Тарауих намазының әр төрт рәкәғатынан кейін тәспих айту мәселесіне қатысты дәлел бар ма?
Тарауих намазының әр төрт рәкәғатынан кейін тәспих айту мәселесіне қатысты дәлел бар ма?
2 жыл бұрын 6568

Ассалаумағалейкум уа рохматуллаһи уа баракатуһ! Сізге қояр сұрағым:Тарауих намазының тасбихына қатысты ғалымдардың дəлелге келтіретін сөздері бар ма? Ербол.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Бәрімізге белгілі болғандай, тарауих намазының әрбір төрт рәкәғатынан соң бір мезет отырып, жамағат тәспих айтады. Бұлай істеу – мұстахаб, яғни, ұнамды саналады. Алайда, оның хадисте келмегендігін негізге алып, сәләфилер «бидғат» деп қарсы шығады.

Дәл бұлай істеу – Пайғамбарымыздың (ғалейһиссәләм) хадистерінде де, сахабалардың әдетінде де байқалмағандығы жасырын емес. Бірақ, табиғиндер заманында дәлірек айтқанда, бесінші рашид халифа Омар ибн Абдульазиздің (р.а.) халифалығы заманында Медине қаласының халқы тарауих намазын үтірден бөлек отыз алты рәкәғат етіп оқитын болған. Бұған қатысты сол дәуірдің атақты ғұламасы, Медине қаласының муфтиі Нафиғтың (р.а.) мынадай сөзі кітаптарда келтіріледі: «Мен адамдардың Рамазанда үшеуі үтір отыз тоғыз рәкәғат намаз оқығандықтарын көрдім», – дейді ғұлама. Яғни, о тұста жиырма рәкәғаттық тарауих намазының әр төрт рәкәғатынан кейін қосымша тағы төрт рәкәғат намаз оқу әдетке айналған етін. Бұл – Медине қаласындағы жағдай.

Ал, Мекке қаласының халқы болса, сол кезеңде тарауих намазының әр төрт рәкәғатынан кейін Қағбаны жеті рет айналып тауаф ететін. Соңғы төрт рәкәғатынан кейін тауаф етпей, бірден үтір намазын оқитын болған[1].

Енді қараңыз, табиғин дәуіріндегі Медине мен Мекке халқының бұл әрекеттері Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында да, сахабалардың заманында да жоқ еді. Сахабалардың заманында тарауих намазы 20 рәкәғат ретінде бекітіліп, оны мешітте жамағатпен оқу ұйғарылған тұғын. Ал, әр төрт рәкәғатынан кейін тауаф ету немесе тағы қосымша төрт рәкәғат намаз оқу қарастырылмаған еді. Бұлай жасау – табиғин кезінде пайда болды.

Ендеше, қазіргі таңда мұсылман елдеріндегі тарауих оқу барысында әр төрт рәкәғатынан кейін тәспих айту немесе кей елдердегідей салауат айту үрдісі - сонау табиғин заманынан бастау алады екен.

Ендігі жерде, сол дәуірдегі сахаба көрген ғұламалардың ешқайсысы қасиетті қос мекендегі ондай әдетке бидғат деп қарсы шықпаған. Егер, шын дінге теріс болатын болғанда халифа Әзіреті Омар ибн Абдульазиздің дәл көз алдында жасалып жатқан ағаттыққа тыйым салмай, көз жұма қарауы мүмкін бе еді? Нафиғ (р.а.) сынды сахаба көрген ғұламалардың қасиетті мешітте жасалып жатқан әлдебір ағаттыққа үндемеуі мүмкін бе еді? Мүмкін емес еді.  

Ал, әр төрт рәкәғатта Қағбаны тауаф ету әдеті – сол дәуірде бидғат болып саналмаған болса, біздегі әр төрт рәкәғатта таспих айту үрдісін қалайша бидғат дей аламыз?!

Зікір-тәспихат айту – діннің жалпылама тәлімі. Тарауих тәспихын айту да сол тәлімге сүйенеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің асыл сөздерінің бірінде: «Намаз –тәспихтан, тәкбірден және Құран аяттарын оқудан тұрады», – деген.


[1] Имам Нәуәи: «әл-Мәжмуъ Шархуль Мүһәззәб» – Салатут Тарауих. 

Абдусамат Қасым