Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиетінің түсіндірмесі: Алла тағала қаламға: «Жаз!» - деп әмір етті... (әл-Уәсия, 10-Ереже)
Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиетінің түсіндірмесі: Алла тағала қаламға: «Жаз!» - деп әмір етті... (әл-Уәсия, 10-Ереже)
9 жыл бұрын 18145 thenextweb.com/
Абдусамат Қасым

Бисмиллаһир рахманир рахим

әл-Уасия, ОНЫНШЫ ЕРЕЖЕ: 
Алла тағала қаламға: «Жаз!» - деп әмір етті

Имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла оны рахымына бөлесін) былай дейді:

  • «Біздің сеніміз бойынша, Алла тағала қаламға «жаз» - деп әмір етті. Қалам: «Уа, Раббым! Нені жазайын?», - деп сұрады. Алла тағала: «Қиямет күнге дейін не болатынын жаз», - деді. Бұған Алла тағаланың мына сөзі дәлел: «Олардың істеген әрбір істері Кітапта (Зубурде) жазылған.  Үлкен-кіші әр нәрсе жазулы» ("Қамар" сүресі, 52-53 аят)[1].

Түсіндірме:

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бірнеше хадистерінде әуел баста «қалам» жаратылғандығын және Алла тағала оған «жаз» деп бұйырғандығын, осылайша қияметке дейін болатын дүниелердің бәрі «лаухул махфуз» деп аталатын тағдыр тақтайшасына жазулы екендігін айтқан.

Атап айтсақ, Хадис ғалымы Имам Тирмизидің (мил. 824-892 ж.) хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта сахаба Ъибада ибн Самит (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) былай дегенін жеткізеді:

«Алла тағаланың алғашқы жаратқан нәрсесі – қалам. Алла оған: «Жаз», - деп айтты. Қалам: «Нені жазайын?» - деп сұрады. Сонда Алла Тағала оған: «Тағдырды жаз: өмірдің соңына дейін болғанды және болатынды жаз (немесе не болатынын  және мәңгі бар нәрселерді жаз)», - деп бұйырды»[2].  

Ғұлама Табаранидің хадистер жинағында келтірілген тағы бір риуаятта сахаба Абдулла ибн Аббас мынадай хадис айтады:

«Алла тағаланың алғаш рет жаратқан нәрсесі ол – қалам еді. Алла оған «жаз», - деді. Қалам қияметке дейін болатын дүниелерді жазды.»[3]

Бұнымен қатар, Құранда Жаратушы Иеміз :

 ن ۚ وَالْقَلَمِ وَمَا يَسْطُرُونَ ﴿١

«Нун (сия саут) және қаламға әрі оның жазған нәрселеріне ант етемін..», - дейді.[4]

 

Құрметті оқырман, Алланың білгіштігінде шек жоқ. Болғанды да, болатынды да, көрнеуді де, көместі де біледі. Әхли сүннет сенімі бойынша, Жаратушы Иеміз қияметке дейін болатын дүниелердің бәрін егжей-тегжейімен «Лаухул Махфуз» деп аталатын тағдыр тақтайшасына жазып қойған[5]. Өйткені, Алла тағала Құранның бірнеше аяттарында ол жайында басып айтады. Мысалы, Ясин сүресінде былай дейді:

 وَكُلَّ شَيْءٍ أحْصَيْنَاهُ فِي إِمَامٍ مُبِينٍ

«...Біз барлық нәрсені айқын дәптерге (лаухул махфузға) жазып қойғанбыз»[6].

Тағы бір аятта:

مَا أَصَابَ مِن مُّصِيبَةٍ فِي الْأَرْضِ وَلَا فِي أَنفُسِكُمْ إِلَّا فِي كِتَابٍ مِّن قَبْلِ أَن نَّبْرَأَهَا ۚ إِنَّ ذَٰلِكَ عَلَى اللَّهِ يَسِير﴿٢٢﴾

«Жер жүзіндегі бәлекеттер де және сендердің өздеріңнің бастарыңа түсетін сор да, Біздің оларды жаратуымыздан бұрын бір Кітапта жазылып қойған. Құдай үшін ол нәрсе оп-оңай екені анық», - делінген[7]. 

Сондай-ақ, сахабаның көзін көрген табиғин ғалым Әбу Мухаммад Ъата ибн Әби Рабахтан бір кісі:  

- Уа, Әбу Мухаммад! Басрада тағдыр жайында айтып жүргендер бар», - деп сол заманда тағдырды жоққа шығарушы кейбір теріс пікірді мұсылмандар жайында сөз қозғайды. Бұны естіген ғалым оған:

- Сен өзі Құран оқисың ба? – деп сұрайды. Әлгі адам оқитындығын айтады. Сонда Ъата ибн Әби Рабах оған: «Зухруф сүресін оқышы», - дейді. Әлгі кісі Зухруф сүресінің алғашқы төрт аятын оқиды: «(1) Ха Мим.(2) Осы айқын кітаптың өзімен ант етейін,(3) сендер түсінсін деп Біз оны араб тіліндегі Құран еттік.(4) Бұл, шынында да, өз тарапымыздағы "негізгі кітапта" орналасқан. Мәртебесі биік, қасиетті кітап».

