«Арапа күнгі оразаны халыққа хабарласа, 80 жылдық ғибадат сауабы беріледі» деген хадистің бары рас па?
«Арапа күнгі оразаны халыққа хабарласа, 80 жылдық ғибадат сауабы беріледі» деген хадистің бары рас па?
6 жыл бұрын 11520

Әссәләмуғалейкум! «Кім де кім,  Арафада ( құрбан айттан 1 күн бұрын) ораза ұстаса, ол 2 жылдық ораза сауабын алады. Кім бұны адамдардың есіне салса 80 жылдық ғибадат сауабын алады» деген осы хадис рас па, өтірік пе? Рахат

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жалпы Құрбан айттан бір күн бұрын, «Арапа» күні ораза ұстаудың сауапты екендігі «сахих» хадистерде айтылған. «Сахих Мүслімде» риуаят етілген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «...Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәлардың кешірілуін Алладан үмітпен тілеймін...»[1], – деп, бұл күнгі оразаның маңыздылғын баса айтуда.

Ал, сіз сұрап отырған мәліметтің бірнеше түрін кездестіруге болады. Бірінде: «Кім «зүл хижжә» айының алғашқы он күнінде ораза ұстаса, екі жыл құлшылық еткенмен тең. Ал кім ол жайында адамдарға жеткізсе, 80 жыл құлшылық еткенмен тең» делінсе, екінші нұсқасында «Мұхаррам айының тоғызы мен оны күндері ораза ұстаса...» деп басталған. Ал, үшіншісінде «Зүл хижжа айының тоғызы күні, арапа күні...» деп келтірілген. Бұлардың ешқайсысы хадис емес. Негізі жоқ мәліметтер. Мұндай мәліметтерді «хадис» ретінде таратудан сақтанған дұрыс дейді дін мамандары.

Алла баршамызға тәуфиқ берсін!


[1] Сахих Муслим, Саум – 1162 хадис. 

Абдусамат Қасым