Досымның несиеден алған ақшасынан қарыз алсам күнә ма?
Досымның несиеден алған ақшасынан қарыз алсам күнә ма?
2 жыл бұрын 2416

Әссәләмуғалейкум! Досым жақында банктен кредит алып, сол алған кредитінен маған қарыз бермекші. Сұрайын дегенім: Оның алған кредитінен қарыз алсам бола ма? Аслан

Уағалейкум әссәләм, Аслан! Кейбір фиқһ мамандары сіздің сұрағыңызға былай деп жауап берген:

  • «Әлдекім өз иелігіндегі харам дүниесін берген болса, оны алу – күнә емес, өйткені, қағида бойынша: Харам - екі борыштарлыққа өтпейді делінген[1]. Әйтсе де, одан алмағаныңыз абзал. Және мынаны ұмытпау керек: Осы мақсатта (сізге қарыз беруі үшін) досыңызды несие алуға итермелеуден аулақ болыңыз. Ол - күнә».  [Кувейт еліндегі пәтуә шығару ұйымының мүшесі профессор, доктор Ахмад Хаджи әл-Курди.].

ЕСКЕРТУ: Ертеректе Ханафи ғалымдары жоғарыда айтып өткен қағиданы (Харам - екі борыштарлыққа өтпейді) түсіндіру барысында мына нәрсені ескертіп өтеді: «Бұл қағида - ақшаның харам жолмен келгенін білмейтін кісіге қатысты. Ал, мысалы, кімде-кім, салық жинаушының жиналған салықтан жымқырып беріп отырғанын білген болса, одан алуы – харам...»[2]. Осы ескертуге сәйкес жоғарыдағы ғалымның сөзіне қосымша мынаны айта кетелік, ең абзалы - аса қажетсініп тұрған болсаңыз ғана досыңыздың несиеден алған ақшасынан қарыз алыңыз. Аса қажеттілік болмаса, алмаған жақсы. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!   


[1] الحرام لا يتعدى الذمتين – әлдебіреудің харам табысының күнәсі, екінші адамға өтпейді.
[2] Ибн Ғабидин - Раддул Мухтар: Китабул Хазр уәл Ибәха, бәбул Истибра... 9/553 бет.

Абдусамат Қасым