Сатып алынған затқа бір жыл кепілдік (гарантия) беріп жатады, оның діни тұрғыда ағаттығы бар ма?
Сатып алынған затқа бір жыл кепілдік (гарантия) беріп жатады, оның діни тұрғыда ағаттығы бар ма?
3 жыл бұрын 3663

Ассаламуғалейкум! Менің сұрағым келесідегідей: Исламда кепілдік беру дұрыс па (гарантия)? Мысалы, телефон сатып алғанда 1 жыл гарантия береді. Соны пайдалануға бола ма? Сәкен.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сауда орталықтарында сатылар затқа белгілі мерзімге дейін кепілдік беру құқы қарастырылған. Осы кепілдікке сай сатқан затының ақаулы екендігі анықталса, сауда орны ол тауарды басқасына ауыстырып беру міндетін өз мойнына алады.

Мұндай кепілдіктің діни тұрғыда ағаттығы жоқ. Ондай кепілдікті пайдалануға болады.

Бірақ, мысалы, телефон сатып алар кезде өндірістік ақаулық үшін берілер кепілдікпен қатар, белгілі ақыға қосымша сақтандыруды да ұсынып жатады. Немесе өндірістік ақаулықтарға жатпайтын ақаулықтар туындай қалған жағдайда, телефон жөндеу сервисіне тегін жүгіну мүмкіндігін беретін ақылы келісімге отыру ұсынысы да бар. Бұлар – ұзақ ықтималдылыққа сүйенетіндіктен, бұларды пайдалану діни тұрғыда құпталмайды деуге болады.

Өйткені, мәселен, сатып алған телефоныңыздың ұрланары не ұрланбасы белгісіз. Не болмаса, телефоныңыз бұзылып қаларына да нақтылық жоқ. Бұзып алған күннің өзінде, жөндеу жұмысы сіз алдын ала берген сомаға тұрарлық іс па, жоқ па? - ол да беймәлім нәрсе. Осы жөнінен қарағанда, бұл шара - діндегі «ғарар» түсінігі аясына кіреді. Ғарарды Пайғамбарымыз (с.а.у.) тыйған.

Сондықтан да, тауарға берілер кепілдікті пайдалануға болады, ал оған қосымша ұсынылар ақылы сақтандыру мен ақылы кепілдікті пайдалануға болмайды. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

Абдусамат Қасым