Мемлекеттік субсидия алуға бола ма?
Мемлекеттік субсидия алуға бола ма?
6 жыл бұрын 9055

Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Мемлекеттен шаруашылыққа субсидия алуға бола ма?  Мұрат

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жалпы алғанда мемлекеттік субсидияға қатысты ғұламалар арасында екі ұдай пікір бар деуге болады. Бір топ ғұламалар мемлекет тарапынан берілетін субсидияны өсімге қарыз берумен тең санап, оған жүгінуге үзілді-кесілді қарсы.

Екінші топ ғалымдар аталмыш жүйенің түпкі мән-мағынасына үңіле отырып: "ондағы басты мақсат - халықтан пайда көру емес, керісінше қолдау көрсетіп, орта және шағын бизнес ошақтарының көптеп ашылуына жағдай жасау. Ал, ондағы артық төлем болса, ол - инфляция денгейінде не одан төмен болған жағдайда, өсімге жатпайды" - деген тұжырым көлденең тартқан.  

Біздің елдегі ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға берілетін субсидиялар шындап келгенде, екінші деңгейлі коммерциялық банктерден алынған несиенің үстеме пайызын бөліп төлеу болып табылады. Мәселен, сіз жылына 14 пайыздық ставкамен несие алдыңыз делік. Оның жеті пайызын өзіңіз төлейсіз де, қалған жартысын мемлекет тегін өтеп береді. Бұл «пайыздық мөлшерлемені субсидиялау» деп аталады. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік субсидия дегеніміз, ортақтасып несие алуға көбірек ұқсас.

Айтылғандарды қорытындылай келе, екінші топ ғалымдардың пікірін арқау ете отырып, қолдың қысқалығы және қалтаның жұқалығы себепті амалдың жоқтығынан аталмыш жүйеге жүгінем деушілерді жазғыруға болмас. Дегенмен, өсім (риба) күмәні болғандықтан бірінші топ ғұламалардың тұжырымын негізге алу тақуалыққа жақынырақ деген ойдамын.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!  

Абдусамат Қасым