Тәкбір-тәшриқ дұғасы қай күндері айтылатынын білесіз бе?
Тәкбір-тәшриқ дұғасы қай күндері айтылатынын білесіз бе?
2 жыл бұрын 6704

Тәкбір-тәшриқ деп арапа күні таң намазынан бастап, Құрбан айтының төртінші күні екінтіге дейінгі әр парыз намазының соңында  сәлем бергеннен кейін айтылатын дұғаны айтамыз (сүннет, үтір, нәпіл намаздардан кейін айтылмайды). Бұл дұғаны оқу – намаз оқуға міндетті әрбір жанға уәжіп. Өйткені, Құран Кәрімде: «Санаулы күндері (тәкбір тәшриқ күндері) Алланы зікір етіңдер»[1], – деп бұйырған.  Ал, санаулы күн деп Әзірет Әли арапа күнгі таң намазынан бастап, айттың төртінші күнгі екінті намазының соңын айтқан[2], бұл аралыққа 23 парыз намазы енеді. Осы пәтуаны арқау еткен Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммад[3]. Ханафи мәзһабында бекітілген пәтуа – екі имамдыкі[4].

Тәкбір-тәшриқ дұғасы мынадай:

  • «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә иләһа иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил хамд».

Бұрынғы қаза болған намаздарын «тәшриқ» күндері өтегісі келген кісі, қаза намазының соңынан тәкбір-тәшриқ дұғасын оқымайды. Ал, осы күндері намазын қаза етіп және оны осы күндері өтегісі келген кісі аталмыш дұғаны айтады. Басқа күндері өтейтін болса, ол дұғаны оқымайды[5].

«Тәшриқ» күндері деп зүлхижжа айының 11,12,13-күндерін, яғни айттың екінші, үшінші және төртінші күндерін айтамыз. Бұл күндерді  бұлай аталуының себебі, (тәшриқ) ертеректе осы күндері  сойылған құрбанның еттерін қажылар бұзылып кетпесін деп сүрлейтін болған. Сондықтан бұл күндерді тәшриқ – күнге кептіру күні деп атаған деседі.[6] Тағы бір деректе  «ташриқ – сыртқа шығару, көрсету деген мағынаға саятындықтан, мұндағы мағына тәкбір-тәшриқты дауыстап айтуды білдіреді» делінген.

Хайызды және нифасты әйелдерге намаз оқу міндет болмағандықтан, тәкбір тәшриқ дұғаны айтпайды.

[1] Бақара–203 аят.
[2] Бадаиғ –2/12 бет.
[3] Хидая – 1/214 бет.    Ал, Имам Ағзам Әбу Ханифа бойынша арапа күні таң намазынан бастап, айттың бірінші күні асыр намазының соңына дейін яғни 8 намаз уақыт соңында ғана айтылады. Сондай-ақ, бұл тек жамағатпен оқығанда ғана және муқим (жолаушы емес) кісілерге уәжіп. Ал, жолаушыға және намазды жалғыз оқушыға уәжіп емес деген. Бірақ егер жолаушы кісі муқим кісіге намазында ұйыған болса, онда ол да тәкбір-тәшриқты айтады
[4] Любаб – 1/118 бет
[5]Бадаиғ – 2/20 бет.
[6]Мусталахатуль Фиқһия

Абдусамат Қасым