«Кредиттік карта» арқылы берілген несиені 55 күн ішінде қайтарып үлгерсе, пайыз қосылмайды екен. Пайдалануға бола ма?
«Кредиттік карта» арқылы берілген несиені 55 күн ішінде қайтарып үлгерсе, пайыз қосылмайды екен. Пайдалануға бола ма?
6 жыл бұрын 5733

Ассаләмуғалейкум! Менің қояр сұрағым: банктен берілетін «кредит картасын» қолдануға бола ма? Ол карта арқылы қолданған соманы 55 күн ішінде қайтарсаң, үстінен ешқандай пайыз қосылмайды. Сол себепті, 55 күнге жеткізбей алған соманы қайтарып жүрмін. Бірақ, соның өзінде харам деп естідім. Осыны тарқатып айтып берсеңіздер! Рақмет. Еркебұлан

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманындағы арабтар берген қарызының уақыты келгенде борышкерге: «Қарызыңды қайтар немесе үстіне ақша қос», - деп талап қоятын. Осылайша, уақытын создырғаны үшін артық төлем алатын болған. Сіз сұрап отырған несиенің түрі де осыған ұқсас. Оның үстіне, кредиттік картасы өсімге ақша беру жүйесіне негізделгендіктен, Ислам ғалымдарының көпшілігі (бірлі-жарымын айтпағанда) картаның бұл түрін харам деп есептейді. Сол себепті, аталмыш карта түрін пайдаланбаған дұрыс.

Естеріңізге сала кетсек, төлем карталары «дебеттік» және «кредиттік» болып бөлінеді (үшіншісін де айтар болсақ: дебет-кредиттік картасы). Дебеттік картасында несиеге ақша берілмей, тек өзінің еңгізген сомасын ғана пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Ал, кредиттік/несиелік картасында банктың берген қарыз сомасының мөлшерінде төлемдерді жүзеге асыруға немесе ақша алуға мүмкіндік бар. Бірақ, алынған несие, мерзімді уақыт ішінде (50-55 күн) қайтарылуы тиіс. Бұл уақыттан кешіктірсе, алған несиені үстеме пайызбен өтеу керек болады. 

Абдусамат Қасым