Әлеуметтік желілердегі ұтыстарға қатысуға бола ма?
Әлеуметтік желілердегі ұтыстарға қатысуға бола ма?
5 жыл бұрын 4429

Ассаламуғалейкум! Менде мынандай сұрақ бар еді. Әлеуметтік желілерден жеңіп алған заттар халал ма? Жеңіп алу үшін сол жарыс ұйымдастырып жатқан адамға тиркелу керек және репост жасау керек, болды. Ақша тікпейсіз.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Әлеуметтік желілердегі ұтыстарға қатысудың діни тұрғыда ең басты талабы – бастапқы жарнасыз болуы (взнос). Егер, ұтысқа қатысу үшін белгілі сомада ақша төлеу немесе ақша тігу шарты қойылған болса, онда ол құмар ойыны санатына жатады. Ондай ұтысқа қатысу күнә. 

Ал, сіздің жағдайда, қатысушы ақша тікпейді екен, тек тегін тіркеліп, бөлісу ғана. Олай болған болса, оған қатысудың діни тұрғыда ешқандай ағаттығы жоқ.

Және бүгінде әлеуметтік желі арқылы өзінің жеке автокөлігін лоторея арқылы сату тәсілі кең етек алуда. Онда билетті белгілі сомаға сатып аласыз. Кейін бағыңызға қарай ұтуыңыз да мүмкін, ұтпауыңыз да мүмкін. Ұтыстың бұл түрі шариғатта харам. Себебі, мұнда билет алушы ұтарын не ұтпасын нақты білмей, ықтималдыққа сүйеніп, аталмыш билетті сатып алып отыр. Егер ұтпаған жағдайда билетке салған ақшасы құрдан құр біреуге кетеді. Бұл да құмардың бір түрі. Шариғатта құмар деп, ұтарын не ұтпасын білмей ықтималдыққа сүйеніп ақша тігуді айтады.

Ал, билет ойнатушы тарап керісінше ешқандай шығын көрместен, өзгелердің есебінен қалтасын қалыңдатуда. Бұл - кісі ақысын жеудің бір түрі. 

Кейде қайырымдылық акциясы мақсатында лоторея ұтысын ұйымдастырып жататындар бар. Бұған да дініміз тыйым салады. Қайыр үшін болса да құмар ойынын ұйымдастыру және ондай шараға ақша тігіп қатысу күнә. Сауапты іске - харам жолмен барылмайды.  

Абдусамат Қасым