Төленетін салық зекет орнына жүре ме?
Төленетін салық зекет орнына жүре ме?
9 жыл бұрын 8004

Заң бойынша түскен табыстың белгілі  бір мөлшері мемлекетке салық ретінде төленеді. Осы салықты зекет ретінде есептесек бола ма? 

Зекет беру мен салық төлеуді бірдей көрмеу керек. Екеуі екі түрлі нәрсе екені белгілі. Зекет берудің салық төлеуден айырып тұратын өзіндік ерекшеліктері бар. Ол айырмашылықтарды былайша тізбектеуге болады:

1. Зекет беру - Аллаға деген құлшылықтың бір түрі. Оны «мали ғибадат» яғни, дүни-мүлікпен орындалатын ғибадат түрі дейміз. Ал, мемлекет тарапынан міндеттелген салық төлеу -  ғибадат емес. Ол әрбір салық төлеушінің азаматтық борышы.

2. Зекет беру үшін  ниет ету - шарт. Ал, салық зекет беру ниетімен жиналмайды.

3. Зекеттегі басты мақсат – тәмлик (меншік иесі ету). Бұл зекетке бөлінген дүниесін, өзінің меншігінен шығарып, мұқтаждардың иелігіне түбегейлі беруді білдіреді. Зекеттен түскен ақшаны мешіт, медресе т.б. қоғамға қажетті ғимараттарды тұрғызуға жұмсамайды. Себебі, мұнда белгілі бір мұқтаж жанның иелігіне тапсыру деген нәрсе жоқ. Ал салықтан түскен ақшалар қоғамға қажетті түрлі ғимараттарды салуға жұмсалады.

4. Зекет мұсылман мұқтаж жандарға беріледі. Бай кісілерге және мұсылман еместерге зекет берілмейді[1]. Салықтан түскен ақшалар  мемлекет тарапынан бай-кедей, мұсылман-мұсылман емес деместен түрлі жолдар арқылы әрбір тұрғынға таратылып отырады.   

Ендеше, мемлекетке төленетін салықты, зекет ретінде есептеуге болмайды.

Абдусамат Қасым