Букмекерлік кеңсеге ақша тігуге бола ма?
Букмекерлік кеңсеге ақша тігуге бола ма?
3 жыл бұрын 851

Ассаламуғалейкум! 
Букмекерлік кеңселер арқылы футбол, теннис секілді ойындарға  ақша тігуге бола ма? Мұндағы жүйе былай: сен футбол ойнайтын екі команданың қайсы ұтатынын айтып, соған ақша тігесің. Егер айтқаның дәл келіп, болысқан командаң жеңіске жететін болса, тіккен ақшаңның сомасына қарай үлесіңді аласың. Бұдан да күрделендіре беруге болады. Яғни, қандай есеппен жеңіске жететінін, кім гол салатынын, нешінші минутында есеп ашатынын дөп басып айта алсақ, тиетін ақша да өсе береді. Міне, осындай жүйеде ұтатын ақша халал ма? Абдулла. 

Абдулла мырза, екі жақтан ақша тігіп ойнайтын ойын шариғатта харам.  Алла Тағала Құран Кәрімде: «Арақ, құмар ойнау арқылы шайтан сендердің араларыңа дұшпандық-ғадауат тудырады, сендердің намаз оқуларыңа кедергі жасамақ болады. Тәңірді естеріңнен шығаруға тырысады. Арақ пен құмар ойнаудан сонда да безбейсіңдер ме?»[1] , – дей отырып арақ пен құмардың қоғамға, соның ішінде жеке басқа қаншалықты зиян екеніне назар аудартады.  Сондықтан, мұсылман мұндай қатерлі де зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауы тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Кімде кім досына: «Кел құмар ойнайық» десе, (осы сөзі үшін) садақа берсін»[2], – дей отырып, құмар ойнаудың үлкен күнә екенін меңзейді. 
Ендеше букмекерлік кеңселерге барып ақша тігу шариғатта дұрыс емес. 

[1] Маида сүресі – 91 аят.
[2] Фатхуль Бари, Исти-зан Баб: Куллу Ләһуин Батыл - 5942

Абдусамат Қасым