 Осы аятты тыңдап тұрған ғалым одан:

- «Аяттағы «Негізгі кітап» (үммул китаб) не екендігін білесің бе?» - деп сұрайды. Әлгі адам:

- Жоқ білмеймін, - деп жауап береді. 

- Шынында, ол - Алла тағаланың көк пен жерді жаратпай тұрып әр нәрсені жазып қойған кітабы. Ол кітапта перғауынның тозаққа түсетіні, Әбу Ләһәбтың қасіретке ұшырайтыны да жазылған (تَبَّتْ يَدَا أَبِي لَهَبٍ وَتَبَّ)...» - деді[8].

Аталмыш құбылысты, былайша түсіндіруге болады. Бір адам өзіне айтылған насихатқа құлақ асып, дін жолына бет бұрудың дұрыс екендігін ақылымен ұғып, өз еркіндігімен Исламның бұйрықтарын орындап жүр делік.  Енді, оның осылай болатынын Алла тағала алдын ала әзәлден білген. «Мынадай уақытта пәленшенің насихатына құлақ асып, ақылымен дұрыс екендігін ұғынып, өз еркіндігімен Ислам жолына түседі» деп солай болатындығын лаухул махфузға жазып қойған.   

Айта кету керек, Алла тағала әрбір пенденің тағдырын жазғанда «діндар болсын» немесе «кәпір болсын» яки «ішкіш болсын» деп үкім беріп емес, «пәленше өз таңдауымен, ақылымен дін жолын таңдайды. Ал түгенше өз таңдауы бойынша, күпірлікті таңдап, күнәлі жолға өз ықтиярымен түседі» деген сияқты себептерін сипаттай отырып жазып қойған. Әуелгісінде мәжбүрлік бар. Ал, Алла тағала пендесін мәжбүр етпейді.

Әбу ханифа (р.а.) бұл мәселені «әл-Фиқһул Әкбәр» атты басқа бір кітабында былайша түсіндіреді:

«Осы дүниеде және ақіретте болатын жағдайлардың барлығы Алланың қалауымен жүзеге асып, оның білуімен (пайда болады). Жазмыш пен тағдырға (сай жаратылып) және Лаухул махфузға (алдын ала) жазып қояды. Лаухул махфузға «болсын» деп емес (үкім етіп емес), сипаттамасын жазады (қалай және не себепті болатыны жазылады. Яғни, былай болсын деп емес, былай болады, мынандай себептер арқылы болады дегенді білдіреді)»[9]. 

Сөзімізді қорытындылайтын болсақ, алғаш рет жаратылған «қаламның» түр-сипаты, көлемі т.б. ерекшеліктері қандай екенін дөп басып айту қиын[10]. Өйткені, құдіреті күшті Жасаған Алла, ол жайында, өзінің теңдесіз қасиетті кітабында ашып айтпаған. Және ардақты Пайғамбарымыздың да «сахих» хадистерінен оның сипаттамасы төңірегінде нақты мәлімет кездестіре алмадық. Қандай болғанда да, оған сенеміз, иман етеміз. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

Имам Ағзамның бұдан алдыңғы айтқан ережелерін оқығыңыз келсе, мына сілтемеге кіріңіз: http://islam.kz/kk/articles/aqida/ 

[1] Имам Ағзам Әбу Ханифа, Әл-Уасия. (Және оның түсіндірмесін жасаған Хижри 786 жылы дүниеден өткен Ханафи ғалымы Мухаммед әл-Бәбиртиидің шархы).
[2] Тирмизи (Сахих). №2081;  3262; т.б. Әбу Дауід - №4080; Ахмад ибн Ханбал – муснадул Ансар №22096 хадис.; әл-Байхақи - №19223 хадис.; әл-Хаким  - Мустадрак: Тафсиру Суратил Нун уәл Қалам. №3768 хадис.
[3] Ибн Жәрир ат-Табари – Тарихут табари. (Сахих)
[4] Қалам сүресі, 1-аят.
[5] Ъақидатут Тахауия: Нү’мину бил Лаухи уәл Қаләми уә Жамиъи Мә фиһи қад руқим...
[6] Ясин сүресі, 12-аят.
[7] Хадид сүресі, 22-аят.
[8] Тирмизи (Сахих). №2081; 
[9] Ахмад ибн Мухаммад әл-Муғнисәуи әл-Ханафи – Шархул Фиқһил Әкбәр.
[10] Кейбір хадистерде, оның көлемі, түрі сипатталған. 

0 пікір