Неге жылқы малы құрбандыққа шалынбайды?
Неге жылқы малы құрбандыққа шалынбайды?
3 жыл бұрын 10114
Әссәләмуғалейкум, айттарыңызбен! Сұрайын дегенім: неге осы құрбан айтта жылқы малы құрбандыққа шалынбайды? Толығырақ түсіндіріп өтсеңіз! Алла разы болсын. Жеңісбек Байтабынов.

Уағалейкумассалам! Жылқы малының құрбандыққа шалынбауының басты себебі – Алла тағаланың Құранда айтылған мына бұйрығы:

 وَلِكُلِّ أُمَّةٍ جَعَلْنَا مَنسَكًا لِّيَذْكُرُوا اسْمَ اللَّهِ عَلَىٰ مَا رَزَقَهُم مِّن بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ ۗ فَإِلَـٰهُكُمْ إِلَـٰهٌ وَاحِدٌ فَلَهُ أَسْلِمُوا ۗ وَبَشِّرِ الْمُخْبِتِينَِ

«Біз әрбір үмбет үшін, өздеріне берген жануарлардан: түйе, сиыр, қой және ешкіден, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Құдайларың - бір-ақ Құдай. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар! (Мұхаммед!) Ықыластыларды қуандыр»[1]

Осы аяттың арапша түпнұсқасында «бәһимәтул әнъам - بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ» сөз тіркесі ашық-айқын айтылған. Арапшада «бәһимә» сөзі жануар, мал деген мағынаны білдірсе, ондағы «әнъам» сөзі арапшада төрт мал түрін қамтиды. Олар: түйе, сиыр және қой, ешкі[2].  Бұл дегеніміз, аятта бекітілген малдардан өзге, жылқы, тауық, қаз, үйрек т.б. хайуандар құрбандыққа жарамсыз деген сөз. Мұнда мәзхаб ғұламалары арасында талас жоқ.  

Өйткені құрбандық шалу намаз, зекет іспетті, Аллаға құлшылық етудің бір түрі. Ал құлшылыққа қатысты үкімдер көбіне аят және хадиспен бекітіледі. Аятта білдірілген үкім егер ешбір болжамды керек еттірмейтіндей ашық-анық келген болса, бұлжытпай сөзбе-сөз орындалуы тиіс. Одан артық немесе кем ешкім үкім баян етуіне құқы жоқ. Жылқы малының құрбандыққа шалынбауының төркіні осында жатыр. Ең дұрысы – Аллаға мәлім.

[1] Хаж – 34 аят.
[2] Тәфсируль Бәғауи: суратуль хадж -34 аят тәпсірі.  

Абдусамат Қасым