Тәһәжжүд намазын оқу үшін ұйықтау шарт па?
Тәһәжжүд намазын оқу үшін ұйықтау шарт па?
10 жыл бұрын 4037

Ассалаумағалейкум! Тәһәжжүд намазын оқу үшін ұйықтау шарт па? Ғарип.

Уағалейкумуссалам! «Тәһәжжүд» сөзінің бір мағынасы – қысқа ұйқыдан кейін ояну дегенді білдіреді. Демек, түннің бір уағында ұйқыдан оянып оқыған абзал. Деректерде келген бір риуаят бойынша Хажжәж ибн Омар деген сахаба былай дейді: «Түннің барлығын ояу өткізсе, тәһәжжүд оқыған болып саналады деп ойлайсыңдар ма?! Шынында тәһәжжүд – қысқа ұйқыдан кейінгі намаз, қысқа ұйқыдан кейінгі намаз, қысқа ұйқыдан кейінгі намаз!»[1].  

Сондай-ақ, Исра сүресіндегі тәһәжжүд намазы жайында айтылған аятты да тәпсіршілер «ұйқыдан кейін түннің бір уағында оқылатын намаз» деп түсіндірме берген[2].

Демек, аталмыш нәпіл намазын оқығысы келген кісі әуелі ұйықтап, кейін түннің бір уағында (таң намазы кіргенге дейінгі уақыт ішінде) оянып тәһәжжүд оқиды. 

[1] Тәфсируль Құртуби, Исра сүресі – 79 аят түсіндірмесі.
[2] Тәфсирут Табари; Тәфсируль Бәғәуи; Тәфсиру Ибни Кәсир, Исра сүресі – 79 аят түсіндірмесі.

Абдусамат Қасым