Кредитке жұмыстан справка жазып берсем күнә ма?
Кредитке жұмыстан справка жазып берсем күнә ма?
10 жыл бұрын 6539

Әссәләмуғалейкум! Жауабыңызға рахмет. Жұмысшылар жалақы туралы және жұмыс істейді деген справка сұрап келеді кредит алу үшін. Бухгалтерия мен отдел кадр жасап жібереді әлгі справканы. Мен шығарып қол қойдырып беремін жергілікті бастыққа. Кейде справкаларды өзім дайындаймын. Жұмыс орнынан заңды түрде берілуі тиіс. Бірақ харамға делдал болып отырмын ғой бір жағынан. Бұл да маған күнә мә? Егер күнә болса, басқа жұмыс тапқанша істей тұруға бола ма? Рахмет. Алла разы болсын! Гүлім Жармұхамбетова.

Уағалейкумсәләм ! Құрметті Гүлім, шариғатта «ъумумуль бәлуә» деген түсінік бар. Оның мағынасы: «Бойын аулақ ұстау қиынға соғатындай дәрежеде бір мәселенің қоғамда кең етек алуы».  Мұндай кезде дініміз кеңшілік етеді. Шариғатта харам боп саналатын «өсім жеу» жүйесі қазіргі таңда кең етек алған індет. Оның батпағына лайланбаған адам кемде-кем. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтпақшы «тікелей өсім жемесе де, оның тозаңына қақалмаған адам жоқ шығар»[1].

Осыған орай айтарымыз: Сіздің істеген ісіңіз негізінен алсақ адал іс. Ал кредит алады екен деп жұмыстан справка жазып бермеу немесе соған қол қоймай қою сіздің құзырыңыздағы дүние емес. Оның үстіне әлгіндей справканың өзін алып қарағанда онда тек әлдекімнің жұмыста істеген уақыты әрі зейнетақы шотындағы сомасы жазулы. Әлдекімнің оны алып кредит алуы өзіне күнә. Сондықтан ол қызметіңізде күнә да, күнәға ортақтасу да жоқ деген пікірдеміз. Ең дұрысы Аллаға мәлім!

[1] Әбу Дәуід, Китабул буйюғ; Ибн Мәжә.

Абдусамат Қасым