«Заманына қарай үкімі» деген бар емес пе? Аллергиясы бар адам мұрнына дәрі сепсе, оразасы бұзылмаса керек.
«Заманына қарай үкімі» деген бар емес пе? Аллергиясы бар адам мұрнына дәрі сепсе, оразасы бұзылмаса керек.
8 жыл бұрын 8285

Сұрақ:

Әссәләмуғалейкум! Ораза қабыл болсын! Сіздерге осындай бір мәселемен жазып отырмын: Ауылымыздағы имам аллергия болып, көзінен жас аққаны үшін тәтеме ауыз бекітуге болмайды деп айтыпты. Ол кісінің көзінен жас ағып, мұрыны бітеліп қазіргі сезонға аллергиясы басталды. Осы қаншалықты рас? Содан кейін мұрын мен көзге тамшы тамызып, спрей шашса бола ма? Алла разы болсын! Мадина Кашкенова

Сұрақ:

Əссəлəму ғалайкум уа рахматулла! Бұл мәселеде (мұрынға себу мәселесінде) ешқандай ихтилаф (әртүрлі пікір) жоқ па? Аллергияны басатын дəрі көзге тамызатын дəрі секілді, яғни одан ағза қуат алмайды ғой. Асқазанға да түспейді. Мөлшері бірер тапшы. Ол кеңістікте, ары кетсе жұтқыншаққа жетпей жарты жолда қалып қояды. Бұл - ғасырдың дерті. Уақыт, заман ағымына қарай кей үкімдер өзгермей ме екен? Айтпағым, аллергияны сылтаурату дейміз бе, желеу ету дейміз бе, қысқасы осының себебімен ораза ұстаудан бас тартып жатқандар баршылық. Бұл сұрақ бір кісідей мені де қатты мазалайды. Бәлкім, ораза ұстау арқылы Алла Тағала ол бауырларымызға шипасын берер. Аллергия белгілі бір тағам түрлерін қолдану арқылы да күшейетіндіктен, керісінше аузы ораза адамда ол əлсірейді деймін да. Қателесем бе?  Жазира Кеншібайқызы

Уағалейкум ассәләм уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Көзге тамызған дәрі ішке түспейтіндіктен оразаны бұзбайды. Ал, мұрынға тамызу мәселесі басқа. Алдын да айтып өткеніміздей*, мұрынның ішкі құрылысы ас өтетін өңешпен байланысы болғандықтан, оған тамызылған дәрінің ішке кетіп қалу қауіпі басым. Сондықтан да, ауыз берік кезде ішке кетіп қалуы мүмкін қандай да бір сұйық дәріні мұрынға тамызбаған дұрыс.

Әйтсе де, «спрей» сияқты препараттарды шашқанда дәрі кеңсірікте тұрақтап әрі қарай ішке кетпесе, оразаны бұзбайды. Өйткені, хадисте: «Оразаны ішке түскен нәрселер бұзады, сыртқа шыққан нәрселер емес», - делінген[1]. Оның үстіне Ханафи фиқһ кітаптарында да: «тамызылған дәрі ішке кетпей, мұрында тұрақтайтындай болса, оразаны бұзбайды», - делінеді[2].

Ендігі жерде «заман ағымына қарай кей үкімдер өзгермей ме екен?» деген сауалға да қысқаша жауап берер болсақ: Иә, заманға қарай кейбір үкімдер өзгеріске ұшырап, кейбірі жаңарып отырады. Фиқһта мынадай қағида бар: «Лә юнкәру тәғәйюруль Ахкәми, битәғайюриль Азмәни». Оның мағынасы: «Заманның өзгеруімен үкімдердің де өзгеретіндігі жоққа шығарылмайды».

Мұндай үкімдерге көбінесе жергілікті әдет-ғұрыпқа немесе өз заманындағы ғылыми және медициналық тұжырымдамаларға сүйене отырып шығарылған үкімдерді жатқызсақ болады. Ал, нақты аят пен хадистерге сүйенген үкімдер, ғұламалардың ижмасы мен қиясқа сүйенетін үкімдер көбіне өзгеріске ұшырамайды. Онда да, қай үкімнің өзгеріп, қайсысының өзгермейтіндігін анықтау - Ислам ғұламаларының үлесіндегі нәрсе. Оны кім көрінген анықтай алмайды. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

*Мұрынға дәрі тамызса, ораза бұзыла ма? http://islam.kz/kk/questions/qulshylyq/oraza/murynga-dari-tamyzsa-oraza-buzyla-ma-159/#gsc.tab=0 

[1] Имам Зайлағи: Насбур риуая, Китабус сиям. 15-хадис.
[2] Ибн Ғабидин: Раддуль мухтар – 6/285 бет.

Абдусамат Қасым