Зүл-хиджа айының алғашқы 10 күнінде орындалатын құлшылық түрлері
Зүл-хиджа айының алғашқы 10 күнінде орындалатын құлшылық түрлері
10 жыл бұрын 32121

Әссаламуғалейкум! Менің сұрағым: осы құрбан айттан бұрын ұсталатын он күндік ораза туралы естігенім бар. Осы қандай ораза? Және ол қыркүйек айының нешесінен басталады? Рахмет. Ержігіт.

Уағалейкумуссалам!

Құрметті Ержігіт, сіз сұрап отырған мәселе – Зүлхиджә айының алғашқы он күніне қатысты. Бұл айдың бастапқы он күні – берекелі күн. Оның ардақтылығын Алла тағаланың өзі Фәжр сүресінде ант ете отырып білдірген: «Рауандап атқан таңмен және (зүл-хижжәның айының) он түнімен ант етемін»[1]Осы он күнде мұсылман кісі мүмкіншілігі болса, ораза ұстап, көптеп құран мен нәпіл намаздар оқыған дұрыс. Мұқтаж жанға садақа беруді де ұмытпау керек. Өйткені хадисте айтылғандай бұл күндері жасалатын қандай да болмасын игі амал - Алланың қасында ең сүйкімді. Сүйікті Пайғамбарымыз да (с.а.у) өзінің асыл сөзінің бірінде: «Осы он күнде жасалған игі істен Аллаға сүйкімдірек игі іс жоқ, яғни (зүлхиджаның) он күні...»[2], – деген.

Енді, ораза ұстауға келер болсақ, Зүлхиджа айының алғашқы 9 күнінде нәпіл ораза ұстау сауапты. Алла Елшісінің зүлхиджа айының алғашқы тоғыз күнінде ораза ұстағандығы жайында хадистерде айтылады[3]. Сондай-ақ, басқа бір асыл сөзінде аталмыш күндері ұсталған бір күндік оразаның бір жылдық оразаға татиндығын тілге тиек еткен. Имам Тирмизидің хадистер жинағында орын алған бұл риуаятта былай делінеді: "Құлшылық жасалатын күндердің арасында Аллаға ең сүйіктісі - Зүл-хижжаның он күні. Сол күндердің әрбірінде ұсталған ораза - бір жылдық оразаға татиды. Ал, сол түндердің әрбірінде жасалған құлшылық - қадір түнінде жасалған құлшылыққа тең"[4]. 

Ал 10-ші күні ораза ұстауға болмайды. Өйткені бұл күн Құрбан айт күні. Құрбан айттың бірінші күні және одан кейінгі үш күн, яғни тәшриқ күндері ораза ұстаудан шариғат тыйяды (Зүлхиджә айының 10, 11, 12 және 13 күндері)[5]. Әбу Дәуідтің хадистер жинағындағы бір риуаятта Әзіреті Омар (р.а.) айт намазын құтпадан бұрын бастап, одан кейін былай деген екен: «Шынында Алла елшісі мына екі күні ораза ұстаудан тыйды (құрбан шалатын күн және Ораза айтының бірінші күні). Өйткені, Құрбан айт күні құрбанға шалған малдарыңның етін жейсіңдер. Ал, Ораза айт күні (бірінші күні) – ауыз ашасыңдар».

[1] Фәжр сүресі –1-2 аят.
[2] Әбу Дәуід, «Бәбу фи саумиль Ашар» – 2438-хадис.;  Ибн Мәжә – 1727.
[3] Әбу Дәуід, «Бәбу фи саумиль Ашар» – 2437-хадис.«Алла Елшісі зүл-хижжа айының тоғыз күнінде, ашура күнінде және әр айда үш күн, сондай-ақ,  айдың дүйсенбісі мен бейсенбісінде ораза үстайтын еді»
[4] Имам Тирмизи: Сүнән - №758 хадис.

[5]Тухфәтул Әхуәзи (Тирмизи шархы) – Китабус саум - №773 хадис түсіндірмесі.
Ораза ұстауға болмайтын күндер жайында білгіңіз келсе мына сілтемеден оқыңыз: http://islam.kz/kk/questions/qulshylyq/oraza/shauual-aiyndagy-6-kundik-orazany-3-kun-ait-bitkesin-ustaimyz-ba-203/ 

Абдусамат Қасым