FOREX саудасымен айналысуға бола ма?
FOREX саудасымен айналысуға бола ма?
3 жыл бұрын 785

Салеметсіздер ме? Форекс саудасы, яғни валюталық сауда, трейдерлердің жұмысы, олардың табысы халал табысқа жата ма? Балхия.

Сәлеметсіз бе, Балхия!FOREX нарығы — бұл халықаралық валюта нарығы. Яғни, әлемдік валюта бағамдарын (еуро, доллар, жапон иені, швейцар франкі т.б) сату. Басқаша айтқанда, форекс нарығы – келешекте қымбаттауы мүмкін деген болжаммен бір валютаны сатып алып, уақыты келгенде қайта сату болып табылады. Шариғатта осыған ұқсас «сарф»[1] деген атпен белгілі валюта айырбастау саудасы бар. Бірақ, форекс нарығының сарфқа келіңкіремейтін тұсы көп. Әуелі, қысқа әрі қарапайым түрде форекс нарық түрінің қалай өрбитініне тоқтала кетелік. Форекс нарығында трейдерлер, яғни осы саудамен айналысатын кісілер әуелі брокерлер (арадағы делдал) арқылы есепшот ашып, оған белгілі соммада ақша салады. Бұл ақша – трейдердің саудасы сәтсіз болған жағдайда брокердің келісілген ақысын жоғалтпаудың кепілі. Өйткені, әлемнің алпауыт валюталық нарығына қатыса алу үшін аталмыш брокер трейдерге «бонус» ретінде көп мөлшерде электрондық несие береді (кредитное плечо). Осы кредиттің көмегімен трейдер қомақты соммадағы валюта айырбасын жасай алады. Бұл дегеніміз, қаншалықты үлкен соммада келісім жасалған болса, бонус беруші брокердің де трейдерден алатын үлесі соншалықты көбеймек. Ал трейдердің болжамы дөп келмей қалған жағдайда, брокер оның есепшотындағы ақшадан бәрібір белгіленген пайызын алады. 

Енді шариғаттың шеңберіне салатын болсақ:

Біріншіден, бұл нарықта трейдердің болжамы дұрыс келсе, олжаға кенеледі, қия басса, шығынға ұшырайды. Яғни, болжамның арты бұлыңғыр. Мұны шариғатта «ғарар» (нәтижесі белгісіз) дейді. Ал «ғарарға» шариғат тыйым салған[2].

Екіншіден, брокер берген несиесі үшін (бонус) түскен пайдадан белгілі мөлшерде трейдерден үлесін алады. Ал, дінімізде «Қарыз беруші берген қарызынан пайда көретін болса, бұл – өсім» делінген.

Үшіншіден,  шариғат бойынша екі түрлі валютаны айырбас жасарда ескеретін ең басты мәселе – «қолма-қолдық» принципі. Яғни, айырбас араға уақыт салмай, қолма-қол жасалуы керек. Ал форекс нарығында бұл принцип ескерілмеген. Осы мәселелерді назарға ала отырып айтарымыз, шариғат қолдамайтын бұл сауда түрімен айналыспаған дұрыс.

[1] Зухайли, әл-Уажиз филь фиқһиль Исләми – 2/91-92 беттер.
[2] Дәрими сүнәні, Китабуль Буюғ – 2554 хадис.

Абдусамат Қасым