Шариғат бойынша, өлген кісінің қарызын кімдер өтеуі керек?
Шариғат бойынша, өлген кісінің қарызын кімдер өтеуі керек?
5 жыл бұрын 5229

Ассалаумағалейкүм! Күйеуі қайтыс болса, балалары жас болса, әйелі күйеуінің қарызын өтеуге міндетті ма, егер ағайын-туысы төлеуге мойындарына алмаса?  Жалпы шариғат бойынша өлген кісінің қарызын кімдер төлеуі керек? Рахмет. Ғани

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шариғат бойынша, мархұмның өтелмей қалған қарыздары артында қалдырған мұрасынан өтеледі. Қарыздары өтеліп болғаннан кейін, қалғаны мұрагерлерге таратылады.  

Егер, артында қалдырған мұрасы болмаса, туған-туыстарына, бала-шағасына қарызын өтеу шарт емес. Дегенмен, жақындары өз қаражаттарынан қарызын өтеп жатса, құба-құп. Ол бір шетінен - сауап, екіншіден - мархұмды ондай үлкен жауапкершіліктен құтқарған болады.

Кей ғұламалар төмендегі хадиске сүйеніп, артында мал-дүние қалдырмаған мархұмның қарыздары «бәйтуль мәәлден», яғни мемлекеттік қазынадан өтеледі деген. Хадисте былай делінеді: 

«Кімде-кім мойнында қарызы бола тұрып қайтыс болса және оны өтейтін еш нәрсе қалдырмаса, ол қарызды өтеу бізге міндет. Кім мал-дүние қалдырса, мұрагерлеріне тән»[1]. 

Осы орайда, мархұмның қарызын зекет ақшасынан өтеуге бола ма? - деген де сауал келіп жатады. Оған байланысты Ханафи ғалымдары "мархұмның қарызы зекеттен өтелмейді" деген[2]. Бұл - кей Ханбали ғалымдары мен Шафиғи ғалымдарының да тұжырымы. Мәлики мәзхабы ғалымдары болса "зекеттен өтеуге болады" дейді[3]. 


[1] Сахих Бухари.
[2] әл-Кәсәни: Бәдаиъу ас-Санаиъ.
[3] Мухтәсару Халил. 

Абдусамат Қасым