-қатерге салу» деп түсінбеген. Сахабалар мен сәләф ғалымдар (жолға шығарда) азық-түліктерін өздерімен бірге алып, сосын Аллаға тәуекел ететін, онымен бірге, олар азық-түлікке сенім артпайтын, Аллаға сенім артатын. Ал азық-түлік алмай «Аллаға тәуекел еттім» деуші кісі мүмкін Аллаға емес, басқа бір өзі сенген себепке сенім артатын болар.

Құтқарушы деңгейлердің қайсысы болмасын, әйтеуір кейбір адамдар сол деңгейде алданған болады. Бұл жайлы толық «ихя улумиддин» кітабымыздағы «мүнжият» тарауында, «Мәдәхилуль Әфәт» атты тақырыбында кең түрде сөз еткенбіз. 

5. Амалдардың кейбірінде мұқият, кейбірін селқос қарайтын сопылар.

Кейбір сопылар бар, азық мәселесінде өте мұқияттылық танытады. Таза халалдан басқа еш нәрсені алмайды. Алайда, оның мұқияттылығы осымен ғана шектеліп, жүректері мен дене мүшелерін түзетуді ұмыт қалдырады. 

Олардың кейбіреулері ішіп-жемінің, киген киімінің, тапқан табысының халал болуына өте қатты мән беретіндігі соншалықты, халал мәселесіне терең бойлайды. Бірақ, Алла Тағаланың пенделерінен бүкіл тағат-ғибадаттарын осылай кемелдігіне жеткізіп орындауларын талап ететіндігін білмейді. Ал, Алланың бұйырған істерінің кейбірін істеп, кейбірін істемеген адам - нағыз алданған адам. 

6. Елді алдап, дүние жинайтын сопылар.

Кейбір сопылар тобы бар, өздерін көркем мінезді, кішіпейіл, жомарт екендіктеріне сендіргісі келеді. Сопылық жолындағыларға қызмет етемін дейді. Сол мақсатта, бір топ құрып, соларға қызмет етуді өз мойнына алады. Алайда, мұны ол дүние жиятын тұзақ қылып алған. Ниеті - қалталарын қалыңдатып, дүниелерін одан әрі арттыру. Сырт көзге кішіпейілдік пен қызмет ету ісін өзіне қалқан қылып алып, бірақ негізгі мақсаты - көтерілу және адамдарды өзінің соңынан ерту.

Бұндайлар ниеттерінің - сопылық жолына түскендерге қызмет жасау екендіктерін айтады, алайда шын мәнісіне келгенде, мақсаты - ілесушілерінің қатары көбейсін, аты елге жайылсын, атағы шықсын деу, осы мақсатта харам және күмәнді табыстарды жұмсаудан тартынбайды.

Олар арасында патшалардан мал-дүние алып, оны қол астындағыларға жұмсайтындар бар. Кейбіреулері сұлтандар мен залымдардың берген мал-дүниелерін алып, ол дүниені сопылық жолындағылардың қажылыққа барып, келулері үшін қолданады. Мұндағы мақсатын ізгі іс істеу және құдай жолында мал сарп қылу деп түсіндіреді. Алайда мұның бәріне итермелейтін негізгі күш - ішіндегі риякерлік пен мансапқұмарлық сезімі. Олардың Құдай Тағаланың барлық тыйымдарын бір шетке ысырып қойып, (залым, патшалардың) харам ақшаларын алулары соны көрсетеді. Мұндай сопылардың қажылық жолына харам ақша жұмсауларының мысалы - бір мешіт тұрғызып, бірақ қабырғаларын боқпен сылап қойып, кейін соны «мешіт тұрғызу» деп ойлайтын адамға ұқсайды1

(Жалғасы бар...)


1Имам Ғазали: «Кәшф уәт Тәбиин».

3 пікір
  • сіз имам ғазали жәйлі түсінбейді екенсіз, ол кісінің өмір баянын көріңіз, имам ғазали жас кезінде 37 жасына дейін сопылыққа сын көзғараста болған, бірақ 37 кейін ол өзгеріп, 10 жыл жоғалып кетіп, сопы болған, дамашықта пірі болған, әулие пірі, өзіе әулиелікке жеткен сол кезде, сол кезде керемет еңбек жазған, сопылық зікір жасайтын дерга ашқан, 37 жастан бастап өлгенге дейін сопы болған, сонда екі түрлі ғазали бар, сіз сопы ғазалидың еңбегін жазыңыз, себебі ол бұрын көп қателігін мойындап, сопы болп кеткен, ол кісі 1097 жылы сопылық жолға түскен, одан бұрынғы еңбегі қажетсіз, 1100 ден кейінгі еңбегін әулилелер илхаммен жазған, соны ізденіп көріңіз,
    10 ай бұрын
    • Имам Ғазали Исламдағы дұрыс сопылықтың өкілі. Ғұлама. Фақиһ. Кәләмшы. Ойшыл. Ол мұнда жалған өтірік сопыларды сынап жазуда. Шынайы сопылықтың шыңына жеткен адам ретінде ол кейбір сопылардың алданып жүргенін жазған. Бұл жерде тәубе ететін еш сөзі жоқ. Сосын Имам Ғазалидің тәубе етті деген өтірік әңгіме. Көп қателігі болған деген де жалған әңгіме. Ол рас, соңғы өмірінде сопылық жолына тереңдейді, сөйтіп ғылымның ішінен Исламдағы сопылық ілімінің артықшылығын айтады, өйткені сопылық алған ілімімен амал етуге көмек береді. Бірақ ол барлық ғылымын және кітаптарын жойды деген сөз емес. Оның жалған сопыларды сынап жазған жазбалары ихиясында да кездеседі. Имам Ғазали біраз жазбасында шынайы сопылық пен жалған сопылықты ажыратып береді. Бір тек ол емес, Имам Раббани де жалған, бидғатшы сопыларды сынап жазған. Бүгінде де шынайы сопылар кемде кем. Көбісі сыртқы формасында сопы, ал ішкі жан дүниесінде сопы емес. Имам Ғазали сырты ғана емес, іші де сопы болуы керек деп айтуда. Сопылық деген не? Соны дұрыс ұғыңдар дейді.
      10 ай бұрын