Ана құрсағындағы бала үшін де пітір беріле ме?
Ана құрсағындағы бала үшін де пітір беріле ме?
9 жыл бұрын 31727

Ассаламуғалейкум! Әйелімнің аяғы ауыр. Алла жазса, 5 айлық. Пітір садақаны бергенде сол іштегі шақалаққа да есептеп беремін бе? Сәкен.

Уағалейкум әссәләм, Сәкен!

Отағасы пітір садақаны өзі үшін және балиғатқа толмаған жас балалары үшін жеке-жеке есептеп береді. Бірақ, ана құрсағындағы балаға пітір садақа беруге міндеттелмейді[1]. 

«Сахих Бұхари» атты кітапта орын алған бір риуаятта Абдулла ибн Омар (р.а.) мынадай хадис жеткізген:

«Алла елшісі құрмадан бір саъ немесе арпадан бір саъ пітір садақасын әр бір мұсылман құл мен азатты үшін, әйел мен еркек үшін, үлкен мен кіші үшін беруді өлшеп бекітті. Және оны айт намазына шықпай тұрып беруді бұйырды», – делінген хадисте[2]. Аталмыш хадис-шәрифтегі «кіші үшін...» деген сөзі кәмілетке толмаған балаға қатысты айтылып отыр. Өйткені араб тілінде және өзге тілдерде «кішкене» немесе «жас бала» сөздері ана құрсағындағы шақалаққа емес, дүниеге келген, бірақ, әлі балиғатқа толмаған жас балаға қолданылады.

Демек, пітір садақасын құрсақтағы бала үшін беру шарт емес. Әйтсе де, оның да атынан пітір беремін деушілерге шариғи тыйым жоқ, ерікті амал.

Ескерту:
Осы тұрғыда айта кетелік, ана құрсағындағы бала Ораза айт күні (айттың бірінші күні) таң атпай тұрып, яғни, таң намазының уақыты кірмей тұрып дүниеге келсе, ол үшін де пітір есептеп беріледі. Айт күні таң атып кеткеннен кейін дүниеге келген жағдайда берілмейді[3]. Алла қабыл етсін! 

(Биылғы жылы (2020) елімізде пітір садақаның мөлшері адам басына 370 (үш жүз жетпіс) теңгеден деп белгіленді).


[1] Ибн Ғабидин: «РаддульМұхтар» – Садақатуль Фитр – 6/145 бет.
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»  –  №1432; (Бір «саъ» шамамен 2 кг 918 грамм).
[3] Ибн Ғабидин: «Раддуль Мұхтар» – Садақатуль Фитр – 6/164 бет.;  Алиюль Қари:  «Фатху бәбил Иная» -1/541 бет. 

Абдусамат Қасым