Банкке компьютерлік программа сатсам күнә ма?
Банкке компьютерлік программа сатсам күнә ма?
2 жыл бұрын 1967

Ассалаумағалейкум! Менің кәсібім – программист. Арнайы компьютерлік программалар жасаймын. Кей кездері маған ломбардтан тапсырыс келіп түседі. Сіздерден сұрайын дегенім: Егер ломбардқа арнайы компьютерлік программа жасап берсем, маған күнә болады ма? Өсімнің күнә іс екенін білемін. Соның күнәсі да маған жазылады ма? Негізі ол программаны, өзге түрлі салаларда да қолдануға болады, 1С-программасына ұқсас. Нұржан Б.

Уағалейкумсалам! Қадірменді Нұржан, ертеректе Ханафи ғалымдары осыған ұқсас мәселелерге мынадай тұжырым білдірген:

«Кімде-кім, шарап жасаушыға жүзім шырынын сататын балса, онда оның ниетіне қараймыз: Ниеті тек сауда болса, онда харам емес. Егер ниеті шарап жасату болса, онда шырынды сатуы  харам. Әрнәрсе ниетке байланысты[1]... Өйткені, шырын шарапқа айналмай тұрып, тікелей ол (шырын) арқылы күнә жүзеге аспайды. Бірақ қару сатудың үкімі басқа: Қоғамда бүлік белең алып тұрған уақытта, біле тұра бүлік иелеріне қару сатуға болмайды. Себебі, қару арқылы адам тікелей қылмысқа бара алады. Ал, алушының бүлік иесі екенін білмесе, онда оған сатудың күнәсі жоқ...»[2].   

Осыған сүйене отырып айтарымыз, жалпы алғанда компьютер бағдарламаларын жасау, оларды сату – адал кәсіп. Сіз айтып отырған программалар көбіне бухгалтерлік есеп-қисап үшін қажет. Ол бағдарламалар тікелей "риба-өсімді" тудырмайды. Егер «Күнә мен дұшпандыққа өзара жәрдемдеспендер» деген аятқа қарап: «Ломбардқа, Банкке компьютерлік программаңызды сату – харам» дейтін болсақ, онда одан басқа да адал заттарды, (мысалы: компьютер, түрлі қағаздар т.б.) сатуға болмайды деуге тура келеді. Бұл – саудагерлердің жолын тарылтып, қиындыққа соғары анық. Ең дұрысы - Аллаға мәлім.

[1] Ибн Нужәйм: Әшбәһ уән Нәзәир –әл-Умуру бимақосидиһа -  1/97 бет.; Бұл Имам Ағзам Әбу Ханифаның пәтуасы. Оның екі шәкірті: мұсылман кісі біле тұра шарап жасаушыға, жүзім сығындысын сатуға болмайды» деген.
[2] Хидая: Китабул Кәраһә – бәбул баиъ.

Абдусамат Қасым